ҚОҚЫСТАРДЫ ҮЙ МАҢЫНДА ӨРТЕМЕ!

Түркістан қаласының қөрт сөндірушілер қоқыстарды үй маңында өртеу қауіпті екенін қатаң ескертеді. Адамдар мұндай әрекетке көбіне көктем, жаз айларында барады. Көп жағдайда оның соңы өрт оқиғаларына әкеп соқтырады.

Ауланы, үй аралары мен көшелерді тазалағанда қоқыстар мен сабанды, аула-қоралардағы шөп қалдықтарын көлікке тиеп, арнаулы орындарға апарып төгу керек. Оларды жинақталған жерінде өртеуге мүлдем болмайды, ашық от көзі өте қауіпті. Жаға бойында да қоқысты өртеген кезде оны бақылаусыз қалдырып, немесе сөндірмей кетуге тыйым салынады. Күн жылынған шақта кепкен сабандар лақтыра салған темекі тұқылынан тез тұтанатынын да естен шығармауымыз қажет. Тазалық жұмыстары жүріп жатқан жерге балаларды жақындатпаған абзал.

Қалдық шөп немесе қоқыстарды өртеу тек өзіңіздің үйіңізде ғана емес, айналадағы көршілеріңізге де қауіп төндіретінін естен шығармайық.

Тұрғын үй секторларында өрттің орын алуы көп тіркеледі. Өрттің пайда болу себептері тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағанынан, балалардың отпен ойнауы, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ержелерінің бұзылуынан туындағаны анықталды.

Өрттің тілсіз жау екенін бәріміз түсінсек те, оның нағыз мәнін ұғына білмейміз. Сол сияқты, округтерде далада жаңа шөп шығу үшін жер өртейтін әдет бар. Мал азығы үшін бәлкім дұрыс болар. Алайда, бұл шара кейде қараусыз қалып далалық өрттерге ұласып кету оқиғалары кездесіп жатады. Осындай істерді қолға алмас бұрын алдын ала өртке қарсы қызмет бөліміне хабарлап, ескерту шарт.

Күнделікті қарбалас шақтарда қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды қолға алып, дүние-мүлкімізді ғана емес, өмірімізді де сақтауға зор үлес қосатынымызды ұмытпағанымыз жөн.

Айта кетейік, Түркістан қаласында қоқыстарды алып кету қызметін «Жасыл Түркістан» мекемесі жүргізеді.