Жер асты жолдарының жайы алаңдатады

313
0

Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының назарына!

321Шымкент қаласы күн өткен сайын көркейіп, келбеті шырайланып келеді. Қаншама алып құрылыстар бой көтерсе, кең де әсем көшелерге әуеспен қараймыз. Туған өлкеміздің түлеп, облыс орталығының еліміздегі үшінші қала атануын қуана қоштаймыз. Бәріміз де өз қаламыздың тек қана жақсы жағын көрсек десек те, кей-кейде «әттеген-ай» дегізер келеңсіз көріністерге куә болып қалып жатамыз. Соның бірі – қаладағы жер асты жолдарының аянышты жайы.
«Бекжан» базарына қарай өтетін Темірлан тас жолының бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жер асты жолының пайдалануға берілгеніне көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де, жер асты өткелінің қазіргі жай-күйі адам шошырлықтай. Сынып жатқан кафельдер… Қолқаны қабатын сасық иіс…  Әр жерде үйілген қоқыстар…  Қазынадан бөлінген қыруар қаржыға жер асты жолына қоқыс жәшігін орнату ешкімнің де ойына келмеген сияқты. Енді жауапты мамандардың жауапсыздығынан, жүргіншілердің салдыр-салақтығынан еткен еңбек еш болып жатыр. Жер асты жолымен өткенде бетіңізді орамалмен тұмшалап өтпесеңіз, сасық иістен ұшынып, бойыңызға ауру жамап алуыңыз әбден мүмкін.  Өтпейін десеңіз, жолдың бойында ары-бері ағылған көліктер өміріңізге қауіп төндіреді. Теміржол маңындағы жер асты өткелін де адамдар дәретханаға айналдырып алған. Сасық иіс айналаны шарлап, алпыс қадам жерден айналып жүресіз. Демалыс аймағы маңындағы жер асты жолы да жаяу жүргіншілерге лайықты қызмет көрсете алмай, бүгінде тым аянышты жағдайда. Бұл жер асты жолдарын қарапайым халықтың қауіпсіздігі үшін салды емес пе? Енді келіп, миллиондаған қаржы кеткен дүниені неге өз қолымызбен бүлдіреміз? Неге жер асты жолдарына байыпты көңіл бөлінбейді?
Жалпы, қала әкімдігі осы мәселені ұсақ-түйек деп қарамай, тұрақты назарда ұстаса деген тілегіміз бар. Бұл біріншіден, қауіпсіздігіміз үшін керек болса, екіншіден, қала көркінің ажары және қолда барды бағалау үшін де керектігін ұмытпайық!

Әйгерім Бегімбет