“ҰСТАЗ БАРЫСЫ-2026”: МҰҒАЛІМДЕР БОЗ КІЛЕМДЕ КҮРЕСТІ ГЕО: ОРДАБАСЫ АУДАНЫ

Білім мен білектің тоғысқан тартысты алаңы — «Ұстаз барысы»! Темірлан елді мекенінде жаңадан ашылған заманауи спорт клубының ғимаратында «Ұстаз барысы» облыстық байқауы ұйымдастырылды. Аталған жарысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген білім беру саласының қызметкерлері қатысып, өзара күш сынасты. Байқаудың басты мақсаты – ұстаздар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, дейді жауаптылар.
Боз кілемде күресіп, «Ұстаз барысы» жүлдесін 3 рет қанжығасына байлаған Отырардан келген Асқар Төреқұлов бүгінде жеңістен үмітті. Жарысқа тыңғылықты дайындықпен келген ол қарсыластарының осал емес екенін де жасырмады.
Шара соңында үздік деп танылған ұстаздар арнайы марапатталып, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.



