Мақсатты масқараламақ болған кім?

334
2

3654Мақсат Жақсыбаев өзіміздің әріптес. Біртоға, жуас жігіт әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жақсы мен жаманды  айыра алатын азамат. Біреуге қысастық жасағанын немесе өзгенің ала жібін аттағанын тағы көрмеппіз. Болашағынан үміт күттірер осы азаматқа айдың күні аманында базбіреулер қиянат жасап, жігерін құм етпекке тырысып бағыпты. Сорақысы сол, Мақсатты масқараламақ болғандар өзге де емес, өз әріптестері мен кешегі келіншегі.

Мақсаттың өткен жылы отау құрып, ата-анасының аманатын орындағанын білетінбіз. Бірақ дәм-тұздары жараспағанға ұқсайды. Өмірлік жар таңдауда мүлт кеткен Мақсат амал жоқ, тағдырдың салғанына мойынсұнып, ажырасуға бел буған. Бұл жерде біз Мақсатты ақтап, келіншегін даттаудан аулақпыз. Дегенмен, күні кеше шаңырақ көтеріп, бар сән-салтанатымен дүрілдетіп той өткізген жастардың неге жарасымға келе алмағандары өздеріне аян. Айтайын дегеніміз, жас келін Мақсатты ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту бабы бойынша сотқа берген. Сот барысында екі тараптың да уәждері тыңдалып, қылмыстық құрам жоқ болғандықтан іс өндірістен қысқартылған әрі іс қайта қозғалмайтыны жөнінде қаулы да шығарылған. Бірақ, жеке айыптаушының берген екінші талап арызы бойынша іс қайта қаралып, дәл осы тұста Мақсатты масқараламақ болған түсініксіз тірліктер орын алған. Мақсат Жақсыбаев бірқатар басылымдарда еңбек етіп, бүгінде «7» телеарнаның Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі. Ол өз қызметінде жүріп, соттан ешқандай шақыру қағазын алмаған, ішкі істер тарапынан оған іздеу жарияланбаған. Әйтсе де, «Айғақ» телеарнасы арқылы Мақсат Жақсыбаевқа «айғайлатып» тұрып «іздеу жарияланады» Тап бір, аса қауіпті қылмыскерге іздеу жарияланғандай. «Бақсақ бақа екен» демекші, соттан да, ішкі істер тарапынан да Мақсат Жақсыбаевқа «іздеу жариялау» туралы қаулы жолданбаса да, тапсырыс айыптаушы тараптан түскенін айтып, телеарна басшылығы өздерінің бұл оспадарсыз әрекеттерін жуып-шаймақ боп ақталмақ болған. Сонда, кім көрінген телеарнаға тапсырыс берсе болды, «іздеу жариялай» беру «Айғақ» үшін түк емес пе? Заң қайда, қағида кәне? Бұл жерде «Айғақ» жеке айыптаушының мүддесін емес, Мақсат Жақсыбаевты анық масқаралауға жол беріп отырғандай. Елімізде мың сан ажырасушылар бар. Солардың сот шешіміне қанағаттанбағандарының әрқайсысы келіп, «Айғақ» телеарнасы арқылы «іздеу жариялата» берсе, онда бізге соттың, құқық қорғау органдарының не қажеті бар? Өзі би, өзі қожа «Айғақ» тұрғанда!
Жалпы, телеарнаның заңсыз әрекеті Мақсат Жақсыбаевты ғана емес, оның ағайын-туыс, әріптестерінің де жігерлерін жасытып, құм етті. Құқық қорғау органдары осы мәселеге қатысты әділ шешім қабылдаулары тиіс. Ал, телеарна Мақсат Жақсыбаевтан кешірім сұрап, өз кемшіліктерін қайта қайталамағандары жөн. Мінездері жараспағандардың мәселесін біз емес, сот шешеді. Екі ортаға есі кеткен түспесе керек.

Венера Қабылбекова