СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІК ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛДІ

Түркістан бүгінгі таңда еліміздің индустриялық және аграрлы-инновациялық дамуының басты қозғаушы күшіне айналып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету, өңіраралық ықпалдастықты жаңа белеске көтеру жөніндегі сыртқы саяси пайымын негізге алған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегацияның Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары өз жемісін беруде. Оңтүстік өңірдің экономикалық қуатын арттырып, шикізатқа тәуелділіктен арылуды мақсат еткен бұл сапардың кезекті маңызды бекеті Қытайдың ежелгі мәдени және өнеркәсіптік орталығы – Цзянсу провинциясының Нанкин қаласында жалғасып, аймақтағы мақта-тоқыма кластері мен химия өндірісін дамытудың жаңа көкжиегін айқындап берді.
Нанкин шаһарында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың жетекші өнеркәсіптік алпауыты – «Lihua Group» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихайд пен оның стратегиялық серіктесі, халықаралық ірі тоқыма өндіруші «Huafang» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шэн Шоусянмен мазмұнды әрі нәтижелі кездесу өткізді. Басқосу барысында Түркістан топырағында қолға алынған мақта-тоқыма кластерінің бүгінгі жай-күйі, жаңа өндірістік қуаттарды іске қосу, өңдеу өнеркәсібін әртараптандыру, экспорттық әлеуетті еселеу және химия саласындағы ірі инвестициялық бастамалар егжей-тегжейлі талқыланды. Өз сөзінде өңір басшысы қытайлық инвесторлардың облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. «Lihua Group» компаниясы Түркістан облысы үшін өзін сенімді әрі стратегиялық серіктес ретінде дәлелдей алды. Бүгінде өңірде жүзеге асырылып жатқан толық циклді мақта-тоқыма кластері – ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін біртұтас жүйеге біріктірген, қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған бірегей жоба. Бұл қадам шикізатты сыртқа арзанға сатпай, өз ішімізде өңдеп, әлемдік нарыққа дайын өнім шығаруға, сөйтіп мыңдаған отандасымызды тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашады.
Расында да, бүгінде Түркістан облысында бой көтеріп жатқан бұл мақта-тоқыма кластері Қазақстанның индустрияландыру картасындағы ең ірі әрі маңызды стратегиялық жобалардың бірі саналады. Жалпы құны 146,6 миллиард теңгені құрайтын бұл алып жоба Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында, сондай-ақ Арыс қаласы мен Отырар ауданының аумағында қарқынды іске асырылуда. Жобаның басты ерекшелігі – мақта егу мен оны теруден бастап, зауытта өңдеуге, иірілген жіптен мата тоқып, оны бояп-әрлеуге және соңғы кезеңде дайын тігін бұйымдарын шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. Кластер құрамында заманауи мақта өңдеу зауыттары, суды үнемдейтін тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорындар, ПВХ құбырлар зауыты, иіру және мата тоқу фабрикалары, бояу-әрлеу және тігін цехтары біртұтас кешен ретінде жұмыс істейтін болады. Бұл алып кластер толық қуатына көшкен сәтте Түркістан өңірінде 4150 адам тұрақты әрі жоғары жалақысы бар жұмыс орнымен қамтылады деп күтілуде. Кездесуде тараптар осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін, жалпы құны 46,5 миллиард теңгені құрайтын алты бірлешен өндірістік жобаның құрылыс барысын пысықтады. Таяу айларда өңірде қуаттылығы жылына 4 миллион дана үй тоқыма бұйымдарын шығаратын заманауи тігін фабрикасы, жылына 47 миллион метр сапалы мата өндіретін тоқыма және бояу-әрлеу фабрикалары, сондай-ақ екі мақта өңдеу зауыты мен мақта тұқымын терең өңдейтін кәсіпорын ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар, бұл сапардың ең ірі жеңісі мен стратегиялық жетістігі – Түркістан облысында ауыл шаруашылығы үшін ауадай қажет аммиак пен карбамид өндіретін біріктірілген химиялық кешен құрылысына қатысты маңызды келісімге қол жеткізілуі болды.
Құны 70 миллиард теңгені құрайтын бұл жаңа жоба Сауран ауданындағы «Оранғай» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылады. Жобаның өндірістік қуаты жылына 300 мың тонна жоғары сапалы аммиак пен карбамид өндіруге қауқарлы. Түркістан облысы – еліміздегі ең ірі аграрлық аймақ болғандықтан, жердің құнарын арттырып, өнімділікті еселейтін азотты тыңайтқыштарға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Сондықтан бұл кешеннің бой көтеруі отандық диқандарды жергілікті қолжетімді тыңайтқышпен қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділікті жоюға бағытталған стратегиялық маңызы жоғары қадам. Зауыт іске қосылғанда тағы 150 маман тұрақты жұмыс табады. Облыс әкімі бұл бастамаға мемлекет тарапынан толық қолдау көрсетілетінін және инфрақұрылымдық мәселелердің мерзімінде шешілетінін қадап айтты.



