ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТТІ ЕСЕЛЕЙТІН ЖОБАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Түркістан топырағында отандық агроөнеркәсіп кешенін жаңа белеске көтеріп, экспорттық әлеуетті еселейтін зор жобаның көрігі қызып тұр. Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы ең ірі де бірегей инвестициялық бастамалардың бірі — 50 мың бас ірі қара малды бір мезетте баптап, бордақылайтын алып кешеннің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қара малды қазынаға айналдырған бұл заманауи нысан ағымдағы 2026 жылдың шілде айында өзінің толық қуатына шығады деп жоспарланған. «Turkestan Agro.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базасында қанат жайған бұл жоба елдің азық-түлік қауіпсіздігін темірдей бекемдеп, сыртқы нарыққа бағытталған өндірісті өркендетуді, сөйтіп отандық агросектордың бәсекелік қабілетін арттыруды көздейді.

Мемлекеттің қамқор қолы мен жеке инвестордың қаржылық қуаты ұштасқан бұл жоба кезең-кезеңімен еңсе тіктеп келеді. Бастапқы аяқ алыстың өзінде бордақылау кешенінің іргетасын қалауға 2,9 миллиард теңге бағытталса, қосымша 1,5 миллиард теңге жеңілдетілген қаржыландыру құралдары арқылы дала төсіне заманауи жаңбырлатып суару жүйелерін енгізуге бөлінді. Бүгінгі таңда сойылса еті, сауылса сүті мол, жоғары өнімді 30 мың бас мал сатып алынып, бапталып жатыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш жобалық меже — 50 мың басқа тікелей жеткізілмек. Жобаның екінші кезеңінде де мемлекеттік қолдаудың шапағаты азаймай, бөлінген қаржы көлемі 5,9 миллиард теңгені құрады, бған қоса жеке инвестицияларды тарту ісі де тоқтаусыз жалғасуда. Бұл кешеннің ерекшелігі — оның еуропалық ең озық деңгейдегі осы заманғы технологиялармен жабдықталуында. Мұнда мал азықтандыру, күтіп-бағу және ветеринарлық қызмет көрсету секілді барлық өндірістік процестер толықтай автоматтандырылған. Бұл әдіс халықаралық биологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай келеді. Төрт түліктің күйзелісін азайтып, ет өнімділігін барынша арттыруға мүмкіндік беретін австралиялық тор қағидатына негізделген технология өндіріс циклінің өзегіне айналған.

Малы көптің жемі көп болуы заңдылық. Сондықтан жоба аясында тұрақты әрі берік жем-шөп базасын қалыптастыруға басты назар аударылды. 4710 гектар алқапта заманауи жаңбырлатып суару жүйелері енгізіліп, күн сайынғы жем-шөп дайындау көлемі 500 тоннаға дейін жеткізілді. Бұған қоса, сағатына 20 тонна түйіршіктелген жем шығаратын құрамажем зауыты да іске қосылып, өнімділігін көрсетіп отыр. Болашақта бұл қарқын одан сайын үдеп, жылына 1 миллион тонна жем өндіретін үлкен зауыт салу жоспарға енген. Кәсіпорында сумен жабдықтаудың және қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай қалдықтарды экологиялық қауіпсіз кәдеге жаратудың заманауи жүйелері де жоғары деңгейде құрылған.

Қазіргі таңда кәсіпорында жергілікті тұрғындар арасынан 30-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылса, кешен толық қуатында жұмыс істей бастағанда бұл көрсеткіш 100 адамға дейін ұлғайып, ауыл жұртының әлеуетін көтермек. Белгілі кәсіпкер, жоба инвесторы Сырым Ертаевтың айтуынша, мұнда өндірілген сапалы ет өнімдері қазірдің өзінде Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне де экспортталып жатыр. Орта мерзімді кезеңде экспорт географиясын кеңейтіп, Түркия және басқа да алыс шетел нарықтарын бағындыру көзделген. Ауқымды жобаның алдағы жоспары бұдан да зор. Болашақта кешен аясында бір ауысымда 1500 бас ірі қара мен 5000 бас ұсақ малды өңдеуге қауқарлы зәулім ет өңдеу комбинаты бой көтереді. Өнімді терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары, дайын өнімдердің кең ассортименті шығарылып, бұл тауарлар отандық дүкен сөрелерін байытып қана қоймай, Қытай мен Түркия секілді алпауыт мемлекеттердің нарығына жол тартады. Осылайша, Түркістан төрінде басталған бұл зор бастама отандық мал шаруашылығының даңқын асырып, ел несібесін еселей бермек.