БЫЛТЫР ЖОҒАРҒЫ СОТ 450 ҮКІМНІҢ КҮШІН ЖОЙҒАН ал, елімізде қателік жіберген судьялардың мәселесін қарап жатқан ешкім жоқ

494
0

11960898
Кешегі аптада еліміздің бас судьясы Жақып Асанов сот жүйесіндегі сорақылықтарды ашып айтты. Ол «туғанына жақпаса да турасын айтады» деген зор сенімді арқалап жүрген еліміздегі кейбір судьялар әділ шешім шығармақ түгілі, сауатты сөйлей алмайтынын айтып, тосын мәлімдеме жасады. Және де ол мұндай кемшілікке Жоғарғы соттың өзін айыптады.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов қазіргі таңда аймақтардағы фемида өкілдері бұрыс шешім немесе үкім шығарып адамдарды қан қақсататынын, салдарынан әділетсіз шешімнің құрбаны болғандар Жоғарғы сотқа қарай сабылатынын жеткізді. Ал елімізде істі қарау кезінде заң талаптарына қырағылық танытпай қателікке бой алдырып, бұрыс шешім немесе үкім шығарған судьялар мүлдем жазаланбайды. Аймақтардағы судьялардың арқасын кеңге салған мұндай «жұмсақтық» салдарынан апелляциялық сот бетімен кеткен. Облыстардағы қазылар шағымды көңіл қошына қарай қабылдауға көшкен. Өткен жылы Жоғарғы соттың 450 үкімнің күшін жойғаны соған негіз. Аймақтағы судьялар әр істің артында адам тағдырының қыл үстінде тұрғанына бас қатырмайды. Арызды бүге-шүгесіне дейін қарамайды. Оған көңілі толмаған тараптар барлық құжатын көтеріп Жоғарғы сотқа қарай бет алады. Қазіргі таңда кассациялық сот қарайтын істердің саны екі есеге артқан. Осы және өзге де шындықты шырқыратып айтқан Ж. Асанов:
–Жергілікті жерлердегі заң бұзушылыққа Жоғарғы соттың өзі мүмкіндік беруде. Жоғарғы соттағы судьялар облыстарда шыққан үкім мен шешімнің үстінен қайта қарап, оны өзгертуге немесе күшін жоюға ғана міндеттімін деп ойлайды. Ал қате жіберген судьялардың мәселесін қарап жатқан ешкім жоқ. Олар неге адамдарды Жоғарғы сотқа шағымдануға мәжбүр етеді? Бұған да ешкім басын ауыртпайды,-деді.
Бұдан бөлек, Ж.Асанов елімізде шешім шығарғанда өрескел қате жіберген, заң тармақтарын белден басқан судьялардың статитистикасы жоқ екенін мәлімдеді. Кассациялық соттың аймақтардағы судьялардың артық кетіп, кем түскен тұстарын білсе де оны бүкпелейтінін жасырмады. Енді мұндай жылымық кез келмеске кететінін қадап айтты. Яғни ол, судья деген атқа кір келтіргендердің ешбірін аямайтынын, бұл бағытта Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл ұлттық бюросымен бірігіп судьялар арасындағы жемқорлықты анықтаудың әдісі әзірленіп жатқанын, істі бұрмалап, әділетсіздікке «бүйрегі бұрып» үкім шығарғандар қатаң жауапқа тартылатынын ескертті.
Сондай-ақ ол, қара тізімге енген судьялар қызметін жоғарылату үшін ұйымдастырылатын байқауларға қатысып, «бағы мен бабын» сынап көруден мүлдем шеттетілетінін шегеледі.
Сот жүйесіндегі кемшіліктерді атап өткен Жақып Асанов судьялардың жазған сөздерін түсініп болмайтынын да баса айтты. Оның айтуынша шешім не үкімдерде келтірілген судьялардың сөздері қойыртпақ, жазған мәтіндерін ұғу қиын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін оларға бас судья кітап оқу жөнінде кеңес беріпті. Бірақ судьялар келелі кеңеске құлақ асуда аса құлықтық танытпай келеді екен.
Аймақтарда кейбір судьялардың өз ісіне деген осы және өзге де салғырттығын ашып айтқан Жақып Асанов биыл сот жүйесіне қатысты 11 заң жобасына өзгеріс енгізілетінін және алдағы уақытта кассациялық сотқа істі жіберу не жібермеуді бес судьядан тұратын комиссия шешетінін мәлімдеді.

А. АЛТЫНБЕКҰЛЫ.