Әкім Әбдуәлиев пен депутаттар неге дүрдараз болып жүр немесе аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы неге өтпей қалды?

424
0

SONY DSCИсі қазақ Түркібасы деп құрмет тұтып, қасиетті санайтын Түлкібас ауданында қытымыр қыстың ауа райымен қатар аудан әкімі мен аудандық мәслихат депутаттарының арасындағы ауа райы да аса жайсыз болып тұр. Түлкібаста өткен аптада 24 қаңтарға шақырылған аудандық мәслихат сессиясы өтпей қалды. Сессияның сол күнгі күн тәртібі бойынша аудан әкімі Қайрат Әбдуалиевтің жылдық есебі тыңдалып, 2014 жылғы аудан бюджеті нақтылануы тиіс еді. Ресми дерекке жүгінсек, сессия кворум болмағандықтан өтпей қалған. Сессия өтуі үшін депутаттардың тым болмаса үштен екі бөлігі қатысуы тиіс-тін, ал бұл күні сессияға 16 депутаттың 6-ы қатыспаған. Сессия 30 қаңтарға қайта белгіленіпті.

Аудандық мәслихат депутаттарының сессияға қатыспауының себебі бар болып шықты. Мұны редакцияға келген хатты оқып шыққан соң түсінгендей болдық. Аудандық мәслихаттағы үш тұрақты комиссияның екеуінің төрағалары мен мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі қол қойған хаттың бір данасы облыс әкімі Мырзахметовтің атына, бірі «Уақыт» газетіне жолданған екен. Аталмыш хатта Түлкібас ауданының әкіміне қатысты бірнеше жайсыз әрекеттер жайында жазылған. Хатты оқып отырып, Қайрат Әбдуәлиевті облыс басшысының күні бүгінге дейін осы бір үлкен лауазымда қалай ұстап отырғанына қайран қаласың. «Адал деген қазаннан доңыздың басы шықты» деген жайсыз теңеу осы хатпен танысқан жанның көңіліне кірбің салып, ел басқарған кей азаматтарға деген сенімге селкеу түсіреді екен.
Әкім Әбдуәлиев пен депутаттар неге дүрдараз болып қалды, енді осыған тоқталайық. Бұл жолғы дау он азаматқа «Құрметті азамат» атағын беруден шығыпты. Депутаттар күн тәртібіне төтеннен осы мәселенің енгізілгеніне наразы болыпты. Расы керек, мұндай атақ 10 азаматқа осыдан бірер ай бұрын ғана, дәлірегі 23 желтоқсан күні өткен сессияда салтанатты жағдайда тапсырылған екен. Әкім Қ.Әбдуәлиев былтыр «Құрметті азаматтыққа» он адамның тізімі бар ұсыныс беріп, оны да депутаттар үлкен наразылықтан соң әзер мақұлдаған екен. «Әкімнің сағы сынбасын, елдің басшысы ғой, біреулерге берген уәдесі орындалмай, жер шұқып қалмасын» деген аяушылықпен халық қалаулылары әкімнің ұсынысына ол жолы ешқандай қарсылық білдірмей, қалыс қалмай «ләппай тақсыр» деп бас иген болатын. Арада ай өтіп, келесі сессияға бір күн қалғанда «атақ үлестіргіш» әкім сессияның қарауына тағы да өзінің көңіліндегі он азаматтың тізімін ұсыныпты. Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында әкімнің ұсынысы депутаттар тарапынан наразылыққа ұшырайды. Бір топ депутаттың сессияға себепсіз келмей қалуына осы жағдай себеп болғаны анық. Сенімді дереккөздердің айтуынша, бұл әкімнің тосын ұсыныстарын төтеннен тықпалаған алғашқы жағдай емес көрінеді. Әкімнің міндеті – мәселені ұсыну ғана, ал бекіту-бекітпеу – депутаттардың құзыретіндегі мәселе. Аудан әкімінің депутаттарға өктемдік жасап, әмірін жүргізгісі келгені халық қалаулыларының ашу-ызасын тудырған. Шыдамның да шегі болады. Бұл жолы депутаттардың шыдамы тарс жарылған сияқты. Міне, сөйтіп, аудан әкімі мен мәслихат депутаттары арасында бой көрсетіп қалған қырғи-қабақ қарым-қатынас ушыға келе осылайша аса бір абыройсыз тірлікке ұласты.
Бізді бір нәрсе таң қалдырды. Түлкібаста барлық жұмыс түгелімен орындалып, әкімге ендігі жерде «Ауданның Құрметті азаматы» деген салмағы үлкен атақты оңды-солды үлестіруден басқа жұмыс қалмаған секілді. Жаңа басталған Жылқы жылында басқа да өңірлердегі секілді түлкібастықтарды да қыруар шаруа мен тың міндеттер күтіп тұрғаны аудан әкімін ойландырмай ма екен?
Рас, еңбегі сіңген жанға атақ бергеннің еш әбестігі жоқ. Депутаттар неге қарсы болды деген сауалға облыс әкіміне, редакцияға жолданған хатта нақтылы дәлел келтірілген. Ұсыныс бір ай бұрын берілудің орнына сессияға бір-екі күн қалғанда тапсырылған. Онымен танысуға депутаттардың мүмкіндігі болмаған. Екіншіден, сондай атаққа ұсынылған кейбір азаматтардың ауданға еңбегі сіңбегендігі, ауданға қатысы жоқтығы депутаттардың көпшілігінің ашу-ызасын келтіріпті. Мәселен, жеке кәсіпкер Әмірхан Баймаханұлы Кәрібаев өзінің еңбек жолын сонау 1980 жылы Орал қаласында автокөлік базасында бастапты, оның бүкіл еңбек өтілі Батыс Қазақстан облысымен тікелей байланысты. Соңғы қызметті де сол Батыс жақта атқарыпты, 2009 жылға дейін Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болған. Түлкібас ауданы түгілі Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында ешқандай жұмыс істемеген. Атақтың берілуі ол азаматтың аудан әкімімен жақсы сыйласқанымен тікелей астасып жатқандығын депутаттар түгілі, иіс алмастың өзі де сезетіні белгілі емес пе? Ол кісіге «Құрметті азамат» атағы тек осы ауданның Машат ауылында дүниеге келгендігі үшін берілуі керек пе? Жалпы, Түлкібас ауданына еңбегі сіңбесе де «Құрметті азамат» атағын алған азамат жалғыз бұл кісі емес.
Әкім бас-көз жоқ ай аралатып атақ беруге соншама неге құмбыл болды екен? Әлде атақтан үміткерлермен арасында бармақ басты, көз қысты бір әрекеттер болған жоқ па екен? Мұндай күдік халық қалаулыларын да, былайғы жұрттың да ойын сан-саққа жүгіртіп отыр. Және кез келген адамның бұлай ойлауы орынды да секілді. Басқа жұмыстың барлығын қарқ қылып, енді істейтін тірлік таппаған әкім ғана ай сайын он азаматқа атақ үлестіретін шығар? Оның жауабын Қайрат Әбдуәлиевтен облыс әкімі А.Мырзахметовтің өзі сұрайтын болар. Бірақ хатта жазылған мына бір сөйлем (егер рас болса) жағамызды ұстатып отыр. «АУДАН ӘКІМІ Қ.ӘБДУӘЛИЕВ ІШКІЛІК ІШКЕН КЕЗДЕ ОБЛЫС БАСШЫЛАРЫНА ІСТЕГЕН ҚЫЗМЕТТЕРІН МАҚТАН ЕТІП, ӨЗ ҚЫЗМЕТІНДЕ НЫҚ ОТЫРҒАНЫН ӘР УАҚЫТТА АЙТЫП ЖҮРЕДІ» депті хатқа қол қоюшылар. Хатқа қол қойғандар да көлденең көк аттылар емес, екеуі – тұрақты комиссия төрағалары, біреуі – мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі. Ел алдында жүрген абыройлы азаматтардың мұнысы жала жабу емес, керісінше ашынғаннан шыққан ащы дауыстары секілді.
Егер осы бір сөйлем рас болса, әкімнің шынайы бетпердесі ашылды деген сөз. Егер шындығында да солай екендігі рас болса, онда алдағы уақытта да әкім Қайрат Әбдуәлиевтің мұртын балта шаппайтынына кепілдік бергің келеді.
Бір ауданның білдей бірінші басшысы ащы суға тойып алған кезде облыстың басшыларымен қарым-қатынасының қандай екендігін айқайлап айтып, көкірегін тоқпақтап отыратынын білгеннен кейін ол кісі жайындағы осы мақаланы да біз сәл-пәл сескеніңкіреп жазып отырмыз. Облыс әкімінің «күлшелі баласы» екендігі шын болса, онда Қайрекеңнің осал келтек болмағаны.
Облыс әкіміне тапсырылған ХАТТА «Сізден сұранатынымыз аудан халқының алдында беделі төмен Қ.Әбдуалиевті басқа жұмысқа ауыстырып, өзіңіздің лайықты кадрыңызды тағайындасаңыз» деген салмағы зілдей сұраныс тұр. Осындай өтініштің басты кейіпкеріне айналған Түлкібас ауданының әкімі Қ.Әбдуәлиев туралы көп сериялы мақалаларымыздың тұңғышын бүгін жария етіп, оны облыс әкімінің назарына ұсынып отырмыз.

Б.БАЙТӨРЕЕВ

РЕДАКЦИЯДАН:

«Уақыттың» өткен жылғы 10 желтоқсандағы №45 санында «Айтайын деп айтпайсың» айдарымен «ТҮЛКІБАСҚА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТ ТӨНДІРГЕН КІМ?» атты сын мақала жарияланған болатын. Мақаланы тікелей ел Президентінің назарына ұсынған болатынбыз. Мақалада белгісіз біреулердің Иірсу елдімекенінің шығыс жағындағы Иірсу өзені жағасынан тас қазып, сол маңдағы қорық пен аудан елдімекендеріне экологиялық апат төндіріп, бірнеше ай бойы жұмыс істегені туралы мәселе көтерілген болатын. Қолға түскен құжаттарға жүгінсек, аудан әкімі бұл жайдан мүлдем бейхабар болған. Оны қорық директоры аудандық мәслихат депутаттарына мәлімдеп, соған сай депутаттар жан-жаққа сауал жолдап шыр-пыр болған. Ақыр аяғында алып техникаларын ала-мала, зым-зия жоқ болған мекеменің кім екендігін, қайдан келгендігін аудан әкімі емес, аудан депутаттары іздеп, аудан прокуратурасына сауал жолдап, ақырында табиғатты айлар бойы тас-талқан етіп, экологиялық апат төндіргендердің Тараз қаласындағы «ЮгРегионСтрой-2011» дейтін ЖШС екендігін анықталған. Әкім шындығында осы істен хабарсыз болса, бұл оның жұмыс істемейтінін білдірмей ме? Ал хабардар болған болса ше? Онда… Әйтеуір, сол жолы қолға түскен құжаттарға қарап әкімнің әлгі карьер қазғыштарды іздемегенін, сұрамағанын білгенбіз. Тіпті олардың карьер қазуға рұқсаттарының болмағандығын прокуратура анықтаған сәтте де әкім қалыс қалған. Міне, осындай іске алдымен жанашыр болатын аудан әкімінің сол кезде де немқұрайдылық танытып, жанайқай шығармағандығы көпшіліктің наразылығын туғызған болатын.
Бүгінде атақ үлестірумен бел шеше айналысып жүрген Қ.Әбдуәлиевтің құрылыс, жол, су құбырларын салу жөніндегі былықтары ОБЛЫС ӘКІМІ мен
«УАҚЫТ» газетіне жіберілген ХАТТА нақтылы фактілермен атап көрсетіліпті. Бұл фактілердің ішінде Кемербастау-Т.Рысқұлов су құбыры мен орталықтағы Т.Рысқұлов ішкі су жүйесінде кеткен кемшіліктер ашық көрсетіліпті.
Өткен жылы облыстық жер қатынастары басқармасы жасаған тексеру барысында Түлкібас ауданында жерге байланысты 341 шешім заңсыз деп танылған. Бұл да әкім жұмысының қаншалықты деңгейде жүргізілгендігін айтпай-ақ аңғартып тұр емес пе? Біз алдағы номерлерімізде Түлкібастағы аудан әкіміне қатысы бар біраз жайсыз мәселелер жөнінде сөз қозғамақпыз.