ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ ЕТ КОМБИНАТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысына Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі аграрлық саланың аяқ алысын пысықтады. Министр сапар барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге Сайрам ауданындағы бірқатар маңызды өндірістік нысандардың тыныс-тіршілігімен, жұмыс жүйесімен жақын танысты. Сапар аясында делегация Манкент елді мекенінде орналасқан «KAZ ECO MEAT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи ет комбинатының өндіріс алаңына арнайы барып, зауыт ғимаратының жұмыс сапасын, техникалық мүмкіндіктерін зерделеді. Басқосуда министр жауапты сала мамандарына жоба аясында сапалы жұмыс жүргізуді, өнім көлемін арттырып, сыртқы экспортты ұлғайту қажеттігін баса ескертті. Сонымен қатар министр мен өңір басшысы кәсіпорын ұжымымен, сондай-ақ жергілікті шаруалармен ашық жүздесіп, ет өндірісін өркендету, мал шаруашылығын заман талабына сай дамыту және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері бойынша өзара пікір алмасты.

Бүгінгі таңда ел көлемінде Түркістан облысы мал шаруашылығын дамыту және сапалы ет экспорты бойынша көш бастап келе жатқан жетекші өңірлердің бірі саналады. Түркістан өңірінде ет өндірісі саласы серпінді дамып, жоғары нәтижелерге қол жеткізілуде. Облыс аумағында заманауи мал бордақылау алаңдары мен халықаралық стандарттарға сай ет комбинаттарының саны жыл сайын артып, өндірістің толық циклі жүйелі түрде қалыптасып келеді. Ең бастысы, мұндағы өндіріс алаңдары ең соңғы заманауи технологиялармен толық жабдықталып, сапалық тұрғыда барлық талаптарға сай қызмет көрсетіп жатыр. Осындай заманауи әрі қарқынды кәсіпорындардың бірі – Сайрам ауданындағы «KAZ ECO MEAT» ет комбинаты. Жалпы аумағы 460 гектар алқапты алып жатқан бұл ауқымды нысанның құрылыс жұмыстары өткен жылы толық аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Жоғары өндірістік қуаттылыққа ие кәсіпорында жылына 30-40 мың тонна сапалы ет өндіріледі. Мұнда жылқы, ірі қара және ұсақ мал еттері заманауи талаптарға сай терең өңдеуден өткізіледі. Кәсіпорынның өндірістік мүмкіндігі өте жоғары, атап айтқанда, тек бір ауысымның өзінде 500 бас ірі қара мен 600 бас ұсақ малды өңдеуге толық қауқарлы. Сондай-ақ зауыт заманауи озық технологиялармен және жоғары өнімді техникалық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде дайын өнімнің табиғи таза әрі сапалы болуын кепілдендіреді. Өндіріс орны жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге де өзіндік үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда мұнда 70 жергілікті азамат тұрақты жұмыспен қамтылған, ал еңбеккерлердің орташа айлық жалақысы 200 мың теңгені құрайды.

Кәсіпорын өндірген сапалы өнімге деген сұраныс ішкі де, сыртқы нарықта да жоғары. Соның нәтижесінде экспорт көлемі де жыл санап қарқынды дамып келеді. Өндірілген дайын өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа, отандық тұтынушыларға жеткізілсе, қалған 50 пайызы сыртқы нарыққа, яғни шетелге экспорттауға бағытталған. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жүйелі қолдаулардың арқасында Түркістан облысы аграрлық секторда, соның ішінде мал шаруашылығы бағытында өз позициясын нығайтып келеді. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бұл сапары өңірдегі өңдеу саласын одан әрі дамытуға, жаңа экспорттық бағыттарды ашуға және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға жаңа серпін берері сөзсіз. Өңірде бой көтерген осындай заманауи өндіріс орындары ел экономикасының әлеуетін арттырып, отандық «Қазақстанда жасалған» өнімдерінің халықаралық нарықтағы беделін шыңдай түседі.