САЛЫҚ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысы соңғы жылдары жаңа серпін алып келеді. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және еңбек қатынастарын әділ реттеуге бағытталған бастамалар кең өріс алуда. Соның бір айғағы ретінде Шымкент қаласында «Қалың қалай, бастауыш ұйым» акциясы аясында өткен кездесуді атап өтуге болады.
Бұл іс-шараға «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ұлан Ахметов және мекеменің кәсіподақ төрағасы Мырзахан Шабидинов қатысып, кәсіподақ мүшелерінің жағдайымен танысты. Мұндай кездесулер қызметкерлердің күнделікті жұмысындағы өзекті мәселелерді талқылауға, еңбек заңнамасындағы өзгерістерді түсіндіруге және кәсіподақтың стратегиялық міндеттерімен бөлісуге мүмкіндік береді. Жиын барысында еңбек қатынастары мен техника қауіпсіздігі мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұл мемлекеттік қызмет саласында да қауіпсіздік пен еңбек мәдениетін дамыту қажеттілігін көрсетеді. Әдетте техника қауіпсіздігі өндірістік салаға тән ұғым болып көрінгенімен, мемлекеттік мекемелерде де қызметкерлердің денсаулығы мен еңбек жағдайы басты назарда болуы тиіс. Сонымен қатар, қатысушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ХХҮІІ-съезі мен «Қызмет» салалық кәсіподағының ХІІ-съезінің шешімдерімен танысты. Бұл құжаттар алдағы жылдардағы кәсіподақтардың стратегиялық даму бағыттарын айқындап берді. 2025-2030 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру мәселелеріне ерекше тоқталу кездейсоқ емес. Бағдарламада еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, цифрландыру үдерісінде қызметкерлердің мүдделерін ескеру және кәсіби біліктілікті арттыруға басымдық берілген.
Кездесудің тағы бір маңызды бөлігі – қызметкерлерді марапаттау рәсімі болды. Жиын соңында басқарма қызметкерлерін «30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен» және Ата заңымыздың 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, белсенді мамандарға кәсіподақ наградалары табысталды. «Еңбек озаты» төсбелгілерімен бірқатар қызметкерлер марапатталды. Марапат алғандар қатарында А.Баешов, М.Шерхан, С.Қырықбаев, Б.Алтынбекова, А.Бактыбаев, С.Желдобай сынды мамандар бар. Сондай-ақ, тағы сегіз қызметкер Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің, Әл-Фараби ауданы әкімінің және мемлекеттік кірістер басқармасының «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттарына» ие болды. Жалпы алғанда, кәсіподақ ұйымдарының мұндай іс-шаралары еңбек адамын қолдаудың нақты көрінісі. Бұл қызметкерлер мен басшылық арасындағы сенімнің нығаюына, әлеуметтік әріптестіктің дамуына жол ашады. Қазіргі қоғамда кәсіподақтардың рөлі тек ұжымдық келіссөздермен шектелмейді. Олар қызметкерлердің кәсіби дамуына жағдай жасап, әлеуметтік әділеттілікті орнатуға, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге ықпал етуде. Қорытындылай келе, Шымкентте өткен кездесу еңбек адамына көрсетілген құрметтің айқын мысалы болды. Кәсіподақ мүшелерінің жағдайымен жақын танысып, олардың құқықтарын қорғауға бағытталған қадамдар – елдегі әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды кепілі. Бұл тәжірибе болашақта өзге аймақтар үшін де үлгі болары сөзсіз.