Ақсақалдарымыз абыройды ойласа қайтеді, осы?

208
0

3 (3)«Қариясы бар елдің, қазынасы бар» дегенді қаперімізге құйып өскен біз ақсақал-абыздарымызға құрметпен қарап, барынша сыйлап өтуге бармыз. Олардың еңбектерін ескеріп, төрден орын беруге даярмыз. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» тәмсілін  түйсігімізге түйіп өскендіктен болар, «Қарттарым аман-сау жүрші» дегенді де жиі қайталаймыз.

Әдемі қартая білу де өнер. Әдемі қартайып, қасықтап жиған абыройына нұқсан келтірмей, бала-шағасы, үрім-бұтағына шуағын шашып, бар білген ақыл-кеңесін кейінгі толқынға арнап, өмірден көргендері мен түйгендерін жыр қылып айтып отырса жараспас па? Аталарымыздың айыбынан сескеніп өскен біздер үшін олардың орны бәрібір бөлек, мақтауға да, мақтануға да толық құқымыз бар. «Менің атам осындайды» ойын баласы кезінен-ақ санамызға жаттап өскенбіз әрі осынау ұранға бергісіз сөзді айтқан сайын көкірегімізді қуаныш сезімі кернейтіні де өтірік емес.
Біз өзіміз де жәй-жәйлап қарттықтың ауылына бет түзегендіктен бе, өзгелерді қайдам, өзіме бүгінгі қарттарымыздың басым бөлігі тым ұсақталып кеткендей көрінеді. Мұндай сөзді айту тым ауыр, айтпасқа тағы лаж жоқ. Жоқ әлде «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген осы ма? «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған шежіремен тең».  Рас, ауылымызда қарттар жоқ емес бар. Бірақ олар отбасы, ошақ қасынан әріге ұзап шықпайды, әңгімелері де соған саяды. Немесе, балаларының көлік алғаны, үй салғаны, немерелі болғанынан әріге бармайды. Ауызбіршілік, елдің ынтымағы, ағайынның татулығы жайлы жұмған ауыздарын ашпайды. Ауылға әкім келсе, алдынан тұра шабу, қолын алып, көзге түсіп қалу, жеке басына қатысты мәселелерді қаузау сияқты оғаш әрекеттерімен өздерінің абыройларын өздері түсіріп жатқаны. Әрине, араларында бірен-саран байсалдылары болғанымен, «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпай» жататыны бар.
Күні кеше теледидардан Сұлтан Сартаев ақсақалдың көсіліп сөйлеп жатқанын естіп, құлақ түрдім. Өзіміз құрмет тұтатын қадірменді қариямыз жігерімді құм етті. Айтқан сөздері жүректі айнытады. Бұдан гөрі айтпағаны, абыройын төкпегені жөн еді. Баяғы гөй-гөй ғой, «Астана қаласының атын Нұрсұлтан деп қоялық» дейді. Осы Сұлтан ағамыз айтатын сөз бе еді? Жағымпаздықта да шек жоқ екен. Оны бір Парламент Мәжілісінің депутаты іліп әкетіп: «Өте орынды мәселе, мұны депутаттар 120 пайыз қолдайды» деп, асыра сілтеп жіберді. Барлық депутаттың атынан қолдау білдіретіндей оған құқықты кім беріпті?   Қарияларымыздың ауыздарынан шығып жатқан бұл бірінші сөздер де емес. Талай-талай тарланбоздарымыз Назарбаевқа Нобель  сыйлығын беруге бастама көтерді, Сартаевтан да бұрын бірқатар дуалы ауызды қарттарымыз Астана атаусыз қалып кететіндей-ақ «Нұрсұлтан атауымен аталсын» деп өзеуреді емес пе? Ұят, өте ұят тірлік. Одан гөрі Сұлтан ағамыз дәл сол күні Қазақстан жеріне Ресей зымыраны құлап, оның алапат зардабын халық тартып отырғанын айтып, орыс зымырандары қашанғы жерімізді ойрандай беретінін Нұр-ағасынан сұрағаны жөн еді. Сұрағанда, Сұлтекеңнің салмағы жоғарылай түсіп, басымызды иіп өтер едік.
Жалпы, Елбасы ғана емес, облыс, аудан әкімдеріне көпшік қойып, олар туралы одаға бергісіз мақтауларды жеткізіп, қолдарына су құймаққа әрекеттеніп бағатын қария-қарттарымыз өздерінің дария-пейілдерінен айнымағандары мақұл. Біркүндігін ғана ойлап, атақ-абыройдан дәмелі ондай жандар кейінгі толқынға ешқандай өнеге бере алмасы да, өзінің ақсақал деген атқа лайық емесін көрсете алмасы да анық.

Е.СӘРСЕНБИН.