БИЫЛ 58 ЖАҢА НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың тұрмыс сапасын арттыру, өңірлердегі әлеуметтік теңсіздікті жою, заманауи білім, денсаулық сақтау және спорт нысандарын салу арқылы тұрғындар үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыру жөніндегі стратегиялық пайымын негізге алған Түркістан облысында бүгінде кең ауқымды құрылыс пен жасампаздықтың жаңа кезеңі басталды. Аймақтың әлеуметтік әлеуетін арттырып, инженерлік желілерді жаңа сапалық деңгейге көтеру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жақында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен алқалы мәжілісте жан-жақты сараланып, алдағы уақытта еңсерілуі тиіс маңызды міндеттер айқындалды.

Қазіргі таңда оңтүстік өлкеде елді мекендерді, қалалар мен шалғай аудандарды әлеуметтік маңызы бар зәулім нысандармен және сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының қарқыны өте жоғары. Биыл өңір көлеміндегі 93 маңызды нысанның құрылысын жүргізуге бюджеттен 77,3 миллиард теңге көлемінде өте қомақты қаржы бөлінген. Ауқымды жоспарға сәйкес, жыл қорытындысымен осы ғимараттардың 58-ін толықтай пайдалануға беру межеленсе, бүгінгі таңда олардың алғашқы 7-еуі құрылысы аяқталып, ел игілігіне ресми түрде тапсырылды. Құрылыс саласындағы жұмыстардың ағымдағы барысын, әлеуметтік-тұрмыстық нысандардың сапасын, тұрғын үй мен инженерлік желілерді дамытудың өзекті мәселелерін талқылаған жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғалар мен мердігер мекемелерге қатаң талап қойды. Аймақ басшысы әрбір нысанның сапалы әрі бекітілген уақытынан кешіктірілмей тапсырылуы керектігін шегелеп айтты. Құзырлы мекемелер мен жауапты басқарма басшылары құрылыстың басталған сәтінен бастап әрбір кірпішінің қалануын жіті қадағалауы тиіс. Халықтың салығы есебінен, яғни мемлекет қаржысына жасалып жатқан кез келген жұмыс ең жоғары халықаралық талаптарға сай болуы қажет. Егер бекітілген жоспарлы кестеге сай жұмыс атқармаса немесе ғимаратты сапасыз салса, мердігерлермен ешқандай аяушылықсыз келісімшарт үзілетін болады. Құрылыс материалының сапасы, нысандағы жұмысшы саны және жұмыстың мерзімінде бітуі облыс басшылығының қатаң бақылауында болады. Осы ретте өңір басшысы жұмыстан кенжелеу белгілері анықталған аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына жұмысты дереу ширатуды жүктеді.

Кеңес отырысында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Турханов мазмұнды баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды таныстырды. Мәселен, бүгінде облыста 13 білім нысанының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде 9 заманауи мектептің құрылысына 8,6 миллиард теңге бағытталып, қазірдің өзінде Ордабасы ауданындағы үш мектеп есігін айқара ашып, пайдалануға берілді. Қалған алты мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Созақ ауданындағы №1 колледждің жаңа жатақханасы мен Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында салынып жатқан жаңа буын өкілдерін дамыту орталықтарының құрылысы сәтті жалғасуда. Денсаулық сақтау саласында да төрт ірі нысанның құрылысы қатар жүріп жатыр. Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілсе, Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қорының демеушілік қаржысы есебінен салынып жатқан 80 орындық заманауи перзентхананың құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Сарыағаш қаласында 300 орындық көпбейінді аурухана мен Ордабасы ауданындағы Темірлан ауылында 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы басталып кетті.

Мәдениет пен спорт саласын өркендету де назардан тыс қалған жоқ. Мәдениет саласындағы 13 нысанның құрылысына 5,5 миллиард теңге бөлініп, бүгінде Жетісай ауданындағы Жылы су ауылында мәдениет үйі мен кітапхана, сондай-ақ Кентау қаласының Қарнақ ауылындағы 300 орындық еңселі мәдениет үйі пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін өңірдің бірнеше ауданында мәдениет үйлері, кітапханалар мен мұражайлар ел игілігіне берілмек. Спорт саласында 10 нысанның құрылысы қолға алынып, қазіргі таңда Сауран ауданының Шорнақ ауылындағы зәулім спорт кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы бес спорт нысанын тапсыру көзделген. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен салынып жатқан ангар үлгісіндегі екі спорт залдың бірі Бәйдібек ауданында сәтті іске қосылса, Келес ауданындағы дәл осындай нысан шілде айында халық игілігіне ұсынылады.