Ел жылап жүр, М.Әлі болса әлі мығым отыр

375
0

timthumbЕл ақымақ емес. Ол шын қаһарына мінсе теңізіңді тасытып, тауыңды аласартады. Осыны көп басшы білмейтін сыңайлы. Ал үлкен-үлкендері ондай мәселелерге мән беріп, мойын бұруды өздеріне артық әрекет санайтын секілді. Талай басылымға «тамызық» болған, Оңтүстік өңірі танитын бір басшыға біз бүгін «бармысың, бауырым?» деп сұрау салғалы отырмыз. Бұл басқаларды қайталау, өзгелердің ізімен жүру емес. Бұл арлары тапталып, көздерін жас шалып, барған жерлерінде маңдайлары тасқа тіреліп, не істерлерін білмей дал болған сайрамдық мыңдаған сабылғандардың іздегендерінің бірі – Мұхит Әліге (Әлиев) байланысты.

Егер Ақсу кентіне, жалпы Сайрам өңіріне аяқ бассаңыз «Мұхиттың дәуіріндегі» әңгімелерге сүңгіп кетпес бұрын, сүрініп кетесіз. Ол кісінің кадрларды «шемішкеше шаққаны», өзінің Төлебиінен таныстары мен туыстарына орынбасарлықтан бастап, майлы қызметтердің бәрін ұсынғаны жайындағы айтқан мен айтатындардан құлағыңыз сарсиды. Облыс түгілі республикалық басылымдардың бетінде осы азаматтың Сайрам ауданын «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстаған дәуірі кезінде қазіргі ғасырдың алып құрылысы атанып жүрген «Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай» автомагистраліне байланысты біраз шулы оқиғаға байланысты жүргізілген тексеру, жоспарланған жол салынатын аумақтағы жерлердің алдын ала алармандарға сатылып кеткенін анықтап, соған байланысты ол кісі облыстағы атқарып жүрген — ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы қызметінен уақытша шеттетілген еді. Араға адам түсті ме, әлде ақша түсті ме, сол тергеу мен тексерудің аяғы құмға сіңген судай болып, Мұхит Әлі дым білмегендей қызметін әлі атқарып жүр. Бүгіндері не қанағаттандырылмай, не басқа бір тыншытатындай әрекет жасалынбай, түйіні шешілмей отырған Сайрамдағы жесірдің емес, жердің дауы дәл осы Мұхит мырзаның кезінде қолға алына бастаған. Өйткені жекенің үлесіндегі жерді жер сұрағандарға қыл үстінен шүлен таратқандай үлестіріп берген кезде ол кісі осы ауданда қызмет атқарып отырған. Шындап жаны қысылса, бар жауапкершілікті Ақсукенттің әкіміне жаба салуда мүмкін. Бірақ ауданды басқарып тұрып, өзінің бірінші орынбасары Әли Әмірәлиев (ол кісі Төлеби ауданында да бұл кісінің орынбасары болған) арқылы, оның келісімімен Ақсукент әкімшілігі арқылы берілген жерлерді білмесе, оның заңсыздығына көз жұмып қараса, ол басшының қандай басшы болғаны. «Алтын шыққан жерді» әзірше тобықтан ары қазғымыз келмей отыр. Кешегі мен бүгінгі жер дауының айналасындағы олқылықтарды біз жоғарыда назарына ұсынған құзырлы органдар айта жатар.

«Уақыт»