НАЙЗАҒАЙДАН ҚОРҒАУ ҚҰРЫЛҒЫЛАРЫН ПАЙДАЛАНУ ЕРЕЖЕЛЕРІ

Найзағайдан қорғау құрылғыларын тексеру жылына кемінде бір рет жүргізіледі. Бұл ретте жерге тұйықталатын құрылғылардың қарысуы өлшенеді, ал тексерулер мен өлшеулердің нәтижелері еркін нысанда толтырылатын найзағайдан қорғау құрылғыларын пайдалану журналына жазылады.

Найзағайдан қорғау құрылғыларын тексеруді техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесінде аккредиттелген ұйымдар зертханалық сынақтар хаттамасын жасай отырып және дананы ұйым басшысына табыс ете отырып жүргізеді.

Найзағайдың және статикалық электр зарядтарының қайталайтын көріністерінен қорғау үшін технологиялық аппараттардың барлық металл конструкцияларында, резервуарларда, газ өткізгіштерде, мұнай өткізгіштерде, тез тұтанатын немесе жанғыш сұйықтықтар, сондай-ақ жанғыш газдар айналатын, сақталатын немесе қайта өңделетін ғимараттардың ішінде және ашық кеңістікте орналасқан құрылғыларда қорғаныш жерге тұйықтағыш көзделеді.

Персоналды электр тогымен жарақаттанудан қорғауға арналған жерге тұйықтау құрылғыларын немесе найзағайдан қорғағышты статикалық электр зарядтарын бұру үшін пайдалануға жол беріледі.

Ғимараттарда, құрылыстарда орналастырылған технологиялық жабдық пен құбыржолдар, сондай-ақ сыртқы технологиялық қондырғылар мен эстакадалар ЭҚОҚ талаптарына сәйкес қорғаныш жерге тұйықтағышпен қамтамасыз етіледі.

Ғимараттар мен құрылыстардың технологиялық құбыржолдарын жерге тұйықтайтын (нөлдейтін) өткізгіштер ретінде пайдалануға жол берілмейді.

Металл эстакадалар және оларға төселген металл құбыржолдар эстакаданың басында және соңында, сондай-ақ олардың ұзындығы бойымен кемінде 300 м сайын өзара және қорғаныш жерге тұйықтау құрылғыларымен жалғанады.

Ток бұрғыштар өзара, жерге тұйықтағыш құрылғылармен және технологиялық аппараттармен дәнекерлеу арқылы жалғанады.

Технологиялық процестерде тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар, сондай-ақ жанғыш бу мен газдар айналатын өнеркәсіптік кәсіпорындардың су бұру жүйесі гидравликалық ысырмалармен қамтамасыз етіледі. Әрбір гидравликалық ысырмадағы сұйықтық қабатының биіктігі кемінде 0,25 м етіп қабылданады. Гидравликалық ысырмалардың конструкциясы оларды мезгіл сайын тазарту мүмкіндігімен қамтамасыз етіледі.

Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар қолданылатын ғимараттар мен құрылыстардың нөсер, өндірістік және біріктірілген су бұру жүйелерінің құбыржолдары арқылы жалынның таралуын болдырмайтын гидравликалық ысырмалар (сифондар) үнемі жарамды күйде күтіп-ұсталады.

Гидравликалық ысырмалары ақаулы немесе дұрыс орындалмаған су бұру жүйелерін пайдалануға жол берілмейді.

Технологиялық процестерінде тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар, сондай-ақ жанғыш булар мен газдар айналатын кәсіпорындардың өндірістік және біріктірілген су бұру жүйелері бүкіл ұзындығы бойымен жабық күйде ұсталады.

Су бұру жүйелерін байқайтын құдықтар қақпақтармен жабылады және 0,1 м қабат құм төгіледі.

Аумағында ғимараттар, құрылыстар және (немесе) жарылыс-өрт және өрт қауіптілігі бойынша АН, БН және ВН санаттарындағы сыртқы технологиялық қондырғылар орналасқан кәсіпорындардың өндірістік және біріктірілген су бұру жүйелеріне жинау кезіндегі өндірістік ағынды судың температурасы 40оС -ден аспауы тиіс.

Тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды су бұру жүйелеріне (оның ішінде авария кезінде) ағызуға жол берілмейді.

Жанғыш газ баллондары сақталатын және пайдаланылатын ғимараттарға (оның ішінде жеке тұрғын үйлерге) немесе құрылыстарға кіретін жерде «От қаупі бар. Газы бар баллон» деген жазуы бар өрт қауіпсіздігінің ескерту белгілері орналастырылады.

Өрт сөндіру қондырғыларының қолмен қосу құрылғылары, өрт сөндіргіштердің бекіту-іске қосу құрылғысы және өрт шкафтарының есіктері пломбаланады.

Өрт шкафтары оларда өрт краны жабдығының жинағын және өрт сөндіргіштің өрт сөндіру заты зарядының массасы кемінде 5 килограмм (бұдан әрі – кг), кемінде екі қол өрт сөндіргішін, сондай-ақ адамдардың жеке қорғану және құтқару құралдарын орналастыру мүмкіндігімен кез-келген үш нұсқада (аспалы, жапсарлас және кіріктіріле) орнатылады.

Темекі шегуге жол берілмейтін жағдайларды (жарылыс-өрт қауіпті объектілер) қоспағанда, ұйым басшысы темекі шегу үшін арнайы бөлінген орындарды айқындайды. Темекі шегуге арналған арнайы бөлінген орындар бастапқы өрт сөндіру құралдарымен және «Темекі шегуге арналған орын» деген жазумен қамтамасыз етіледі. Бөлінбеген жерлерде темекі шегуге жол берілмейді.

Елді мекендердің, ұйымдардың аумақтары қызмет түріне және меншік нысанына қарамастан өртке қарсы қашықтықтар шегінде жанғыш қалдықтардан, қоқыстан, ыдыстан, құрғақ шөптен, мамықтан, жанғыш материалдардан уақтылы тазартылады.

Блок-контейнерлерді пайдалану кезінде дайындаушы зауыт көздеген конструкциялық параметрлерді өзгертуге жол берілмейді. Блок-контейнерлердің ішін өңдеу үшін жанғыш жылу оқшаулағыш материалдарды қолдануға, сондай-ақ оларды жанғыш негізге орнатуға жол берілмейді.

Жеке блок-контейнерлер мен тұрмыстық вагоншалар топта саны 10-нан аспайтын топтарда орналастырылады. Екі және одан да көп контейнерлер топтарға біріктірілген жағдайда автоматты өрт дабылымен және авариялық люктермен қамтамасыз етіледі. Осы құрылыстардың топтары арасындағы және олардан жақын орналасқан ғимараттар мен құрылыстарға дейінгі қашықтық кемінде 18 м етіп қабылданады.

Ғимараттар мен құрылыстарда дайындалып жатқан тамақты бақылаусыз қалдыруға жол берілмейді.

Ғимараттар, үй-жайлар мен құрылыстардың өрт автоматикасы жүйелері мен қондырғыларын ұстау кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі

Ғимараттар, үй-жайлар мен құрылыстар ҚР ҚН 2.02-11-2002* «Ғимараттарды, үй-жайлар мен құрылыстарды автоматты өрт сигнализациясы жүйелерімен, автоматты өрт сөндіру және өрт туралы адамдарды құлақтандыру қондырғыларымен жабдықтау нормалары» талаптарында айқындалған объектілер тізбесіне сәйкес өрт автоматикасы жүйелерімен және қондырғыларымен қамтамасыз етіледі.