Қолөнерші қасиет

345
0

6Бүгінде елімізде он саусағынан өнер тамған қолөнершілердің саны бар-жоғы 500-600 адамның айналасында екен. Ордабасы ауданы, Ұялыжар ауылының тұрғыны Қасиет Исабеков солардың бірі. Жас болса да қолынан шыққан бұйымдары қолөнершілер мен көрме тамашалаушылардың тарапынан жоғары бағаланып жүр. Талай облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүргені де соның айқын дәлелі. Жақында Қасиеттің үйінде болып, шеберлігіне куә болып қайтқан едік.

– 3-сыныпта оқып жүргенімде бір түс көрдім, – деп бастады Қасиет әңгімесін. – Түсімде нағашы атам қолындағы сынық домбырасын жөндеп беруімді өтінді. Өтінішін жерге қалдырмадым. Сол түстен кейін өнерге деген ерекше қызығушылығым оянып, қолөнер бұйымдарын жасай бастадым. Табиғаттың әсемдігін қағаз бетіне бейнелеуге құштар болдым. Талабымды байқаған ұстазым Серік Әлиев қолдау көрсетіп, сурет салудың қыр-сырын үйрете бастады. Бірнеше аудандық байқауларда топ жардым. 9-сыныпты бітіргеннен кейін  Шымкенттегі Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжінің «Былғарыны көркемдеп өңдеу» мамандығына түсіп, белгілі қолөнер шеберлерінен дәріс алып, шеберлігімді шыңдадым  – дейді қолөнерші.
Қасиет бұл күнде ер-тұрманнан бастап, былғарыдан қымыз, қымыран, айран құятын ыдыстар, кебеже, қобыз, құмыра, сақина мен білезіктердің саналуан түрін, қылыш, айбалта, найза, қалқан, дулыға, сүңгі сынды қазақ батырларының қару-жарақтары мен киімдерін жасайды. Ағаштан ою ойғанға шебер. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Париж қаласында ұйымдастырылған Қазақстанның Франциядағы мәдениеті күндерінде ұлттық өнерімізді паш етіп қайтты. Айтулы көрмеге алтыннан жасалған, басына барыстың басы орнатылған ер-тұрман, сондай-ақ кебеже, қылыш, қанжар сияқты туындыларын алып барған екен. Шетелдіктер бұл бұйымдарға үлкен қызығушылық танытып, барлығын сатып алып қалған. Алтынмен апталып, күміспен күптелген ер-тұрманы 1 млн 375 мың теңгеге бағаланыпты.
«Ұлттық бұйымдарды бізде де жоғары бағалайтындардың, қызығатын жандардың  қатары күн санап артып келеді» – дейді Қасиет. Айталық, былтырғы жылы «Оңтүстік Көркі – Красота Юга» қолөнер шеберлері мен қолданбалы заттарды жасаушылардың ІІІ облыстық көрмесінде күміспен көмкерілген ер-тұрманын облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы бастығы Полат Қырықбаев ағамыз 9 мың АҚШ долларына сатып алыпты. Ал қылышы 2 мың АҚШ долларына, күміс пышағы 50 мың теңгеге сатылған.
Қасиет бүгінгі күнге дейін 30-ға жуық ер-тұрман жасаған. Көкпар мен ат әбзелдерін ұнататындар көп іздеп келеді екен. Бір ер-тұрманды дайындауға бір апта уақыт кетеді дейді өзі. Құр ердің өзін 15 мың, ал барлық жабдығымен (жүген, тартпа, құйысқан, өмілдірік, желдік, тоқым) қоса, күміспен күптеп берсе кемі 600 мыңнан жоғары теңгеге саудаласатын көрінеді.
Көздің майын тауысып, қанша күн еңбектеніп жасаған заттарымыз лайықты бағаланып жатса қуанасың, – дейді Қасиет. Түскен пайданы ол құрал-жабдықтар мен түрлі материалдар алуға жұмсайды. Олар арзан тұрмайды. Мысалы, қамшының сабын тек еліктің тұяғынан жасайды. Алтын мен күмісті Алматыдан, ал сиыр мен өгіздің терісін Тараздан арнайы тапсырыспен алдыртады.
Қасиет 2009 жылы колледжді тәмамдаған соң Ордабасы ауданы, Ықылас Темір ауылындағы М.Х.Дулати атындағы орта мектепке бейнелеу өнері пәнінен мұғалім болып орналасып, бір топ талапты оқушыларды іріктеп, арнайы үйірме құрып, қолөнер бұйымдарын жасауға, сурет салуға баули бастайды. Үш жылдан соң өзі білім алған Ұялыжар ауылындағы Абай орта мектебіне ауысады. Бұл жерде ол оқушыларды ұлттық өнерге  баулу үйірмесіне жетекшілік етеді. Үйірмеге 30-дан астам оқушы қатысады екен. Ұлттық бұйымдарды жасауды саты-сатысымен үйретуде. Қазір шәкірттері былғарыдан қамшы өріп, құмыра, қылыш жасап аудандық, облыстық сайыстарда жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. 8-сынып оқушылары Бағдәулет Тасболат пен Әсел Тұрғанбай 20 маусым күні Астана қаласында өтетін қолөнер шеберлерінің республикалық байқауына қатысуға жолдаманы жеңіп алды. «Ауылда талантты, өнерлі, қолөнермен айналысқысы келетін жастар көп. Тек оларға бағыт-бағдар көрсетіп, қолдап жіберу жағы кемшіл соғып жатады. Осы уақытқа дейін 700-ге тарта қолөнер бұйымдарын жасаппын. Былтырғы жылы мектеп директоры Нұрбай Арысбек ағай мектептің ішінен мұражай ашуға мұрындық болған. Аудан, ауыл басшылары келіп сәттілік тілескен, ақ баталарын берген. Балалардың қызығушылықтары оянып, қолөнермен айналысуға шындап кірісіп жатқанда Ордабасы аудандық білім бөліміндегілер мұражайды да, үйірмені де жабамыз деп отыр. Нақты жабу туралы шешім шығарылса, мұражайдағы барлық бұйымдарды үйіме алып кетуге тура келеді, – дейді қамығып.
Жас маманға 2010 жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша бір реттік жәрдемақы мен  Ұялыжар ауылынан үш бөлмелі үй де бұйырған. Талай жас жоғары оқу орнын бітіріп алып, ауылға оралғысы келмей, қалада жұмыс таппай сенделіп жүргенде Қасиет барлық адамның бас ауруына айналған баспана мәселесін қиындықсыз шешіп алды. Шаңырақ көтерді. «Мемлекетіміз бізге осындай жағдай жасап жатқанда, қол қусырып, қарап отырғанымыз әсте жараспас. Белді бекем буып, ауылдың өркендеуі үшін, жас таланттардың жарқырай көрінуі үшін еңбек ететінім анық. У-шуы көп үлкен қалада тұруды армандамаймын. Ауылда да барлық жағдай жасалған. Ауызсуымыз, табиғи газымыз бар. Интернетке кіру мүмкіндігі де жоғары. Осы кішкентай ғана ауылда тұрып-ақ ұлттық өнерімізді дамытып, қазақы құндылықтарға толы идеяларымды жүзеге асыра беремін, – дейді Қасиет.
Ол қазір батырдың киімін дайындау үстінде. Бұрын Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжіне барып, станоктарын пайдаланатын. Былтыр арнайы тері тігетін, ағашқа ою салатын құрылғыларды алдыртыпты. Енді үйінің жанынан шеберхана ашып, алаңсыз жұмыс істемек. Қолөнерден бөлек ол кептер өсіреді. Фотографиямен айналысады. Ауыл сыртындағы көлге барып, балық аулап қайтады. Алла қаласа Астанада өтетін «ЕХРО-2017» әлемдік көрмесінде миллиондаған көрерменді қолөнер бұйымдарыммен таңқалдырып, ауылымның, еліміздің атын әлемге танытамын, – деп мақсат қойған алдына. Төл өнерімізді төрткүл дүниеге таныту жолында тер төгіп жүрген қолөнершіге сәттілік тілейміз.

Әйгерім БЕГІМБЕТ