Сатыбалды саспады, үлкен істі бастады

223
0

4Шымкент қаласының бүгінгі әкімі Дархан Сатыбалды алғаш рет экранға шығып, «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында «Отырар» мен «Айғақ» телеарналарының тілшілерінің алдында ақтарыла әңгіме айтып, Шымкенттің бүгіні мен ертеңінің қандай болатынын жалпақ жұртқа жария етті. Асықпады, саспады, таяу мерзімдегі талай жақсы істерді атқаруға бел буған өз командасының үлкенді-кішілі бағдарламаларын ортаға жайып тастады. Егерәки, соның бәрі орындалып кетсе, Елбасы айтқандай Шымкент Қазақстандағы нағыз үшінші қалаға әне-міне айналғалы тұрғанын құлағымыз естіп, көңіліміз сенді. Бірақ көңілдің түкпірінен бір күдік қылаң берді.

Бұған дейін Шымкентті басқарған Арман Жетпісбаев, одан кейінгі Қайрат Молдасейітов те қаланың бас жоспарына байланысты атқарылатын ауқымы ат шаптырым, айта берсең алқынып қалатындай жоспарларды кезінде көптің алдында көл-көсір етіп айтқан еді. Ішіміз сезіп тұр, ақыры әңгімеден арыға бармады. Армандарды «арқалап» Арман кетті ана жаққа, «қайратын» іске асыра алмаған Қайрат Молдасейітов мына жаққа кетті. Толағай салмақтың бар жүгі енді дариядай далиған жоспарларды жайып салған Дархан Сатыбалдының иығына түсіп тұр.
Баяғы да Өмірзақ Шөкеев облысқа әкім болып келгенде қала әкімі Өмірзақ Әметті қасына алып Шымкенттің шеттеу жағына шыққан кезде «мынау Шымкент, қала емес, деревня болып кетіпті гой» деген сөзі естігендердің құлағында әлі шуылдап тұр. Сол шудың салқыны болар, қазір де Шымкенттің шуы мен дауы басылар емес.
Ендігі елдің үміті алдыңғы екі әкімнің қайраты жетпей, армандап кеткен ой-ниеттерін, жоспарларын жүзеге асырса, Шымкенттің шынымен шырайы артып, шені үшінші қаланың деңгейіне жетер күн алыс болмайтын сыңайлы. Дархан Сатыбалдының айтқандарына «әумин» дей отырып, сол жақсы кездерді облыс орталығының жалпақ жұрты көріп, жақсылығына көңілдерінің нұры толып, қуанар күн алыс болмас деп сенгеніміз жөн болар. Бәрінің де бағасын берер-уақыт. Сол үлкен міндеттердің қызығын көретін уақытты күтейік.

М.ТАЛҒАТҰЛЫ.