Тест туралы толғаныс

243
0

2Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың   «Қазақстан-2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында, Біз қайда бара жатырмыз? деген сұраулы сөйлем  тұр. Оған өзі Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс» деп жауап береді. Бұл жай ғана жауап емес. Мемлекеттің, яғни бәріміздің алдымызға қойылған міндет.

Аталған киелі де, міндетті қалай жүзеге асыруға болады? Сұрауға жауапты, енді осы жолдаудан  табасыз. Бұл үшін сауаттылығы жоғары елге, демографиялық өсімі үдемелі, әрі тәні де, жаны да сау ұлтқа, мемлекетшілдігі кемеліне келген Үкіметке қол жеткізуіміз керек. Қоғамда аталған бағыттарда қызу да, қарбалас та әрекеттер жүріп жатыр. Нарықтық жүйеге көшкен еліміздің мектеп жасындағы баласының, атқа қонған азаматынан бастап немере, шөбере сүйіп отырған қадірлі қартына дейін білім көкжиегіне қарай асығулы. Бәрінің аузында бір сөз. Ол-тест. Тест тапсырсаң – білімді де білікті боласың, тест тапсырсаң – жұмыс табасың,тест тапсырсаң – әкім боласың, тағы сондай, сондай….
Сонымен тест алдымен білім саласына келіп жеткені ақиқат.Сәл ойланып қарасақ, бұл термин қысқарған сөз сияқты көрінеді. Яғни, «тексерудің сұрыпталған тәсілі». Әрине,ешбір грамматикалық оқулықта мұндай қысқарған сөзді таппайсыз, дегенмен астарында әділдіктің кемінде тоқсан тоғыз пайызы жатқанын мойындауға тура келеді.
Сапалы білім алып, кәсіби машықты игеру – бүгінгі күннің басты талабы. Осы міндетті орындау жалпы орта мектептің қызметіне келіп тіреледі. Бұл – Президентіміз айтқандай «балаларымыздың, жалпы, барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына зор көңіл бөлу қажет.
Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» деген сөз. Елбасы маңызды салаға жатқызған бұл шаруаның үдесінен жоғарыда айтылған оқу орындары қалай шығып отыр? Шағын мақаламызда осы мәселені қаузап көруді мақсат еттік. Мақтарал ауданы білім бөлімінің 2013 жылы өткен ҰБТ қортындысы және осы оқу жылындағы мектептердің рейтингтік көрсеткіші бойынша жасаған талдауы қолымызға тиген соң осындай ойға келдік.Облысымыздағы ең ірі ауданның бірінен саналатын бұл ауданда 122 жалпы орта мектеп шоғырланған. Мұндай көрсеткіш кейбір облыстарда да жоқ.Тестілеуге қатысқан 112 мектептің 9-нің орташа көрсеткіші 80-90 балл аралығында, 90-100 балл алған бірде бір мектеп болмай шықты.Тек бір мектептің (Б.Момышұлы атындағы гимназия мектебінің директоры О.Қозыбақ) көрсеткіші 100 балдан жоғары болды. Дәлірек айтқанда, 107,64балды құрады. Екінші орында тұрған мектептен 17,77 балл артық болып,көшті жеке дара бастады.
68 мектептің көрсеткіші ауданның орташа көрсеткішінен төмен болды. Олардың ішінде 14 мектептің орташа көрсеткіші 60 балға жетпеген болса, 4 мектептің («Мәдинет», Рудаки, №114, Айни жалпы орта мектептері) көрсеткіші тіпті 50-ге де жетпеді. Осыдан кейін аудан мектептерінің 60,7 пайызын құрайтын осынау мемлекеттік мекемелер мемлекеттің білім саласына қаншалықты пайда, қаншалықты зиян келтіріп отырғанын пайымдай беріңіз!…
Оқушылардың ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші 59, 49 пайызды құрады, ал 28 мектеп оқушыларының ҰБТ-ға қатысуы 50 пайызға да жетпеді. Бес мектепте оқушылардың қатысуы 90 пайыздан асты, оның ішінде 3 мектептің (Б.Момышұлы атындағы ГМ, Горький атындағы ГМ, «Жеңіс» ГМ) оқушылары толық 100 пайыз қатысқан.
ҰБТ-ға қатысуы, қатыспау әрбір бітірушінің өз еркі десек те, бұл цифрлардың астарында үлкен мән жатыр. Осы саланың мамандары осыған қарап-ақ білім ошақтарының деңгейін, тыныс-тіршілігін бағамдай алады екен. Зайырлы  мемлекетімізде барлық заңдар мен қағидаттар үнемі заман талабына сай өзгеріп отырады. ҰБТ-да 2015 жылдан бастап өзгеретіні белгілі болды. Ол кезде бітірушілердің түгел қатысуы талап етілетін болса, жоғарыда көрсетілгендер не күй кешпек? Енді жекелеген оқушылар туралы бір-екі ауыз сөз. Аудан бойынша 202 оқушы (6,7 пайыз) 100 және одан астам балл жинады. Соның ішінде Б. Момышұлы  атындағы мектеп-гимназия 54 оқушысы (77,1 пайыз), Горный мектеп-гимназия 15 оқушысы (28,8 пайыз), Оңдасынов атындағы жалпы орта мектеп 9 оқушысы (14,3 пайыз), осындай көрсеткішке ие болды. Осылардың қатарында 7 оқушы, Б.Момышұлы атындағы, Ә.Молдағұлова атындағы мектептерінен 2 оқушыдан, «Бірлік», «Сарыарқа» мектептерінен 1 оқушыдан 120 және одан жоғары балл жинады. Ең жоғарғы көрсеткіш 123 балл болды. Осы табыс «Сарыарқа» жалпы орта мектеп оқушысы Тағабай, Ақшолпан, Батыр қызына бұйырды.
Білім бөлімі бұлардан өзге де көптеген рейтингтік көрсеткіштер жасапты. Әрине, мұндай талдаулардың алуан түрі барлық аудандар мен облыстарда, республикада жасалғаны белгілі.
Бастысы, білім көрсеткіштерінің әр жерде, әр түрлі нәтиже беруінде болып отыр. Осы жолдардың авторы біраз мектеп басшыларымен пікірлесті. Олардың кейбіреулері өздері қолданып жүрген білім берудің жаңа әдістемелері туралы айтса, кейбіреулері ата-аналарға өкпелі, әлі де балаларды мақта теруге жегілетінін тілге тиек етеді.
Қазақ елінің болашағы мектепте деп білген. Елбасымыз мектепке жүйелі түрде көңіл бөліп отыр. Әсіресе, соңғы екі Жолдауында батыл қадамдар жасап, түбірлі өзгерістер енгізді. Жаңа мектептер салынып, жаппай соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін көз көріп отыр. Бұл салада Мақтарал ауданы көш басында тұр.
Олай болса, бізге тәрбилеу мен оқыту әдістерін жаңғырту қажет. Озық педагогикалық технологияларды күнделікті тіршілікке енгізіп, батыл қадаммен алға ұмтылған жөн.

С.ҚҰЛЖАНОВ,
Мақтарал ауданы.