«Қақпақыл» болған кадр саясаты Оңтүстікте «ойынға» айналғандай
«Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлейтін» мына заманда сенің тәжірибең де, біліктілігің мен біліміңнің де құны көк тиын. Жүз жерден ойбайласаң да, төбедегі төрт тал шашыңды жұлсаң да көрген күнің-осы. Көнбесең өзің біл. Әйтпесе, саясаттан да, «сарқыттан» да қағылып жүрген қаншама тұлғалар тасада қалып, елеусіз жүрген әлдекімдердің әкімдік қызметтерге қонжиғандарын көргенде, «қақпақыл» болған кадр саясатынан түңіліп кетесің. Ертеректе қайдам, Оңтүстікте бұл үрдіс облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тұсында «гүлденіп» тұр.
Мәселен облыстық білім басқармасының бастығы лауазымына өзі аттай қалап әкеліп отырғызған М.Туғанбаевтың түсініксіздеу тірлігі журналистер қауымына жылдан аса азық болды. Ақыр аяғында өз кадрынан өзі жеріп, бұл орынтаққа тағы бір таңқалдырған тағайындау жасады. Бүкіл облыстың педагогтарына бас болуға бұрын-соңды білім саласында істеп көрмеген, заты түгілі атын білмейтін Альбина Елшиева келгенде, шынымызды айтсақ, есеңгіреуге аз қалдық. Бұл ханымның да қарық қылғаны шамалы, тек соңғы кезде оның соңынан сыпсың сөздердің желдей ескені болмаса. Әйтпесе, Оңтүстікте осы орынтаққа лайық үміткердің шықпағанына кім сенеді? Айтарынан айқайы, шындығынан гөрі сұмдығы көп мектептердегі күрмеуі қиын мәселелерді шешуге Альбина ханым дәрменсіздік те танытпас еді. Бір кездері Сайрам ауданында ауыл әкімі қызметін атқарып жүрген Тұманбек Әлиевті Қазығұрт ауданына әкім болып барады деп кім ойлаған? Дәл сол мезетте «Оңтүстік Қазақстан» газетінде Әлиев тұрғысында сын мақала жарық көріп, соңы қалай дау-дамайға ұласқанын, кінәсіз журналистердің қалай жазаға тартылғанын куәсі болғанбыз. Мейлі ғой, Асқар Исабекұлының да бір ойлағаны бар болар, енді сол Әлиев облыстық құрылыс басқармасының бастығы болып тағайындалғанда таңырқамаған жан қалмады.
Қақаған қыста су астында қалған Темірланмен атағы жайылған Ордабасы ауданының әкімі Шоқан Кенжеев те кезінде бұл орынтаққа кездейсоқ келген кадр болатын. «Қашайын деп тұрған киік еді, басына таяқ тиіп еді…» демекші, онсыз да жауапкершілігі жетісіп тұрмаған әкімге сор айдаған тасқын су себеп болып, бір күнде атынан ауып түскенін байқамай да қалдық. Сол Кенжеев бүгінде Сайрам ауданы әкімінің орынбасары қызметін ың-шыңсыз атқарып жүрген жайы бар. «Ұрылған жерге» (бұрынғы орынбасар сыбайлас жемқорлыққа қатысты ұрылған деген сыбыс бар) барған Шоқан Кенжеев онда да қарық қылмасы шамалы. Кадр саясатының «ойыны» мұнымен де бітпеген көрінеді. Түркістанның әкімі Қайрат Молдасейітовті өзіне біртабан жақындатып, Шымкент қаласының әкімі етіп қойды. Ал «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» Арман Жетпісбайды дәл туған күнінде атынан өңгеріп тастайтындай, Мырзахметовтың басына не күн туғанын түсінбедік? Қазығұртқа да, Түркістанға да бұған дейін орынбасар болған кадрлар әкім болып тағайындалғанда, бір саусағымызды тағы да ішке бүктік.
Мамыр айындағы мерекелерден соң жұртшылық «енді кім кетіп, кім келер екен?» дегендей, Ақ үйге қарай елеңдеулі. Бүгінде көптеген әкімдер мен басқарма басшыларының ұйқылары шала. Оңай ма, оңайшылықпен келмеген креслосын кім көлденең көк аттыға бергісі келеді? Не де болса, біздің облыста кадр саясатының самалы сұмдық есіп тұр.
«Уақыттың» шолушысы.
Р.S. ОҚО әкімі А.Мырзахметовтың кадр қоюудағы қателіктері туралы газетімізде жарияланған бірнеше материалдар Президент Әкімшілігі аппаратына да жетіп, жуырда ол жақтан бізге ресми түрде жауап хат келді. Біздің көтеріп отырған мәселеміз Ақорданы да бей-жай қалдырмағанға ұқсайды.
• Сіз не дейсіз?
– Жалпы, мемлекет басшысы кадр мәселесіне ерекше мән береді. Алайда жергілікті жерлерде кадр саясаты дұрыс жүргізіліп отырған жоқ. Елбасы бір кездері кадрлар резервін құрған-тын, өкінішке қарай, сол резерв әлі іске қосылған жоқ. Бір адамның резервтен алынып, шені өсіп жатқаны елдің есінде емес. Яғни атқарушы орган өздері қабылдаған шешімді орындамады. Бұл – үлкен қателік. Кеңестік кезеңде кадр мәселесіне өте ұқыпты қарайтын. Жастардың іс-тәжірибесін арттыруға, шыңдауға ерекше мән берілетін. Қазір шетелдің мақтаулы оқу орындарын бітіріп келген жас мамандарға бірден үлкен тізгінді ұстатады. Ал, ол жергілікті жердің менталитетін түсініп, қадір-қасиетіне жете ала ма?
Соңғы уақытта «Кадр жетіспейді» деген әңгіме жиі айтыла бастады. Мұны «Көрмес түйені де көрместің» пікірі дер едім. Өзге облыстардан адам шақыратындай не күн туды Оңтүстікке? Сауатты, іскер кадрлар осында да жеткілікті. Мүмкін, тек бас шұлғи беретін «жуас» мамандар «жүндеуге» жақсы шығар, бірақ мұндай көзқарастан түбінде зардап шегетініміз ақиқат. Өзіндік пікірі мен мінезі бар, өте білімді кадрлардан қорқудың керегі жоқ, қайта соларды пайдаланып, облысты едәуір дамытуға болады. Біздің облыстың әлеуеті өте күшті. Референдумда да, сайлауда да Оңтүстік халқы жұмылған жұдырықтай бірлікті паш етуде. Елбасы осындағы жұртшылықты өзінің тірегі санайды. «Келісіп пішкен тон келте болмайды», ел басқару ісін облыс әкімі көпшілікпен ойласып атқаруы керек. Өзімбілермендікке салған адам ақырында өз ісінен опық жейді. Кадр мәселесінде асығыстыққа бармау керек. Өз кадрымыз өзімізге жетеді.
• Сіз не дейсіз?
Біздің облыстағы кадр саясаты «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегенге ұқсайды. Аудан және басқарма басшылары жарты жыл сайын ауысады. «Мынау қандай кадр?» деп елден сұрамайды, жұртшылықпен ақылдаспайды. Білімі мен білігі өзіне тиісті салаға мүлдем сәйкес келмейтін мамандар тағайындалып жатыр. Меніңше, бұл ретте жоғарыдан тапсырма болады немесе жоғарыдағылар өзінің ойына келгенін істейді. Өкілетті органның өкілі ретінде біз пікірімізді ашық білдірсек, бәлеқор атанып жүрміз. Нәтиже шықпайтын болғандықтан, қазір ештеңе айтқымыз келмейді. Шаршадық.
• Сіз не дейсіз?
– Соңғы жылдары Шымкенттің кадр мәселесінде біз түсіне қоймайтын ауыс-түйістер жиіледі. Міне, осыдан біраз бұрын облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевтан ішкі саясат мәселесі облыс әкімінің 1-орынбасары Берік Оспановқа өтті. Саналы өмірін түгелдей дерлік идеология саласына арнаған, облысқа белгілі тұлға Әли Бектаевтан ішкі саясаттың алынуы жайдан-жай емес. Бұған не себеп болды? Ішкі, аппараттық тартыстағы Әли Бектаевтың жауларының тактикалық бір жеңісі ме, әлде облыста қалыптасқан ішкі ахуалға әкімнің берген жауабы ма? Ал, ол ахуал қандай және ол ахуалдың нашарлауына бұл жағдайда тікелей Бектаев қана айыпты ма? Көп жағдайда идеологиялық ахуалдың күрделенуіне медициналық, әлеуметтік, құқық қорғау, жер бөлу бағыттарындағы сорақылықтар тікелей себеп болып жатады. Расында, облыстағы ішкі ахуалдың, оның ішінде ішкі саясат сферасында қалыптасқан ахуалдың нашар емес, өте нашар деңгейде екені белгілі. Басқаны қойып, газет иелерінің өз газеттерін «қоғамның құлағы мен тілі» атты статусынан «жеке өзімнің жауларыма қарсы қолданатын қаруым» статусына көшіруі, жатып алып соғысуы, қоғамнан, жұртшылықтан ұялмай, аузына келгенін айтып, бір-бірін қаралап, жала жауып, шектен шығып жатуы – облыста «әй дейтіннің де, қой дейтіннің де» жоқтығын көрсетті. Оның үстіне газеттердің «дәрігерлер» соғысына сүңгіп қойып кетуі, сол газеттердің басшыларының руы-жүзі мен соғысушы дәрігерлердің ру-жүзінің тура келіп жатуы – облыстағы қоғамдық-рухани-саяси келбеттің құбыжықтанып, примитивтеніп, құрдымға тартып, қалыбы – заманауи, мазмұны шынайы феодализмге айналып жатқанының айғағы. Бірақ жағдайдың осылай күрделенуіне алып келген не? Кадр саясатындағы ойсыздық, ізсіздік, субъективтілік, өзімбілемдік. Ал бұл бағыттағы ең басты сорақылық – облыс әкімі төрағасы болып танылатын «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өткен сайлауға партияның атынан кандидат ұсынуы болды. Неге екенін тек Аллам білсін, абыройлы, ел қолдайтын ірі тұлғалары тұрғанда, елге белгісіз, мүлдем беделсіз біреулерді парттізімге «тықпыштап», оларды сайлауда өткізе алмай қор болып, ақырында депутаттыққа олар емес, басқа партиядан ұсынылған, бірақ ел арасында шынайы абыройлылар мен күштілер өтіп кеткен, сол партияның тізіміне кіре алмаған, бірақ танымал да қуатты «нұротандықтар» өтіп кеткен жайлар орын алды. Орын алғанда бірді-екілі емес, өте көп қайталанды. Мұны бүкіл ел көрді. Күлді. Тек сабақ алған әкімдікті көрмедік. Сонымен, абырой кетті. Ал, абыройсызды кім тыңдасын, жан-жақ – қаулаған әңгіме, лаулаған жанжал. Тіпті жоғарыда аталған «дәрігерлер» соғысының да себебі жүздік бөлінуде жатыр. Мұндағы диагноз – «қайтсек облыстық аурухананың бас дәрігерін алып тастап, өзіміздікін қоямыз». Басқарушы партияның біздің облыстағы беделін күйретіп жіберген соңғы сайлаудан соң ес жиып, әр қадамды мұқият есептеудің орнына жақында тағы бір «таңғаларлық комбинация» – идеология саласының кураторын ауыстыру орын алды. Және тәжірибелі «ішкісаясатшы» Жалмұрзаев ішкі саясаттан босатылып, «дін» саласына жіберілді? Ал жаңа «ішкісаясатшы» Тағаева Шымкенттегі көңіл-күйді зерттеп, дұрыс «диагноз» қойып, емдеуге кірісіп, алғашқы нәтижеге қол жеткіземін дегенше, «облыстағы қоғамдық-саяси ахуал» атты науқас о дүниеге өтіп кетпей ме? Тіпті бұл кісі «диагноз» қойып, емдей алатын қабілеті бар деп есептегеннің өзінде, уақыттан ұтылып қалмаймыз ба? Мұнда да, егер аталмыш әрекетте мемлекеттік мүдде тұрғысынан логика болса, ел түсінер еді. Бірақ сол логиканы қаншама «қазғылап, іздесек» те, таппадық. Ал, облыстық ішкі саясатты айтпай ақ қойсақ та болады, бұл органның реттеуші, үйлестіруші емес, «кезекші таяқжеуші» және «пробка» ролін атқаруға кіріскеніне қай заман. Сондықтан, бүгінгі ахуал – түсінікті нәрсе. Дүниенің ең алпауыт мемлекеті Американың өзінде мемлекет деген биліктің күші – полиция мен әлімжеттікке, өзімбілемдікке негізделген «қара күштің» арқасында емес, әр қадамын екшеп, барлық саяси күштердің мүддесін ескере отырып жасалған қадамдарға негізделген абыройдың, беделдің, қоғамның сенімінің арқасында ұсталады. Бұл үшін алдымен кадр саясаты түбегейлі өзгеруі қажет. Біздің облыста осы қарапайым ақиқатты шонжарларды жиып, қайтадан оқыту керек сияқты.