ЖАЛПЫ ҚҰНЫ 78 МИЛЛИОН АҚШ ДОЛЛАРЫН ҚҰРАЙТЫН МЕМОРАНДУМДАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысы және «Қазақстан – Өзбекстан: бірлескен жобалар және өсудің жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында маңызды бизнес-диалог өтті. Екі елдің стратегиялық әріптестігін жаңа деңгейге көтерген ауқымды іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі Абдулла Арипов, сондай-ақ екі мемлекеттің жауапты мемлекеттік органдарының, өңірлерінің жетекшілері мен бизнес қауымдастығының өкілдері арнайы қатысты.
Халықаралық басқосу аясында алдымен өткен бизнес-форум Түркістан облысы үшін өте жемісті, нақты нәтижелерімен есте қалды. Тараптардың нәтижелі келіссөздерінің қорытындысы бойынша Түркістан облысының әкімдігі мен өзбекстандық серіктестер арасында жалпы құны 78 миллион АҚШ долларын құрайтын қомақты инвестициялық меморандумдарға қол қойылды. Бұл маңызды құжаттар өңірде заманауи өндірістерді іске қосуға, отандық өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыруға және екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны қарқынды дамытуға кеңінен жол ашады. Өңірлер басшылары кеңесінің бірінші отырысында баяндама жасаған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырластық әрі экономикалық ынтымақтастық бүгінде Елбасшылары белгілеп берген стратегиялық бағыттың заңды да нақты нәтижесіне айналғанын атап өтті. Өңір басшысы өз сөзінде көршілес Өзбекстан елінің Қазақстан үшін сенімді, ірі сыртқы сауда серіктестерінің бірі екеніне тоқталды. Мемлекеттер басшылары алдымызға 2030 жылға қарай өзара тауар айналымын 10 миллиард АҚШ долларына жеткізу жөнінде үлкен міндет қойған болатын. Осы межеге жету жолында жүйелі де тыңғылықты жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы екі жылда екіжақты сауда-саттық тұрақты өсім көрсетіп, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымы 5 миллиард АҚШ долларына жетті.
Нұралхан Көшеров аталған оң көрсеткіштердің қалыптасуына киелі Түркістан облысының да айтарлықтай үлес қосып келе жатқанын тілге тиек етті. Бүгінде Түркістан облысы екіжақты сауданы жандандыруға өте белсенді түрде қатысып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс пен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 511 миллион АҚШ долларынан асып, 109 пайыздық өсімді көрсетті. Алайда басты мақсат тек сауда көлемін өсірумен шектелмейді. Басты меже – бірлескен өндіріс орындарын көбейтіп, қосылған құны жоғары, терең өңделген дайын өнім шығаруды жолға қою. Қазіргі таңда екі ел шекарасындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында жалпы құны 234 миллион АҚШ долларын құрайтын алты бірдей ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар су жаңа өндіріс ошақтарын ашып, жүздеген жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Түркістан облысының аумағында өзбек инвесторларының қатысуымен жалпы құны 73 миллион АҚШ доллары болатын бірнеше маңызды жобалар қолға алынған.
Аймақ басшысы өз сөзінде Түркістан облысы экономикасының болашағы шикізаттық бағыттан индустриялық үлгіге түбегейлі көшумен тығыз байланысты екенін баса айтты. Өңір бүгінде тек шикізат экспортына сүйенбей, өнімді өзімізде терең өңдеп, дайын тауар шығаратын жаңа индустриялық экономикаға кезең-кезеңімен қадам басып келеді. Үкіметтің тікелей қолдауымен аймақта мақта-тоқыма, ет және жүгері кластерлері сәтті қалыптасуда. Мұндай жобалар өңірдің экспорттық қуатын арттырып, отандық өндірістің дамуына берік негіз болады. Түркістан топырағына келетін кез келген инвестор үшін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым толық тартылған. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау мен жеңілдіктер беріледі. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында өткен жылы өңір экономикасына 4 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылса, оның тең жартысы тікелей шетелдік инвестициялардың үлесіне тиесілі болды. Ақтаудағы форумда қол қойылған жаңа меморандумдар да осы жемісті инвестициялық саясаттың заңды жалғасы болып табылады. Келісімдер аясында құны 47 миллион АҚШ доллары болатын заманауи металл өңдеу зауыты салынбақ. Сондай-ақ 2 миллион АҚШ долларына күнбағыс майын өндіретін зауыт салу, 5 миллион АҚШ долларына жүгеріні терең өңдеу өнімдерін экспортқа шығару, 12 миллион АҚШ долларына ет өңдеу кешенінің өнімдерін сыртқы нарыққа тарату және 12 миллион АҚШ долларына тұқы өсіретін заманауи балық шаруашылығы кешенін құру жөніндегі маңызды келісімдер бекітілді.



