«ҚОЛАМТАСЫ ҚАЛҒАН» ОҢТҮСТIКТIҢ ИДЕОЛОГИЯСЫНА «ЖАН БIТIРЕТIН» ЖАН БАР МА?

421
0

010_6Идеология – қолмен ұстап, көзбен көретін зат емес. Оны ешкім сатпайды да, ол сатылмайды да. Идеология кез келген бағытты ұстаған мемлекеттің ең басты саяси қаруы. Бір жақсысы – атылмайды да. Бірақ құдіреттілігі сонша – үлкен төңкерістерді жасаудың, бүкіл системаны өзгертудің баға жетпес құралы ретінде шексіз бағаға ие.

Біз идеологияға соншама атақ пен мансапты не үшін беріп отырмыз. Егер, басқаны айтпағанда, біздің байтақ жері бар, азғантай халқы бар тәуелсіз мемлекетімізді айналдырған 20 жылдың ішінде білмейтіндер біліп, танымайтындар танитын дәрежеге көтерген сол идеология. Бұл ақиқаты анықталған шындық. Енді сәл төмен түсіп, өзіміз көбірек әңгіме етіп жүрген, қай жағынан алып қарағанда да өзге өңірлерге өнеге болатын оңтүстік Қазақстанда сол біз сөз етіп отырған идеологияның құндылығы мен салмағы қандай? Осыған келгенде сәл-пәл кібіртіктеп, сөзіміз бен ісімізден жаңылып қалатынымыз жасырын емес. Білмегендердің білгені, атқара алмай жүргендердің шындықтың алдында бас игені ләзім.

Көп сөздің басын қосып қорытындылаған кезде біз осы өңірдегі идеологияға баға бергенде оның өткені мен бүгінін електен өткізіп, екжеп-тегжегенде тіліміз бұралып, ауызымызды толтырып айтатын уәж таппай, қатты қиналып қалатынымыз бар. Безбендеп бағасын беруге ниеттенгенде де тағы төмен қарап, тұқырып қаламыз. Кешегі Кеңестік дәуірді армандап, аңсағанымыз артық болар. Ол кездегі Комунистік партияның саяси жұмысы бүгінгіден көш ілгері болған деген пікірімізбен қазіргі билік келіспегенмен, көнекөздер оған куәгер болары хақ. Тіпті өткен ғасырдың басындағы дүниені дүр сілкіндірген, сөйтіп елесті шындыққа айналдырған саяси идеология ғаламшарда жаңа системаны өмірге алып келді. Қазіргіміз – лапылдаған жалыны жоқ, қоламтадағы шоғы бір көрініп, бір көрінбеуге айналған, аты бар, затын бағалауы қиындау идеология болып тұр. Оңтүстік өңірінде әкімшілік басқару келген кезде идеологиялық жұмыс қазір Парламенттің қақ төрінде отырған Қуаныш Айтахановтай кессе тіліп түсетін азаматқа берілді. Әлі барар бағыты, жетер межесі күңгірттеу болып тұрған сол кездің өзінде Қуаныш Айтаханов қиыннан қиыстырып, жоқтан бар істегеніне кешегі тарих куә. Одан кейінгі дәуірлерде идеологиялық саланың тізгіні Сайлаукүл Барахованың қолына тиді. Өкініштісі сол, ол кісі көп із қалдырмай, сенатқа кетіп қалды. Міне, осы кезде саясаткерлік арнайы білімі бар Әли Әбдікерімұлы Бектаев осы салаға басшылық жасады. Дархан Қамзабекұлы Мыңбаевты да ұмытып кетпегеніміз жөн. Себебі – бұл екі облыс әкімінің қызметін атқарған азаматтар осы идеологиялық салаға екі реттен келді. «Не із қалдырды?» деген жанды сауалға енді кішкене тоқталып өтейік.
Дәл сол кездерде Қазақстан дамудың қарышты қадамына аяқ басқан. Бағыт, бағдар белгіледі. Оның үстіне атқаратын тірлік ұшан-теңіз болатын. Әли Бектаев аппараттағы қызметін төменгі сатыдан бастады. Одан кейін аудан мен қаланы басқарып, әбден ысылып барып келді. Сондықтан болар идеологияның қиын «арбасын» сүйреу ол кісіге онша қиындыққа түсе қоймады. Тың идеялар туындап жатты. Соның әсерінен болған жақсы істердің басы қасында үнемі Ә.Бектаев болып, оның аты алғашқылардың бірі болып аталып жатты. Әсіресе бүкіл жұмысты, атқарылған істі, оның дұрысы мен бұрысын, оң терісін қауымға жеткізетін баспасөзбен байланыс қалыпты бір арнаға түсті. Ардагерлерге, өнер адамдарына, ақындар мен жазушыларға деген біраз уақыт тоқырап қалған құрмет пен оң қабақ көрсету қалыптасты. Тағы бір айтар нәрсе сынға ұшыраған аудандар мен қалалар, жекелеген басшылар турасында нақты баға беру, кемшіліктен қорытынды шығару жұмыстары кәдімгідей жақсы жаққа ойысты. Идеологияның тек сылдыр сөз емес, оның экономикадағы, өнеркәсіп дамуындағы халықтың әл-ауқатының артуындағы қаншалықты маңызды рөлге ие болатындығын көпшілік түсінді, түйсінді.
Дархан Мыңбай осы жолды өзі басшылық жасаған кезде ілгері дамытып ғана қоймай, жаңғыртты, жаңа істерге мұрындық болды. Абыз деңгейіндегі ақын-жазушылар Алматы мен Астанадан оңтүстікке ағылды. Көптен сусап қалған халықты әдебиеттің, мәдениеттің нәрімен сусындатты «Ұлысымның ұйытқысы — Оңтүстік» атты тың бастамалар өмірге келді.
Д.Мыңбайдан кейін идеологияны басқару сенімі қайыра Ә.Бектаевқа тапсырылды. Тәжірибесі бар облыстың сол кездегі бас идеологы жаңа туындыларды жаңадан ғана туындата бастаған кезде бұл сала облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Серікұлы Оспановқа жүктелді. Саласы басқа болған соң ба, әлде басқа бір себептер болды ма, осы жүгі ауырлау, содан кейін ілгері аттаған қадамы кейінге кетті. Біз сөз басында «қоламтадағы шоққа» теңеген Оңтүстіктің идеологиясы осылайша аты бар, заты жоққа тән салаға айналды. Бұған ыстықтаудың еш қажеті жоқ. Өйткені, біз осыдан бес-алты жыл бұрын ғана ие болып, қолымыз жеткен көп нәрседен айырылып, көп бастамаларды жоғалтып алдық.
Шындық – кейде шымбайға қатты батады. Сол кезде қамшы керек. сала басшысы әуелі өзіне-өзі есеп беріп, қамшымен өзін қаттырек «осатын» болса ол жанға батады. Жанға батқан жерде қимыл мен қозғалыс болады.
Біз бүгінгі идеологияның деңгейі мен аумағын әкімдердің есеп беруімен бастаймыз. Содан кейін барып, Елбасының жыл сайынғы бүкіл халыққа арнаған жолдауын жер-жерде насихаттаумен жалғаймыз. Бір-екі жиналыспен тоқтап, тоқырап қаламыз. Ара-арасында Сенат пен Мәжілістің депутаттарының өңірге келіп, аудандарда ат төбеліндей азшылықтың басын қосып (оған студентер мен оқушылардың еріксіз әкелінетіндігін меңзеп отырмыз) өткізетін жиналысынан соң, қайтадан «идеологиялық каникулға» шығып кетеміз. Тосынан тағы бір жоғарыдан пәрмен болып қалмаса сол баяғы «құлаққа ұрған танадай» тыныштық қалыпты өмірді ары қарай жалғастырамыз. Соңғы жылдардың бедерінде облыстың қазіргі бас идеологы биік деңгейдегі алқалы жиында жұртты баурап алатын, көзін ашатын қандай жиын өткізгенін еске түсіре алмай отырмыз.
Онсыз да дүние дағдарыстың қысымынан шыға алмай, адамдарды әрі-сәрі күйге түсіріп жүргенде біз олардың бойына рухани азықты қалай сіңірудің ең тиімді жолын табамыз? Мұны ойланатын да, жолын табатын да, басшылық жасайтында – идеологияны басқарып отырған, қолында билігі бар саналы азаматтар екендігін кімдерге қалай ұғындырамыз. Қиын, бірақ бұл сала дағдарып қалатын болса онда экономикалық қуаттылық жөніндегі әңгіме «айдалаға атылған» оқ секілді болады. Идеологиялық саланы қамтитын жиындар тек науқандық деңгейде ғана өткізіледі. Мүмкін жоғары жаққа берілетін ақпар басқаша болар, біз оны білмейміз ғой. Көңілімізде «кімді кім алдады?» деген алаң бар. Сол тұманды алаңдаушылықтан бізді мүмкін бас идеолог Б.Оспанов «біздерде мынадай бар, мынадай бар…» деп көзімізді ашатын шығар. Ендеше, соны күтелік…

Қыдыр ҚАЛИЕВ

РЕДАКЦИЯДАН:

Сөз бостандығы бұған дейін «өлмеген». Келешекте де «өлмек» емес. Шымбайға бататын шындықты айтқанымызды ешкім сөкет көре қоймас. Тек мақала авторы қозғаған заманның ең өзекті мәселесіне айтылатын нақтылы шындық қандай болмақ. Біздің соны күткіміз келеді.