Елге сыйлы Түлкібастың – Келесбегі

464
0

5-1Оның өмірбаян жолында анау айтқандай, ерекше ештеңе жоқ. Қарапайым ауыл баласы, қарапайым еңбек жолы. Өзі де қарапайым. Жартыбаев Келесбек Ешенқұлұлы1957 жылдың 8 қарашасы күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Елтай ауылында дүниеге келген. Кеңес әскері қатарында болып келген соң, «Алғабас» колхозында бригадир, «Ақсу – Жабағылы» құс фабрикасында директордың орынбасары болып қызмет атқарған. Білімі жоғары.

1999-2002 ж.ж. Жабағылы ауылдық, Түлкібас поселкелік округінің әкімі қызметін атқарғаны бар. 2002 жылдан бүгінгі күнге дейін «ҚазТранГаз Аймақ» компаниясының Түлкібас филиалының бастығы. Қызметте елеулі табыстарға жеткені, ауданның экономикасына қомақты үлес қосқаны үшін Келесбек Ешенқұлұлы   «ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығы», «ҚР Конституциясына 10 жыл» мерекелік белгісімен және бірнеше «Алғыс хаттармен» марапатталған. «Қазақстан құбыр көлігіне 70 жыл» ескерткіш белгісі және ауыл шаруашылығына қосқан жоғары көрсеткіштері үшін қола медалімен, облыс, аудан әкімдерінің, бірнеше мәрте білім, денсаулық, коммуналдық және әлеуметтік салалар бойынша қосқан үлесі ескеріліп, Алғыс хатпен марапатталды.
Биылғы жылы Бауыржан Момышұлының «Батыр Шапағаты» медалін кеудесіне қадады.
Түлкібас аудандық мәслихатының және Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты атанды.
Түлкібас ауданының Құрметті азаматы облыстағы коммуникация саласына техникалық құрал- жабдықтарды қамтамасыз етуге облыс бюджетінен 1 млрд теңге бөлінуіне атсалысты.
Ол өзі қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Ешенқұл Ұлы Отан соғысына қатысқан. Елге келген соң ауылда ферма бастығы болды, ауылдық кеңесті басқарды. Отбасындағы 9 баланың тәрбиесі тағы бар. Ата-ананың үмітін ақтағандығы болар, бүгінде Ешенқұл атаның ұл-қыздарының барлығы білімді, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында еңбектеніп жүр. Соның бірі Келесбек тұрғысында айтарымыз, ол-елжанды азамат, халықтың нағыз қалаулысы бола білді. Қашан көрсек, елдің жағдайын ойлап, халықтың мүддесі үшін жар құлағы жастыққа тимей жүргені. Оның облыстық мәслихаттың депутаты ретінде аудан тұрғындары үшін тигізген шапағаты зор, еңбегі ерен. Жерлестері де Келесбек десе, тек қана жылы лебіздерін арнайтыны сөзсіз.
Ауданды газбен қамтамасыз етуге, шаруалардың жаңа техника сатып  алуына, жаңа мектеп, балабақша, дәрігерлік пункттердің салынуына, халықтың жұмыспен қамтылуына айтарлықтай үлес қосқан депутатымыз мұнан басқа да талай іргелі істердің жүзеге асуына ұйытқы болған жайы бар.
Қазір халықтың тұрмыс-тіршілігі күннен күнге өсіп келеді. Соның бір айқын дәлелі, біз тұрып жатқан Түлкібас ауданының бүгінгі келбеті, шарықтай өсуі, экономикасының дамуы, бүлдіршіндердің қуаныштары, кәсіпкерліктің жандануы дер едік. Әрбір үйде «көгілдір отын» жанып, есік алдында таза ауызсу ағып тұрғаны, бұл- елдің жайын ойлайтын Келесбектей аптал азаматтардың арқасы десек, қателесе қоймағанымыз.
Осыған орай, тұрғындардың да өз депутаттарына деген пейілдері түзу, ықыластары ыстық. Ол елімен мақтанса, біз Келесбектей азаматымызбен мақтана аламыз. Оған жемісті еңбек, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Орынбасар МӘДІБЕКОВ,
Түлкібас ауданы.