Шалқыған Шардараның Марғұланы
Осыдан тура 45 жылға тарта уақыт бұрын Қазақстанның Өзбекстанмен шеттесіп жатқан аумағынан алып бір аудан құрылды. Шардарадай шалқыған теңізі бар өңірге Шардара деген ат берілді. Социализмнің дәурені шарықтап тұрғанда отау көтерген аудан осынау жылдарда басынан нелерді өткермеді. Табиғаты қатаң өңір бірде көтеріліп биікке шықса, енді бірде ылдиға қарай құлдилады. Жеткен жетістігі де, қол арта алмаған олқы тұстары да аз болмады. Ауданды елі ер деп бағалаған, қауымы қадіріне жеткен Қауысбек Тұрысбеков секілді азаматтар алғаш басқарып, бүгінге дейін биіктердің негізін сол кезде қалады. Коммунистік партияның кезінде, одан бергі әкімшілік дәуірінде ауданға небір азаматтар басшылық жасап, хал-қадерлерінше үлесін қосты. Ал, біз бүгін басты кейіпкеріміз етіп алып отырған Зұлхарнайұлы Марғұланның жөні бір басқа.
Басынан қилы-қилы кезең өткен бұл Шардараңыз қазір оңалған өңірлердің қатарынан ойып тұрып орын алыпты. Дүниенің төрт бұрышы дүрлігіп, дағдарыстың салдарынан дағдарынқырап тұрған кезде шөлейт аймақтағы ауданның асығы алшысынан тұрып, айы оңынан туып тұрған ахуалы бар. Өткені мен бүгінін ой таразысына салып екшеп, ертеңгі келешегіне сындарлы көзбен сынай қарасаңыз, Шардараны жарқын болашақ күтіп тұрғанына көзіңіз жетіп, көңіліңіз сенгендей болады. Оның ақиқатын алыстан ісдеудің қажеті жоқ. Осыдан аттай 5 жыл бұрын салықтың мөлшері 250 миллион болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша салық түсімдерінің барлық түрі орындалып, аудан бюджеті кірістеріне контингент бойынша 1 млрд. 572 млн. 414 мың теңге түсіп, жоспар дегеніңіз 103,6, ал жергілікті бюджетке 1 млрд. 363 мил. 804 мың теңге түсіп, оның жоспары 103,1 пайызға орындалыпты. Осы салық дегеннен шығады айтар әңгіменің биігі мен төмені. Салықтың мөлшерінің көбейгені, өндірістік салалардың жұмысының көбейгенінің, өнімінің артқанының, табысының молайғанының жарқын көрінісі. Тұралап қалған жерде болса, Шардараңыздың салығының мөлшері 5 жылда 5 есеге артпаған болар еді. Бар жақсыны бір адамның басына кейде үйіп-төгеміз де, енді бірде басшының байыптылығы мен іскерлігін бағамдағымыз келмей, кері қарай шегіншек тейтін адамбыз ғой. Шардарадағы шалқыған істі оның дәл бүгінгі таңдағы басшысы Марғұлан Мараимның атымен қосарлай айтсақ, оны түсінігі бар жандар, күндестіктен ада адамдар айып көре қоймас. Шардараның атын шартарапқа шығаруға Марғұланға дейін әкімдік лауазымының орынтағына құйрығы тиген азаматтар да ынталы болды. Аттың бәрі тұлпар емес. Тұғырлы биікке шығу да онның бірінің қолынан келе бермейді. Қазекеңнің бір сөзі бар «Отызында орда бұзбаған, қырқында қыр аса алмайды» деген. Жүдә бір тауып айтылған сөз. Біз азамат ретінде атына алғысты пікір білдіріп отырған Марғұлан осы билікке бизнестің ауылынан отызды орталаған кезде келіп, қырыққа жетпей өзі де, басқарған ауданы да қыран қалықтардай биік қырдың төбесінен көрінді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз шалқыған деп шабыттанып айтып отырған Шардараңыз бір облыстың қала мен аудандары арасында барлық көрсеткіш бойынша баспалтақтың біріші тұғырына нық қонды. Ал, енді осы жерде Марғұлан Мараимның еңбегі жоқ деп кім бәске түспек? Бәлду-бәлду біреу болмаса, ондай оспадарсыз олқы пікірге ешкім бара қоймас.
Абырой деген ешкімге де оңайлықпен келетін, немесе қолдан сызып, жасап алатын жарты парақ қағаздық баға емес. Оның астарында көп нәрсеге қол жеткізудің жолдары жатыр. Бір ырғақты қозғалыспен көптің бірі болып, арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей, жаяудың таңын айырмай жүре берсең де болады. Ал сол көптен дараланып, көш бастаудың оңайлықпен жететін абырой еместігі әркімге-ақ белгілі нәрсе. Енді Мараим мырза бұн жөнінде не дейді, аздап назар аударып, құлақ түріп көрелік:
— Ел басқару, адамдармен жұмыс істеу, көппен тіл табысу, еңбектің рахатына бөлену, ең бастысы қымбат абыройды иемденудің қандай болатынын мен осы қызметке араласқан кезде анық аңғарып, көп мағлұмат алдым. Бизнес саласында жүргендегі алдыма бір жоспар қойып, соны орын тауып орындауға бар қабілетімді салуға деген әдеттің қалыптасқандағы мынау билігімізге келгендегі менің көп кәдеме жарады. Басшы үшін тек жақсы ұйымдастырушы болу жеткіліксіз. Бұл жерде ыждағаттылық, табандылық және сенім өзіңнің қасыңдағы ірге ажыратпас серіктерің болу керек. Сонда ғана ойлағаның жүзеге асып, діттегеніңе қолың жетеді. Ісіңнің оңға бұрылып, табысты болуы мені әлі де толық қанағат сезіміне бөлеп жүрген жоқ. Бүгін шыққан биік – ертеңге мәре болмау керек. Адам еткен еңбегіне неғұрлым қанағатсыз болса, соғұрлым асар асуы дәргейлене бермек. Мен бүгінгі жетістікті өзімнің қоржыныма меншіктеп салып алудан әсте аулақпын. Әкімдік команда, салалық басшылық, мынау ауданның 80 мыңға тарта халқы мен иемденген асқақ абыройдың қатарлас иегерлері. Егер олар болмаса менің қарақан басым қандай қауқарға ие болар едім. Солардың еңбегі, жетістігі, үлкен істерге деген ұмтылысы көңілімді марқайтып, биіктерге ұмтылдырады. «Қанағат қарын тойғызады» дегенмен келіспейтін қазақпын. Біз үшін істегі «қанағатсыздық» деген қағида ең басты терминге айналуы керек. Сонда ғана елдің тұрмысы, әлеуметтік жағдайы, жұмыс бастылығы, дастарханындағы наны артады, әлеуеті көтеріледі.
Әкім осылай дейді. Ал, енді осыған қарсы тұратын бір көлденең пікір айтып көріңіз-ші. Тұп-тура, құдды түйенің ботасы секілді ақиқат.
Енді бір сәт жұмыссыздық деген мәтіні бөлек, мерейі төмен мәселеге Шардараның көзімен көз салайық. Өнеркәсіп деген бір жүрек бар. Оның қаны ары-бері жүріп, тоқтаусыз қозғалыста болса, құдайдың бергені, табысым молайды дей беріңіз. Қазір Шардара ауданының тамырындағы қаны тоқтаусыз, сеніммен соғып тұр. Селкеуі шықпаған елі бар, сенімге ие болған басшысы бар. Былтыр ауданда 2 млрд. 772 мил. 355 мың теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Осы өнеркәсіп деген сөзге бір сәт мән берейік-ші. Бұл деген ауданда жаңа орындар ашылып, оған жаңа адамдар қабылданып, өнеркәсіп табыс тауып, адамдар ақшалы болып жатыр деген сөз. Көрдіңіз бе, бір сөздің астарынан қаншама жақсылық әңгіме туындап жатыр.
Енді бір тәуелсіздік жылдарында пайда болған инвестиция деген атаудың асты мен үстін қарап көрейік. Бұл деген – сырттан қаржы тарту, өнеркәсібіңді өсіру. Былтыр ауданға 11 млрд. 287 мил. 969 мың инвестиция тартылды. Мұныңыз Шардараңыздың шаңқай түсте де түсіне кірмеген қаржы. Егер өзіңіз ұмтылып, өзіңіз тіл табысып, жұмыла жұмыс жасамасаңыз – сізге мұндай қаржыны, айтыңызшы, қай көкеңіз береді? Осының бәрінің басы мен қасында әрине бір ауданның білдей басшысы жүреді. Сол іздейді, сол тіл табысады – содан кейін ғана барып бұйыртқан несібе босағаны аттайды. Дәл осы мәселенің орындалуына баға берсеңіз – оның арғы жағында қыруар атқарылған тірлік жатады.
Шардара – өндірісі соңғы жылдары әп-әжептеуәр дамыған аудан. Былтырлары Шымкенттен шығатын біраз басылым Мараим деген әкіміңізді о жағынан да, бұ жағынан да біраз «түрткіледі». «Зауыты мен фабрикасы елдің көзінше айдай әлемге жария етіп ашып алып, енді онысы істемей жатыр» деді. Деу оңай, ал бірақ, шындығы сол Шардараңызда сол ашылғандар әлі ашылып, ал ашылмағандары кезегін күтіп тұр. Үдемелі идустриалды – инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы ғана 3 өндіріс орны іске қосылып, 95 жан осы жерден нәпақа тауып отыр. Баяғыда болған, бүгінде қатардан шыққан құрылыс бұйымдары комбинатының аумағынан жаңа бағдарламаға сай «Индустриалдық аймақ» құрылды. Аумағы 11 гектар жерді құрайтын бұл аймақ су, электр қуаты, сарқынды су жүйелері, жол, байланыс желілерімен толық қамтамасыз етілді. Айтып көріңізші, дәл осындай қуаты көңіл қуантар істер Шымкент пен Шардарадан басқа тағы қай жерде бас көтерді? Жоқ болған соң айта алмайсыз.
Ауылдың мәселесі, оның шым-шытырық жағдайын оңтайлы етіп көтеру мүмкін ауызша айтуға оңай шығар, енді соны істеп көріңіз-ші. Шардара деген ауданыңыз дәл осы түйткілді мәселеге келгенде ешкімді алдына салмайды. Қоян жылында қорқақтамаған шардаралықтар жыл ішінде ауыл шаруашылығының жалпы көлемін 11 млрд. 735 млн. 800 мың теңгеге жеткізді. Егер осы ауқымды істі алдындағы жылмен салыстырып қарар болсаңыз, пайыздық көрсеткіштің 130,2 пайызға өскендігіне көзіңіз жетеді.
Еврейдің елінен өнеге тұтқан дүниенің елдері тамшылатып суару деген әдемі бір әдісті жүзеге асырып келеді. Шартарап теңізі шалқыған Шардарадай елде бұл әдіс кәзір дәстүрлі үрдіске айналған. Былтыр ғана олар өздері жоспарлаған 900 гектар егістік алқапты осындай жүйеге толық көшірді. Жылыжай өнімі Шардараның халқына жүйелі өнім беріп келеді.
Құрылыс бүгінде қала мен далада қарқынды дамуда. Біз тағы да өткен жылдың жақсы жұмыстарына жүгініп көрелік. 13 нысанға құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бойына қан жүгірді. Осы іске 2 млрд. 244 млн. 694 мың теңге жұмсалды. Оның ішінде не жоқ дейсіз – білім, коммуналдық салалары, Сырдария өзенінен өтетін көпір құрылыстары – осы игілікті істің көріністері.
Болашақ бүгінмен өлшенбейді, бірақ оның негізі бүгін қаланады. Білімді ел – болашағы бар ел. Ауданда 32 мектеп бар, баласының саны 18 мыңға таяйды. Былтырғы ҰБТ деген сынақ ауданның абыройын көтерді: 40 оқушысы «Алтын белгі» иегері атанса, жалпы көрсеткіш бойынша Шардара облыста алғашқы ондықтың бесінші орынын ойып тұрып иемденді. Мектебі сайлы, ұстаздары жайлы білім ордалары күнделікті тамақ пен тұрақты қамтамасыз етіледі, оның ішінде аз қамтамасыз етілген отбасылардың 918 ұлы мен қызы тегін тамақтанады.
Мектебіңізді қоя тұрып, соған дейінгі мекемелердің жай-жапсарына көз салсақ, көңіл сүйсінтер іс аз емес. Уақыт алға жылжыған сайын, бала-бақша салу ісі де алға жылжып келеді. Өткен жылы ауданда 3 бала-бақша ашылды. Бір ғана Шардара қаласының өзінде 280 бала өздеріне арналған жақсы жайдың табалдырығын аттады. Қоссейт пен Көксу ауылында да бүлдіршіндер осындай қуанышқа ие болды.
Адамның денінің саулығы, мәдениетті өмір сүруі, әлеуметтік жағынан қамтамасыз етілуі – бүгінгі заманның ең басты талабы мен тілегі. Бұл жағынан келгенде аты шартарапқа тараған Шардараңыз қатарластарының көбіне дес бермейді. Аса қауіпті аурулар түрі кеміген, халықтың өсімі артқан. Былтыр дүниеге шырылдаған Қазақстанның 2239 кішкентай азаматтары келді. Бір ғана ауданда жыл ішінде 24 спорт алаңшылары мен бір күрес залы пайдалануға берілді. Тіркеуге алынған 1823 адамның 1534 өз ыңғайына қарай жұмысқа орналастрылды. Әлеуметтік сала жаңаша бағытпен, серпінді үрдіспен дамып келеді.
Еліміздегі таза су бағдарламасы мәселесі Шардара өңірінде оң шешімін тапқан мәселелердің қатарында. Жалпы халықтың 62 пайызы орталықтандырылған су жүйесін пайдаланады. Өңірдегі бүгінгі таңдағы көңіл бөлінген мәселе – елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету. Облыс бойынша алып қарағанда халықтың осы сұранысына деген жақсы істі жүзеге асыруда Шардара алдына ешкімді салып тұрған жоқ. Жоспарланған қаржылар толық игеріліп, ретімен әр ауылды газдандыру өз мерзімінде жүзеге асырылуда.
Марғұлан Мараим бастаған шардаралықтар өздері жеткен жемісті биіктің тұғырын төмендетпеу үшін жақсы істерді жаңа табыстармен байытуда. Биылғы жылдың алғашқы тоқсаны былтырғы мерзіммен салыстырғанда төмендеген жоқ. Сарнап айтып жатқан салығыңыздың түсімі қайта көтеріліп келеді. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру былтырғыдан жоғары. Әсіресе «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы көпшіліктің арасында кеңінен түсіндірілуде. Оның төрт бағдарламасы бойынша мақұлданған жобаға сай кең көлемді жұмыстар атқарылуда. Шардара қаласының бұрынғы құрылыс бұйымдары аумағынан «Шардара» атты индустриялық аймағы құрылды.
Биылғы және алдағы жылдарға арналған үдемелі индустриялды — инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жобалар белгіленіп, оны іске асырудың алғы шарттары ауданда жасалып жатыр.
Шардара түлеп, ісі үдеп келеді. Қазақстанды басқарған Нұртас Оңғарсынов секілді біртуар азаматтың кіндік қаны тамған Түркістан аймағында дүниеге келіп, үлкен бабасы Төленнің, атасы Мараимның, ол кісінің үш ағайыны мен өз әкесі Зұлхарнайдың бойындағы тектілігі мен бектігі, кісілігі мен қасиеті бойындағы қанына дарыған Марғұлан атты азамат Шардара өңірінде осындай көптеген істердің жақсы бастамашысы, білікті басшысы, іскер ұйымдастырушысы, аптал азаматы болып жүр. Көздеген ойы, жоспарлы ісі, діттеген міндеті бар Марғұландай бір оғланның өзі бастаған, елі қоштаған жанға жағатын ісін жалпы жамиғатқа осылай бір таныстыруды жөн көріп едік. Ол ойымыздың жүзеге асқан, аспағанына қалың қауымның өзі бағасын бере жатар. Өзінің өмірлік қосағы Айгүл Үмбетқызымен бірге 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған кішкентай мемлекеттің басшысына айтар бір ғана тілегіміз бар: шығар тауың бүгінгіден де биік болсын, елді сыйлайтын, елің өзіңді бағалайтын, тәуелсіз халқыңының қадірлі азаматы бол, әркез демекпіз.
Мықтыбек ӘБДІРАЙЫМОВ,
Шардара қаласы.