ҚУАТЫ 300 МВТ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Киелі Түркістан топырағы бүгінде тек тарихи-мәдени орталық қана емес, еліміздің индустриялық және инновациялық тынысын ашқан алып құрылыстар мекеніне айналды. Сөзіміздің айқын дәлелі ретінде жақында өңірде баламалы энергия көздерін дамыту бағытында теңдессіз тарихи оқиға орын алғанын айтуға болады. Аймақта қуаттылығы 300 МВт-ты құрайтын бірегей фотоэлектрлік-энергия сақтау (ФЭС және ЭСЖ) жобасының алғашқы партиясының қадалы іргетасын құюдың салтанатты рәсімі өтті. Бұл маңызды қадам алып кәсіпорынның дайындық деңгейінен шығып, негізгі әрі қызу құрылыс кезеңіне толықтай көшкенін айқындап берді. Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, сондай-ақ халықаралық инвесторлар, отандық энергетика саласының маңдайалды өкілдері мен жауапты мекеме басшылары қатысып, тарихи сәтке куә болды.
Жиында сөз алған аймақ басшысы Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде «жасыл» экономиканы өркендету және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін еселеп арттыру жөніндегі стратегиялық тапсырмаларына ерекше тоқталды. Өткен жылдың желтоқсан айында ғана осы жобаның іргетасын қалап, болашақ ұрпаққа уақыт капсуласын салу рәсімін бірге өткізгендерін еске алған облыс әкімі, міне, бүгін араға көп уақыт салмай ресми құрылыс жұмыстарының басталып кеткеніне тоқталды. Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайы, әсіресе жыл он екі ай бойы төгетін шуақты күндері баламалы энергия көздерін дамытуға сұранып-ақ тұрған берекелі өлке екенін айтқан аймақ басшысы, бұл алып станция өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар алдында облыстың беделі мен тартымдылығын арттыра түсетініне зор сенім білдірді. Үкімет пен тиісті министрліктер тарапынан жан-жақты қолдау тауып отырған бұл игі бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік стратегиялық әріптестіктің іс жүзіндегі нақты әрі жарқын жемісі екені даусыз.
Өз кезегінде «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй мырза бұл іргетасты құю рәсімін екі ел арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы алтын көпірдің маңызды кезеңі деп бағалады. Ол болашақта компания «Самұрық-Энерго» АҚ секілді сенімді серіктестермен тізе қоса отырып, құрылыс жұмыстарын ең жоғары халықаралық стандарттарға сай жүргізуге бар күш-жігерлерін салатынын мәлімдеді. Басқосу аясында «Qazaq Green Power PLC» жобалық кеңсесінің жетекшісі Асқар Амиртаев және өзге де жауапты тұлғалар атқарылған жұмыстардың барысын баяндап, инвесторларға әрқашан қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсетіп келе жатқан облыс әкімдігіне шынайы ризашылықтарын жеткізді. Айта кетерлігі, былтырдан бері жер жұмыстары толықтай еңсеріліп, күн электр станциясының кеңсесі, жайлы жатын орындары мен қойма ғимараттары бой көтеріп үлгерген. Ал бүгінгі күннен бастап станцияның жүрегі саналатын негізгі технологиялық қондырғыларды орнату жұмыстары қарқын алды.
Түркістан аспанынан қуат алатын бұл алып жобаның ауқымы да, салмағы да өте жоғары. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 307 миллион АҚШ доллары деген қомақты қаражатты құрап отыр. Ең маңыздысы, бұл – ШЫҰ-ның тарихи саммитінен кейін қол қойылған Қытай мен Қазақстан үкіметаралық негіздемелік келісімі аясында іс жүзіне аса бастаған алғашқы қарлығаш-жоба. Құрылыс жұмыстары қызған шақта мұнда жергілікті халық арасынан 500-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, өңір экономикасы мен өнеркәсібінің өркендеуіне нақты серпін бермек. Ал жоба толық аяқталып, іске қосылғаннан кейін станция жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат тап-таза, экологиялық қауіпсіз электр энергиясын өндіреді деп күтілуде. Осылайша, алып өндіріс ошағы өңірдің энергетикалық теңгерімінің құрылымын түбегейлі жақсартып, Қазақстанның әлемдік «жасыл» энергетикадағы үлесін жаңа белеске көтермек. Түркістанның берекесін асыратын бұл заманауи күн электр станциясы 2027 жылы ел игілігіне толықтай пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.



