ТҮРКІСТАНДА СУБСИДИЯЛАНАТЫН ЖҰМЫС ОРНЫН ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЖАҢА ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Мемлекеттік саясаттың ең басты, стратегиялық басымдықтарының бірі – азаматтарды нәтижелі еңбекпен қамту, әлеуметтік әл-ауқатты арттыру және халықтың әлсіз топтарына қолдау көрсету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдаулары мен бағдарламалық сөздерінде еңбек нарығын ашық, әрі тиімді ету, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру кезінде тиімсіз шығындарға жол бермей, сұранысқа ие нақты мамандарды қалыптастыру және жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қажеттігін жүйелі түрде жүктеп келеді. Мемлекет тарапынан бөлінетін әрбір теңге көзбояушылыққа емес, тұрғындардың тұрақты табыс табуына, кәсіби біліктілігін шыңдауға және экономиканың өсуіне қызмет етуі тиіс. Осы орайда, түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласында жұмыс берушілер үшін маңызды кездесу өтіп, 2027 қаржы жылынан бастап субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім қабылдауда енгізілетін жаңа сараланған тәсілдер кеңінен түсіндірілді.

Кездесуде Түркістан қалалық Мансап орталығының білікті мамандары жергілікті кәсіпкерлер мен мекеме басшыларына, жұмыс берушілерге қойылатын талаптар мен бөлінетін жұмыс орындарының санына қатысты алдағы уақытта күшіне енетін басты өзгерістерді таныстырды. Еңбек саласындағы реформалардың негізгі мақсаты – бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау және жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек қатынастарының заңдылығын қамтамасыз ету. Жаңа талаптар мен сараланған тәсілдер субсидияланатын орындарды бөлуді әлдеқайда ашық, әрі әділ етеді. Сондай-ақ бұл қадамдар тек уақытша жұмыспен қамтып қоймай, азаматтарды тұрақты еңбек ортасына тартып, олардың әлеуметтік жағдайын ұзақ мерзімді негізде жақсартуға мүмкіндік береді. Жаңа тәртіпке сәйкес, субсидияланатын жұмыс орындарын құруға өтінім беретін жұмыс берушілердің бұған дейінгі еңбек тәртібі мен қаржылық жауапкершілігі қатаң ескеріледі. Ең басты шарттардың бірі – жұмыс берушіде жұмысшылардың жалақысы бойынша берешектің атымен болмауы, барлық электрондық еңбек шарттарының тиісті бірыңғай жүйеде уақытылы тіркелуі және міндетті зейнетақы жарналарының үздіксіз төленуі. Сонымен қатар, жеке меншік ұйымдар мен жеке кәсіпкерлер үшін әлеуметтік төлемдерді тұрақты аудару міндеттелген. Бұдан бөлек, ең маңызды жаңашылдық – субсидияланған жұмыс орындарында еңбек етіп, өзін жақсы жағынан көрсеткен азаматтарды мемлекеттік бағдарлама аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналастыру талаптары да қарастырылған. Бұл – мемлекеттік колдауды теріс пайдаланып, жұмысшыларды тек субсидия кезеңінде ғана ұстап, кейін босатып жіберетін жағымсыз практикаға тосқауыл қоятын пәрменді тетік.

Жиналыс барысында, сонымен бірге, ауылдық елді мекендердегі халық санына қарай бөлінетін жұмыс орындарының үлесі мен уақытша еңбекпен қамту бойынша орындар санының арасалмағы да егжей-тегжейлі түсіндірілді. Ауылдық жерлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендету, ауыл тұрғындарының, әсіресе жастар мен әлеуметтік салдардан зардап шеккен тұрғындардың нәтижелі еңбекке тартылуы – басты назарда. Мансап орталығының мамандары жаңа талаптар мен сараланған критерийлердің жұмыс берушілерге субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру кезінде толықтай ескерілетінін баса айтып, қатысушыларды толғандырған өзекті сұрақтарға тұшымды да нақты жауаптар берді. Түйіндей айтқанда, Түркістан қаласында түсіндірілген бұл жаңа сараланған тәсілдер мен талаптар – еңбек нарығын сапалық жаңа деңгейге көтерудің, жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттырудың және заңдылықты нығайтудың айқын көрінісі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың нақты нәтижеге бағытталуы субсидияланатын жұмыс орындарының тиімділігін арттырып, жұмыссыз азаматтардың тұрақты еңбекпен қамтылуына және шаһар экономикасының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге берік негіз қалайды.