ТҮРКІСТАНДАҒЫ АЛЫП КИІЗ ҮЙДЕ САММИТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ МЕН ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдің беткеұстар зиялы қауым өкілдерімен, қарыштап өскен кәсіпкерлерімен, жалынды жастарымен және қоғамдық іске белсенді азаматтарымен жүздесіп, еркін форматта келелі басқосу өткізді. Бұл кездесу жай ғана есеп беру емес, Түркістанның жаһандық аренадағы жаңа белесін бағамдаған, аймақ экономикасының ертеңгі бағытын айқындаған сәт ретінде тарихқа енді. Алқалы жиын барысында облыс басшысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммитінің Түркістан төрінде жоғары деңгейде өткенін мақтанышпен тілге тиек етіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облыс халқына жолдаған ыстық ілтипаты мен шынайы алғысын жеткізді, өңірдің дамуы үшін түн ұйқысын төрт бөлген әрбір азаматқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, тарихи саммиттің қорытындыларына терең тоқталып, өңірдің инвестициялық әлеуеті мен экономикалық мүмкіндіктерінің жаңа көкжиегі жөнінде кеңінен баяндады.
Облыс басшысы биылғы жылдың Түркістан үшін өте берекелі, елеулі оқиғаларға толы болғанын атап өтті. Саяси сахнадағы соны соқпақтардың басы ретінде үстіміздегі жылдың 15 наурызында облыс халқы қоғамдық-саяси жағдайға үлкен белсенділік танытып, жалпыхалықтық референдумға қатысып, өздерінің тарихи таңдауын жасағанын еске салды. Одан кейін, ұлттың ұлыс күні – Наурыз мейрамында Мемлекет басшысының арнайы Түркістан қаласына ат басын бұрып, аймақ тұрғындарымен етене жүздесуі де оңтүстік жұртына деген ерекше ықыластың белгісі еді. Ал 15 мамырда түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде бес мемлекет басшысының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының тарихи бейресми саммиті өтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жаһандық жиынның қорытындысы бойынша Түркістан облысында атқарылған ауқымды дайындық жұмыстарына өте жоғары баға беріп, өңір тұрғындарына және осы маңызды шараны ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматтарға ерекше ризашылығын білдірген болатын. Бұл, ең алдымен, көне шаһардың халықаралық аренадағы биік абыройының асқақтағанын және ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен әрбір жанның маңдай теріне берілген әділ баға. Түркістан өзінің жаһандық деңгейдегі ауқымды іс-шараларды жоғары деңгейде өткізе алатын стратегиялық және мәдени-рухани орталық екенін әлем жұртшылығының алдында тағы бір мәрте дәлелдеп шықты. Осы ретте, Президентіміздің Түркістан қаласына айрықша мәртебе беріп, өңірдің дамуын жіті бақылауда ұстап отырғаны аймаққа үлкен серпін береді. Жоғары деңгейдегі саммитті дәл осы киелі мекенде өткізу туралы бастамасы шаһардың тарихи рөліне деген зор сенімнің айқын көрінісі екені даусыз.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, өңірде экономиканы әртараптандыру, отандық өндірістің көсегесін көгерту, сырттан инвестиция тарту және импортты алмастыру бағытында бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылды. Билік өкілдері бірінші кезекте, республика мен облыстың тауар айналымына, сондай-ақ өңірдің шикізаттық әлеуетіне өте кешенді әрі терең талдау жүргізді. Осы жүйелі жұмыстың нәтижесінде, өткен 2025 жылы өңірдің сыртқы тауар айналымы 3,5 миллиард АҚШ долларына жетіп, өсім қарқыны 34,6 пайызды құрады. Қуантарлығы сонда, соңғы үш жылдың бедерінде экспорт көлемі 142 пайызға бір-ақ ұлғайып, 2025 жылы 1,8 миллиард АҚШ долларының алып межесіне жеткен. Сыртқы сауда-саттықта облыстың негізгі 5 стратегиялық серіктес мемлекеті нақты айқындалды, олар – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия елдері. Жүргізілген ғылыми зерттеулердин нәтижесінде, өңір экономикасының сыртқы саудадағы құрылымында экспорттың негізгі үлесі әлі де болса өңделмеген бастапқы шикізат тауарларына тиесілі екені байқалған. Атқарылған бұл үлкен талдау жұмыстары өңір экономикасының әлсіз тұстарын дөп басып анықтауға және шикізаттық экспорттан жоғары деңгейде өңделген, қосымша құны жоғары дайын өнім шығаруға көшу бойынша нақты стратегиялық шараларды қабылдауға даңғыл жол ашып берді. Қазіргі таңда Түркістан облысы сырттан келген инвесторларға тек жер телімін ұсынып қоюмен шектелмейді, оларға нарықтың сыйымдылығы, шикізат көлемі мен қаржылық көрсеткіштері егжей-тегжейлі есептелген дайын жобаларды тарту етеді. Осыған орай, облыс әкімі барлық аудан және қала әкімдеріне осы дайын шикізаттық талдаулар мен бизнес-кейстерді негізге ала отырып, өз аумақтарына импортты алмастыратын инвестиция тартуды шегелеп тапсырды.



