Жетісайға Абайдың рухы келді

3103
0

Жетісай қаласындағы аудан және қала әкімдіктері ғимараттары бір көшенің екі бетінде иық тірестіріп, қатар тұр. Екі ғимарат алдындағы алаңдар арадағы көшені алаңға айналдыру арқылы біріктіріліпті. Жаңаша архитектуралық өрнекке ие болған бұл аумақ көпшілікке арналған гүлзар баққа айналды. Ортасына, яғни Абай және Әуезов көшелерінің қиылысына Абай ескерткіші орнатылған.

Жуырда біз осы ескерткіштің ашылу салтанатына қатыстық. Жұртшылық алдында  сөз алған аудан әкімі Серік Тұрбеков ескерткіштің Әуезов және Абай көшелерінің қиылысына орнатылуының символикалық сыр-сипатына тоқталды. Елбасының «Әуезов – біздің бүгінгі адамзатқа ортақ мәдениет шеруіне қатысуға жолдама алып берген елшіміз» деген сөзін тілге тиек ете отырып, Абайды әлемге танытқан Әуезов екенін сол арқылы өзі де әлемге танымал болғанын айтып өтті. Осыдан кейін арнайы шақырылған қонақ, белгілі Абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Мекемтас Мырзахметов мінберге көтерілді. Ол Абайды зерттеудің Әуезовке дейінгі, Әуезов кезіндегі және Әуезовтен кейінгі кезеңдерін атап көрсетті. «Тәуелсіздік алғанға дейін Мәскеу ғалымдарға тұсау салып отырды. Ал, Абай шын мәнінде хакім еді. Хакім «ғылымда теңдесі жоқ» деген ұғым білдіреді. Мұндай хакім Шығыста, Еуропада, орыс елінде жоқ. Абайдың толық адам туралы тұжырымдары Аристотель мен әл-Фарабиге барып тіреледі. Солармен тең тұрады. Міне, осыны кеңестік идеология астамшылықдықпен мойындамады. Өзгелерге де мойындауға жол бермеді. Толық адам деген кім? Ол – Алланы ақылмен емес, жүрекпен сезінген, сөйтіп шын әділдікті мойындап тұтынған кісі. Толық адам – рухани жан-жақты қалыптасқан, үлкенді сыйлай білетін, шындықты қастерлеген, мінез-құлыққа бай адам. Абай мен Шәкәрім осыны дәлелдеп кетті. Жасыратыны жоқ, қазір Еуропа, бүкіл Батыс мінез-құлық тұрғысынан әбден іріп-шіріп барады. Бұл құбылыс біздің халыққа да жұға бастады. Бұл дерт бізді орыс империясының жаулап алуымен бірге келген-тұғын. Абайдың толық адам теориясын меңгергенде біз сол кезде-ақ орыстардан озып кетер едік, ол болмады. Отаршылық өркениетке емес, надандыққа жол ашты. Ұлылар халықтың санына қарай емес, санасына қарай шығатынын кәрі тарих дәлелдеп берген. Сондай бақытты халықтың бірі – біздің қазақ. Қазақ отаршылдықтан мұра болып қалған рухани құлдыраудан әлі-ақ толық шығып кетеді. Себебі, нұрын шашып ұлы Абайымыз тұр. Пайда ойламай, ар ойлайтын кез келді. Ағайындар, Жетісайға Абайдың рухы келді».
Ғалым аға осылай деп айтып ауыз жиғанша болған жоқ жиналған қауым зор қошеметпен қол шапалақтап, оның сөзін бөліп жіберді. Иә, бұл шапалақ Абай рухының Жетісайға жеткенінің белгісі еді. Мұндай батыл пікірді кеңестік кезең түгілі, Тәуелсіздіктің таңы атып тұрған шақта да айтуға бата алмайтындар жеткілікті. Біз ғалымның сөзін тек Жетісай еліне емес, исі қазаққа берілген бата деп ұқтық. Лайым осы бата халқымызға жұғысты әрі сіңімді болғай!
Абай ескерткішін аудан әкімі С.Тұрбеков, Абайтанушы ғалым М.Мырзахметов, аудандық мәслихат хатшысы О.Нұржанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жолдыбаев, еңбек ардагері А.Керуенбаевалар салтанатты түрде ашты. Бұдан соң аудан әкімдігі атынан ғалым ағаға қазақы дәстүрмен шапан жабылды, сондай-ақ, еңбек ардагері Ж.Әбиболаев та өз атынан ғалым інісінінің иығына шапан жапты.
Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.