САРЫАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ

Аймақтардың тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасы ең алдымен инфрақұрылымның сапасымен, құрылыс пен жол торабының дұрыс жоспарлануымен тығыз байланысты. Әсіресе стратегиялық орналасуы мен демографиялық өсімі жоғары оңтүстік өңірлерде бұл салаларға қойылатын талап салмақты. Осы орайда Түркістан облысында сәулет, қала құрылысы, автомобиль жолдары мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеу мен олардың сапасын қамтамасыз ету мәселесі ұдайы бақылауда тұр.

Жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен Сарыағаш ауданында аталған салалар бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Атқарылған жұмыстардың нәтижелерін саралап, алдағы кезеңнің міндеттері мен өзекті түйткілдерін талқылауға арналған бұл жиынға аудан әкімі Арман Абдуллаев, облыстық мәслихат депутаты Алмас Салимов, аудандық полиция басқармасының бастығы Досжан Нұсқабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ білім беру ұйымдарының директорлары мен мектепке дейінгі мекемелердің меңгерушілері қатысты. Алқалы жиында өңірдегі құрылыс, жол және қала құрылысы салаларының жай-күйі жан-жақты сөз болды. Басқосу барысында ең алдымен облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Жалғас Борсабаев баяндама жасап, саладағы негізгі көрсеткіштерді ортаға салды. Ол өз сөзінде әлеуметтік нысандардың құрылыс барысына, жобалардың орындалу сапасы мен бекітілген құрылыс нормаларының сақталуына тоқталды. Тұрғындар игілігіне берілетін мектеп, балабақша немесе медициналық нысандардың әрбір кірпіші сапалы қалануы тиіс екені, бұл ретте мердігер ұйымдарға қойылатын талаптың еш босаңсымайтыны аңғартылды.

Жол инфрақұрылымын дамыту да өңір экономикасы мен халық қатынасы үшін басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Бұл бағытта облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев ақпарат берді. Ол аудан аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының қазіргі жағдайын баяндап, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы мен жол сапасын жақсарту бағытындағы кешенді жоспарлармен бөлісті. Жолдың сапасы — тұрғындардың қауіпсіздігі мен ауданның логистикалық мүмкіндігін арттыратын негізгі фактор екені сөзсіз. Құрылыс барысындағы заңдылық пен сапаны бақылау сияқты жауапты міндетті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жүзеге асырады. Мәжілісте аталған басқарма басшысының орынбасары Тайшыман Дәулетқұл сөз алып, нысандардағы мемлекеттік бақылаудың барысын, заң талаптарының сақталуын және тексерулер кезінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша қабылданып жатқан нақты шараларды тізбектеді. Құрылыс саласындағы салғырттыққа немесе заңбұзушылыққа жол бермеу — мемлекеттік органның негізгі ұстанымы болуы тиіс. Сонымен қатар елді мекендердің сәулеттік келбеті мен заңсыз құрылыстардың алдын алу мәселесі де кеңінен талқыланды. Өңірлік сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қуаныш Асанов елді мекендерді дамытудың бас жоспарларына сәйкес жұмыс істеу, орталық аумақтарды абаттандыру және қала құрылысы құжаттамаларының талаптарын бұлжытпай орындау бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Ретсіз бой көтерген немесе заңсыз салынған нысандар қала мен ауылдың ажарын бұзып қана қоймай, болашақта инфрақұрылым тартуға да кері әсерін тигізеді.

Мәжіліс соңында көтерілген өзекті мәселелер бойынша еркін пікір алысып, түйткілдерді шешудің оңтайлы жолдары қарастырылды. Сарыағаш ауданы сияқты халық тығыз орналасқан аймақта құрылыс сапасын қатаң бақылау, жолдарды уақытылы жөндеу, заңсыз құрылысқа тосқауыл қою және әлеуметтік нысандарды белгіленген мерзімде тапсыру — кезек күттірмейтін міндеттер. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сала басшыларына жауапкершілікті күшейтуді тапсырды. Жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, құрылыс пен жол саласындағы жобаларды сапалы әрі уақытында аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.