ТҮНГІ РЕЙД: ТҮРКІСТАНДА ТЕКСЕРІС ҚАРҚЫНЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Түнгі рейдте де тексеріс күшейтілді! Себебі тәртіп сақшылары үшін нағыз жұмыс енді басталды. Түркістанның кіреберіс қақпалары мен күре жолдарында бүгін «еркін сайран салуға» жол жоқ! Қаланың күре тамырларында полицияның күшейтілген жасағы тұр. Мұнда көлік ағыны бәсеңдегенімен, тексеріс қарқыны керісінше күшейді.
Инспекторлардың көзінен ештеңе таса қалмайды. Құжаттың түгелдігі жіті тексеріледі! Негізгі назар — техникалық ақау мен жүргізушінің жауапкершілігінде. Белдік тақпағандар, жарық шамы жағылмаған көліктер мен ережеге атүсті қарайтындар үшін «кешірім» жоқ! Заңды білмегендер де жауаптан жалтармайды! Ереже бұзғандарға хаттама толтырылып, заңға сәйкес кейбірінің темір тұлпары айыптұраққа қойылды!
Әсіресе, «шетелдік нөмір таққандарға» ерекше назар аударылуда. Өзге елдің көлігін тізгіндеп, «маған заң жүрмейді» деп ойлайтындардың тауы шағылды. Тәртіп сақшылары заңның бәріне ортақ екенін түсіндірді! Құқықбұзушылық анықталды ма — жаза жалтартпайды.
Бұл жай ғана бір күндік науқан емес. Түркістан трассаларындағы бұл «темірдей тәртіп» алдағы үш күн бойы сақталады. Сондықтан жолға шыққан жүргізушіге айтарымыз: ережеге бағыныңыз, әйтпесе тәртіп сақшыларының «өткір сүзгісінен» өту оңай болмайды.



