ЕРКІН КҮРЕСТЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ

Еркін күрестен республикалық турнир басталды. Атаулы жарыс Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында өз жалауын көтерді. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған додаға еліміздің барлық өңірінен сайдың серке тасындай 300ге жуық спортшы, 20 команда қатысып жатыр. Сонымен қатар, көршілес Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген жас балуандар да бозкілемде бақ сынауда. Жарыс 10 салмақ дәрежесі бойынша өтеді.

Салтанатты ашылу рәсіміне аймақ спортының дамуына үлес қосқан ардагерлер Серік Оңғарбаев пен Болат Қырықбаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Турнир Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, Еңбек ардагері Қалмұхамед Тұманбаевты еске алуға арналған. Дәстүрлі шараны марқұмның ұлы Бауыржан Қалмұхамедұлы ұйымдастырған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бәсеке алдағы жылдары тұрақты түрде өтетін дәстүрлі турнирге айналмақ.