Шымкентте ірі өндіріс орны ашылмақ

340
0

43Осы аптада облыс орталығында тағы бір ірі өндіріс орнының жобасы ашылып, елді елең еткізер жаңалық болды. Медициналық  жиһаздар мен жоғары технологиялық электронды жабдықтар шығаратын «КазМедПрибор» компаниясы пайдалануға берілген жобаны  Астананың 15 жылдық  тойына тартуымыз деп есептейді. Халықаралық стандарттарға сай бірегей өндіріс орнының жобасын ашуға облыс әкімі А.Мырзахметов қатысты.
Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы және өңірлік Индустрияландыру картасы шеңберінде іске асырылған жобаның жалпы құны 400 миллион теңгені құрайды және 240 адамға жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік туғызбақ.

«Біздің кәсіпорында Қазақстан мен ТМД елдерінде теңдесі жоқ және халықаралық стандарттарға сай бірегей медициналық жабдықтар шығарылатын болады»,- дейді «КазМедПрибор» ЖШС-нің директоры Р.Байзақов жобаның ашылу салтанында сөйлеген сөзінде. Алдағы кезде аталмыш кәсіпорыннан ренген –аппараттары УЗИ аппараттары, эндоскопиялық, хирургиялық үшін бейнекешені, ота жасауға арналған столдар мен шырақтар, медициналық консолдар, электркар диографтар, пульсоксиметрлер, пациент мониторы, фетальды мониторлар мен доплерлер, ауа және бу стерилизатор, дезинфекциялау-жуу машиналары, биологиялық ламинарлық бокстер, т.б. медициналық жабдықтар шығарылатын болады. Кәсіпорын шығармақ техникалар емдеу – профилактикалық және сауықтыру мекемелері мен «Жедел жәрдем» ауруханаларына, санаторийлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттар үйлеріне, реанимобильдерге және жеке тұтұнушыларға арналған.
Бір айта кетерлігі, аталмыш жоба медициналық мекемелерге қолданыстағы тозығы жеткен және сапалығы ескірген жабдықтарды ауыстыруға және жоғары технологиялық бағыттағы әлемдік деңгейдегі медициналық техникалар шығаратын отандық өнеркәсіптің дамуына ықпал ететіндігі даусыз. Өндіріс орнының құрылысына Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржылай көмек көрсетіліп, жоба «Kassa NOVA» банкі арқылы қаржыландырылған. Өндіріс көлемі жылына 60 мың дана медициналық жиһаз бен жабдықтар шығаруға мүмкіндігі бар. Жалпы, жоспар бойынша жобалық қуаттылыққа шығу мерзімі 2015 жылға белгіленгенімен, Қазақстанда теңдесі жоқ, бәсекеге қабілетті арнайы медициналық техникаларды шығарумен айналысатын өндірістің  іске қосылуы шымкенттіктер үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш екендігі анық.

Е.СҰЛТАН.