«Идеологияға жауапты адамдар журналистикаға көңіл бөлмейді»

347
2

Захардин ҚЫСТАУБАЕВ, Қазақстанның Құрметті журналисі:

– Зәке, есіміңіз елге белгілі журналиссіз. «Қазақстанның Құрметті журналисі» деген атағыңыз тағы бар. Алайда соңғы уақытта Сізді жоғалтып алғандаймыз. Журналистиканы қойдыңыз ба мүлде?

– Журналистикадан біржолата кеткенім жоқ. Кете де алмаймын. Бірақ қазіргі уақытта біршама алыстап жүргенім рас. Өйткені біздің Оңтүстік Қазақстан облысында, Шымкентте таза журналистика мен білікті, кәсіби журналистердің екі өкпесі қысылып қалған сияқты. Шығармашылықпен емін-еркін жұмыс істейтін жағдай күннен-күнге азайып бара жатқандай. Бұл ретте жоғарыдан жасалатын пәлендей қысым бар деп ойламаймын. Мәселенің төркіні жергілікті жердегі қалыптасқан бір қасаң қағидалар мен жағдайларға барып тіреледі. Идеологияға жауапты адамдар журналистикаға көңіл бөлмейді. Оның бірнеше себебі де болуы мүмкін. Менің пайымдауымша, олар журналистиканы түсінбейді. Жарайды, түсінбей-ақ қойсын, міндетті де емес шығар. Бірақ сол идеологияның төңірегінде жүргендер идеологияның да не екенін түсінбейтін сияқты. Мысалы, қалалық әкімдіктегі осы салаға жауап беретін мамандар, тіпті, жоғары лауазымды мамандар той басқаратын асабалардай көрінеді маған. Айталық, үлкен той өтеді. Оған бір мейрамхананы жалдайды, 200-400 адам шақырылады. Біріншіден, той кешігіп басталады. Оған асаба жауап бермейді. Екіншіден, той қызықты өтпеуі мүмкін: біреу тілек айтып жатқанда, екіншілері ішімдікпен әуре, үшіншілерінде – қарқ-қарқ күлкі, өзімен-өзі мәз-мейрам. Яғни той ырду-дырду болып өтеді. Асаба оған да жауап бермейді. Алайда, қалай болған күнде де, әу баста келіскендей көрсеткен қызметі үшін ол ақшасын алады. Ал, той өткеннен кейін ешкім той иесіне «Сенің тойың нашар өтті» демейді. Бәрі «жақсы, жақсымен» шектеледі. Міне, осы «жақсы, жақсының» көлеңкесінде асаба күнін көріп жүре береді. Өзі, шынында да, асабаға қойылатын ерекше талаптар жоқ қой бізде. «Қонақтар және Сіз не қаласаңыз, соны орындаймын» дейді асаба. Қысқасы, асабада нақты жауапкершілік жоқ. Идеологияның тізгінін ұстап жүрген кадрлар да осыларға ұқсайды. Ештеңеге жауап бермейді. Мысал келтірейін. Мен талай жерді аралап жүрмін. Сонда байқағаным, Шымкентте қазақ тілінің ахуалы өте нашар. Мұны Үкіметте, Президент Әкімшілігінде отырған тиісті мамандар көрмейді. Неге? Өйткені бізде кез келген мәселеге салыстырмалы түрде қарайтын әдет қалыптасқан. Бізді Солтүстік Қазақстан, Ақмола секілді әбден орыстанған өлкелермен салыстырады. Оларға қарағанда, әлбетте, біз ілгеріміз. Осында бір жиын өтті. Сонда Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетінен келген Бауыржан Омаров деген жігіт «Шымкентте тіл мәселесінде проблема жоқ. Керемет қой…» деп риза болып кетті. Дегенмен көшеге шығып, қалың бұқараның сөзіне құлақ салып көріңізші, төбе шашыңыз тік тұрады. Шын мәнінде, қазақша сөйлеп жүрген адам жоқ. Орысша да сөйлеп жүрген адам жоқ. Екеуін араластырып сөйлейді. Және, ең қызығы, кілтті сөздердің барлығы орысша айтылады. Мәселен, «Сен дүйсенбіде біздің үйге кел» деген сөйлемдегі «дүйсенбіденің» орнына «понедельниктені» қолданады. «Міндетті түрде» демейді, «обязательно» дейді. Алматы қаласында тұрғанымда, бір ғалым кісімен жақын араласушы едім. Сол бір күні Татарстанға сапар шегіп қайтқанын айтты. «Қазан қаласында түске дейін жүріп татар тілін игеріп алдым» дейді ол. «Мүмкін емес» – деп күлдік. «Шынымен меңгердім. Өйткені татар тілінде бір-ақ сөз бар екен: «итаек». Работать итаек, обедать итаек… десең жетіп жатыр». Бұл, әрине, анекдот іспетті. Өкінішке қарай, біз де осыған жақындап қалдық. Жалпақ жұрттың ауызекі сөйлеу тілі қазір тым шұбарланып кеткен. Жазу мәдениеті, сөйлеу мәдениеті туралы айтып жүрген ешкім жоқ. Осыған жауапты адамдар қайда қарап отыр?

Түсіне білген адамға журналистика – идеологияның кілті. Журналист кадрларды өсіру, тәрбиелеу, іріктеу, қызметке орналастыру деген ұмытылғалы қай заман. Идеологияға жауапты билік өкілдері «Бұқаралық ақпарат құралдарының көбісі тәуелсіз. Қандай газет шығатынына және оған кімнің редактор болатынына, кадр мәселесіне біз араласпаймыз» деп ақталады. Дұрыс. Алайда сол жергілікті билік мемлекеттік тапсырыс шеңберінде облыс пен қаланың тыныс-тіршілігін жария ету үшін қаншама (!) басылымдарға қаржы беріп отыр ғой. Ал, мемлекеттік ақпараттық саясат қалай жүзеге асырылып жатыр? Оның сапасы қандай? Тендерден ұтқан басылымдардың материалдық-техникалық базасы мен шығармашылық құрамы шын мәнінде тиісті талаптардың үдесінен шыға ма? Оны ешкім шындап сұрамайды. Конкурсқа құжат дайындағанда, 2-3 журналистің дипломы жүрсе болды. Мемлекеттік тапсырыспен жазылған материалдардың сапасын шұқшиып қадағалап жатқандарды да аңғармадық. Қазір газеттердің көпшілігі баспасөз хабарламаларына арқа сүйеуден арыға бармайды. Әрі барса, интернетке жүгінеді. Газеттің жанрлары туралы бірдеңе деу, тіпті, қиын. Мысалы, қазір фельетон жанры мүлде жоқ. Оны ешкім жазбайды, ешкім сұрамайды. Очерк пен сараптау материалдардың да күйі осындай. Әйтеуір, хабар-ошардың төңірегінде жүрміз.

Оның үстіне бүгінде Оңтүстікте журналистердің мектебі қалмағаны да ойлантады. Бұрын газет санаулы-ақ еді. Аудандық, қалалық, облыстық газеттер ғана болатын. Солардың ішінде «Оңтүстік Қазақстан» газеті журналистердің мектебі саналатын. «Оңтүстік Қазақстаннан» бір кездері небір қаламы қарымды азаматтар түлеп ұшты: М.Шаханов, И.Сапарбай, М.Байғұт, К.Үкібаев, т.б. Мен өзім де жас кезімде «Оңтүстік Қазақстанның» мектебінен өттім. Енді бүгінде тәжірибелі журналист ретінде бір-екі шәкірт тәрбиелеп, білгенімді үйретейінші, журналистиканың теориясы мен практикасын меңгертейінші деген ниетпен біреулерді қамқорлығыма алайын десем, адамдар мұны түсінбейді. Сіз қамқорлық жасасаңыз, «Бұл менен пара дәметіп тұр ма?» деп ойлайды. Бұл – өз басымнан өткен жағдай.  Бірде маған бір студент қыз келді. Шымкенттегі жоғары оқу орындарының бірінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқиды екен. Журналист болуға құштарлығын айтты. «Жарайды, журналист боламын десең, үйретейін. Тапсырма берейін» дедім мен. Бір-екі күннен кейін әлгі қыздың әпкесі қоңырау шалады: «Біз осынша ақша берсек, сіз сіңлімді жұмысқа аласыз ба?» – деп. Таңғалдым. «Ұстаздық» деген ұғым ұмытылыпты. Тамыр-таныстық, парақорлық журналистикаға да ауыз салғанына қынжылдым. Себебі, тамыр-таныстық жайлаған журналистка ұзаққа бармайды.

– Демек, бүгінгі журналистикада ұрпақтар сабақтастығы, тәжірибе алмасу деген кейінгі планға ығысқан да.

– Солай болып тұр. Мысалы, М.Байғұт зейнетке шыққан соң «Егемен Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі болып жұмыс істеді. Неге ол орынға жастарды қабылдамайды? Себебі, «Егемен» М.Байғұттың тәжірибесін пайдаланғысы келді. Міне, сондай журналистердің көрген-түйгенін Шымкентте де кәдеге асыруға болады. Айталық, Журналистер одағының ОҚО-да филиалы бар. Ол филиалға төраға болып біреу келеді, біреу кетеді. Бәлкім, онда жұмыс істеуге жағдай да жоқ шығар. Қаржысы болмауы мүмкін. Бірақ филиалды басқарып отырған азаматтар, менің ойымша, немен айналысу керектігін анық-қанық білмейтін секілді. Есесіне, оларға жылт етіп өзін көрсетіп қалатын, ұпай жинайтын іс-шаралар керек. Керемет бірдеңені өткізіп, жұртты таңдандырғысы келеді. Жұрт болғанда да, әкімдерді, лауазымды шенеуніктерді. Менің ойымша, бұлай әуреленудің қажеті жоқ. Журналистер одағының атқарып жатқан жұмысынан жұрттың жаппай хабардар боп отыруы міндетті емес. Атқарылған жұмыстар онсыз да газеттердің, телеарналардың сапасынан көрінетіні сөзсіз. Егер іс-шара өткізу керек болса, жас журналистердің қарым-қабілетін шыңдайтын түрлі семинар-тренингтер ұйымдастырсын. Алдыңғы буын мен кейінгі толқынның басын қосып, пікірлестірсін, тәжірибе алмастырсын. Немесе осы күнге дейін Одақтағы азаматтардың «Әріптестер, мына журналисіміздің қызметі өспей қойды ғой. Сауатты. Мінезі де жақсы. Осыны қолтығынан демейік! Немесе мына талантты журналист жұмыссыз жүр. Ұят емес пе?!» деп жаны күйгенін естідіңіз бе? Бұл ретте алысқа бармай-ақ Асанбай Асқаровтан үлгі алсақ та жетеді. Осында Зұлпыхар Досымбеков деген журналист болған. Облыстық партия комитетінде 10-15 жылдан бері еңбек етіп келеді екен. Айналасындағылардан А.Асқаров «Мына Досымбеков деген кім?» деп сұрапты. «Ойбай, жақсы кадр». «Білімі қандай?». «Білімі де терең. Мінезі де жақсы». «Ендеше, неге оның лауазымы өспейді? Неге өмір бойы нұсқаушы болып өтуі керек? Егер қолынан іс келмесе, сырғытыңдар! Ал, еңбекқор болса, шенін өсіріңдер!». Артынша Досымбеков бөлім бастығы болды. Журналистер одағы, лажы болса, осындай мәселелерді қолға алсын.

Соңғы уақытты Америка мен Еуропа елдерінде журналистерді дайындау тәсілі өзгеру үстінде. Біз секілді 4-5 жыл оқытпайды. Жазуға қабілеті болса, кез келген агрономды да, инженерді де, мұғалімді де 2-3 айлық оқу курсынан өткізіп, журналист етіп шығаруға болады екен. Менің ойымша, ол – дұрыс. Өйткені журналистикада «газет жанрлары» деген 7-8 жанр бар. Соның бір-бірінен айырмашылығын үйретсеңіз, жеткілікті. Қолда бар кадрларды бағаламасақ, жастарды тәрбиелемесек, кәсіби журналистер мен қолына енді қалам алған кадрларды өзара пікір бөлістірмесек, журналистика қалай дамымақ?! Қазіргі жас журналистер көбіне-көп интернетке әуес. Содан тақырып, идея алады. Тек интернет арқылы газет шығарып отырған редакторлар да арамызда жүр.

– Жас журналистердің білімі мен білігін арттыруда, егер сезіне білсе, БАҚ басшыларының мойнында да әжептәуір жауапкершілік бар ғой деп ойлаймын.

– Оныңыз рас. Ылғи байқаймын, Шымкенттегі БАҚ басшылары қарамағындағы журналистерге тым талапшыл. Ал, оның жазуға қабілеті һәм мүмкіндігі бар ма, оған қандай жалақы төлеп, қандай жағдай жасап отыр, бұл мәселелерге онша бас қатыра бермейді. Бейнелі түрде айқанда, «жас журналистердің қанын сығып алу керек!» деген қағида үстемдік құрып тұр. Қанын сығып алсаңыз, ертең ол журналист жансызданып қалмай ма?! Әрине, қарамағыңдағыларға талап қойған дұрыс шығар. Бірақ сол талапты ең әуелі басшы ретінде өзіңе қоюың керек! Мен осында бірталай редакторларды білемін: журналистерден шығармашылық жоспар, мақала талап етеді, алайда өздері бір идея айтпайды, бастама көтермейді, бір мақала жазбайды. Сірә, жаза алмайтын да болуы керек. Өзің үлгі-өнеге көрсетпей, айналаңнан талап ете беру шығармашылық ортаға жат. Мүмкін, басқа салада столды жұдырықпен бір қойып талап етіп, ысқырығың жер жарып, дөңайбат көрсетіп өмір сүруге болатын шығар. Кешіріңіз, журналистикаға мұндай «талаптар» жүрмейді. Абыройдан да, беделден де жұрдай боласыз.

Оңтүстіктегі БАҚ басшыларына тән тағы бір кемшілік, журналистерді әрқайсысын өз қабілетіне қарай пайдалану деген жоқ. Бейнелі түрде айтсақ, мысалы, мен – «бульдозер» журналиспін. Бірақ бастығым маған күрек ұстатады. Бұлай бола ма?! Мысалы, «Егемен Қазақстан» газеті әнебір жылдары Шығыс Қазақстанда су тасқыны орын алғанда Мархабат Байғұтты өте дөп пайдаланды. «Егеменнің» аталмыш облыста меншікті тілшілері жоқ емес. Бар. Әйтсе де газет басшылығы сондағы жағдайды тек Мархабат қана тұшындырып жаза алады деген байламға келсе керек.

– Журналистер одағы ОҚО филиалының жұмысына көңіліңіз толмайтынын айтып қалдыңыз. Таяуда осы ұйым облыс көлеміндегі қалам ұстаған қауымның басын қосып, алқалы жиын өткізді. Осы басқосуда журналистердің өзара ынтымақтастығы, ауызбіршілігі күн тәртібіне шығарылып, қызу талқыланды. Қазақстанның Құрметті журналисісіз. Сол жиында да төбе көрсетпедіңіз ғой?

– Мен Журналистер одағы ОҚО филиалының жұмысына белсенді қатысатын мүшелердің бірі едім. Бірақ соңғы кездері Журналистер одағының ешбір жиналысына мені шақырмайды. Бәрін былай қойғанда, жай журналист ретінде мені шақыруына болады ғой. Осы тұрғыдағы ренішімді бір жолы фииалдың басы-қасында жүрген жігіттерге айттым. Сөйтсем «Жиналыстың өтетіні жайлы хабарландыруды «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияладық қой» деп сылтауратады. Ресми жиналыстарға ресми түрде шақырады. Тәртібі солай. Ал, газетке берілген хабарландыру көпшілікке арналған. Ол бойынша Журналистер одағына мүше емес, журналист емес адамдар, келешекте журналист боламын деп жүрген жастар келіп, қатысып, тыңдауына болады. Одақ мүшелеріне арнайы шақыру қағазын жіберу керек. Мысалы, жақында Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. Оның қайда, қашан өткізілетіні хақында газеттен де, телеарнадан да, радиодан да күндіз-түні хабарланды. Әр облыстан пәленбай адам баратыны айтылды. Менің ойымша, Ассамблея мүшелері сол хабарландыруды естіп не көріп, Астанаға бет-бетімен жолға шыққан жоқ. Олардың әрқайсысына шақыру қағазы табысталды. Жиналысты сапалы өткізуді ойластырған адам солай жасайды. Әрине, осындағы филиалдағы жігіттер оны білмей отырған жоқ. Меніңше, олардың түпкі мақсаты – жиналысқа өз ыңғайындағы адамдарды жинау. Мен сияқтылар бір мәселені өткірлеу көтеруі ықтимал. «Неге олай, неге бұлай?» деген сұрақтар қоюы мүмкін. Сондай болмас үшін филиал төрағасы өзіне керек адамдарды бір емес, бірнеше рет телефон соғып шақырғанына сенімдімін. Керек емес адамдарға «Біз газетке жарияладық» деп қоя салады. Шынымды айтайын, мен «Оңтүстік Қазақстан» газетін оқымаймын. Адам қандай газетті оқиды? Бірдеңе үйренетін, бірдеңе алатын, іздегеніңді табатын басылымды ғана оқисыз. Сондықтан «Оңтүстік Қазақстанды» оқымағаным үшін, сондағы хабарландыруды көрмегенім үшін, Одақтың жиналысына қатыспауым керек пе?!

Ондағы көтерілген тақырып туралы кейін естідім. «Журналистер арасындағы ынтымақтастық» деген мәселені қаузапты. Журналистер арасында қандай ынтымақстастық болуы керек? Бұл арқылы не айтпақшы? Журналистер арасындағы ынтымақтастық дегеннің артында не тұр? Баяғыда, социализм кезінде «Оңтүстік Қазақстан» газеті қарашаңырақ болатын. Аудандық, қалалық газеттердің баршасы «Оңтүстік Қазақстанға» қарап отыратын. Қазір де соның аузына қарап отыруымыз керек пе? Әлде бәріміз «Оңтүстік Қазақстанды» мақтауымыз керек пе? Әлде бәріміз ынтымақтасып алып, біреулерді жамандап, тұқыртуымыз керек пе? Ол қандай ынтымақтастық? Мен түсінбеймін ондай ынтымақтастықты. Әр басылымның өз бағыт-бағдары бар. Біреуі білім саласына арналған, біреуі – қалалық, біреуі саясат туралы жазады, біреуінің тақырыбы – ауыл шаруашылығы саласы. Осылардың бәрін ынтымақтастырып не істейміз? Оңтүстік Қазақстан облысын бөліп алып кеткелі жатқан газет жоқ. Ондай ойы болған күнде де олай ете алмайды. Сонда біз нені бөлісе алмай жатырмыз? Жоғары жақтан «Марапаттау, мақтау, сый-сияпаттарға журналистерді ұсыныңыздар!» деген әңгіме түссе, Журналистер одағы тарапынан «Келіңіздер, осыны бір атаның баласындай ынтымақтасып шешіп алайық!» демес еді. Ондай кезде өздері ым-жымын білдірмей, ешкіммен ақылдаспай жұмыс істей береді.

Жуырда бір топ жас журналистермен әңгімелесіп қалдым. «Аға, үй-жайымыз жоқ. Айлық мардымсыз. Мәселе көтеріп, құзырлы органдарға хат жазайын деп едік» дейді. Журналистер одағының облыстық филиалын басқарып отырсаңыз, осыны жеткізіңіз тиісті органдарға. Мысалы, облысты Б.Сапарбаев басқарып тұрған жылдары осындағы журналистерге, жазушыларға, өнер адамдарына жатақханаларды бөліп беріпті. Өте құптарлық тірлік. Содан бері журналистердің тағы бір буыны ауысты ғой. Енді солардың материалдық-әлеуметтік ахуалын жақсарту үшін неге білек сыбана кіріспеске?! Арнайы стипендия тағайындалсын, жер телімі, үй берілсін, т.б. Міне, осы мәселелерге байланысты ынтымақтасайық!

Сіздің қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк екен, мәз боп жүре бермеңіз! Басқаларға да қарайласыңыз, жөн-жоба көрсетіңіз, құқығын қорғаңыз!.. Билікке бір табан болса да жақын жүрген жігіттер жас журналистердің хал-жағдайы туралы айту керек. Өйткені идеологияға жауапты билік өкілдері көп жайттан бейхабар сияқты. Бір жиналыс өткізіп, жұмыс істеп жатырмыз деп ойлайды. Мәселен, былтыр «Ырыс алды – ынтымақ» атты қоғамдық форум Төлеби ауданындағы «Тау самалы» демалыс кешенінде ұйымдастырылды. Облыстың түкпір-түкпірінен қарияларды жинапты. Тақырып жастар жайлы. Олардың арасында қылмыстың көбейіп кеткендігі, тәлім-тәрбиесі сөз етілді. Сонау Жетісайдан 300 шақырым жол жүргізіп, егде жастағы кісілерді таудың баурайына апардық. Одан сонша шақырым жолмен кері қайтты. Яғни шаршап-шалдығып, ол форумда не айтылғанын ұмытып та қалған шығар. Бұл – бір. Екіншіден, сол қариялар еліне барған соң естіген әңгімесін жастарға қалай жеткізеді? Оған кім аудитория ұсынады? Сондықтан сол жиналысты неге облыс орталығында, жастардың өздерін қатыстырып өткізбейміз? Жастардың проблемасын неге 80-90-дағы шал-кемпірлер талқылауы керек?! Бұл қарияларды кемсіту емес. Ойланатын жайт.

Журналистер одағы ОҚО филиалының аяқ астынан «ынтымақтасайық» деп ресми жиналыс өткізуінің сыры дүйім елге белгілі. Соңғы уақытта «Оңтүстік Қазақстан» газетін көп сынап кетті. 90 жылға жуық тарихы бар басылымды шыға бастағанына 90 күн болған газеттер сынайды. Ынтымақтастық дегені, сірә, «Сендер бізді сынамаңдар, біз де сендерді сынамаймыз» дегенге бағытталған шығар. Сонда бұл қандай идеология? Мысалы, біз бір компания жолды дұрыс салмаса, сынаймыз. Егінші мен малшының кесірінен шаруашылық зардап шексе, сынаймыз. Яғни барлық саладағы кемшіліктерді сынаймыз да, «журналистер өзін-өзі сынамау керек» дейміз. Олай болмайды. Менің ойымша, бұл – журналистиканың проблемаларын білмейтін адамдардың ойлап тапқаны. Күн тәртібіне қандай мәселені шығаруды білмейді. Филиалды басқарып отырған азамат өзіне-өзі сенімсіз. Ертең журналистердің арасында ши шықса, не істейді? Өзі журналистиканың теориясы мен практикасын білмейді. Тарихынан бейхабар. Бағыт-бағдарын тамыршыдай тап баса алмайды. Қысқасы, журналистикада өзін суда жүзген балықтай еркін сезінбейді. Сондықтан не істейді ол? Ана жерден Мархабат Байғұтты шақырады. Оның беделін пайдалану керек. Мына жерден Байдулла Қонысбекті шақырады. Беделін пайдалану керек. Дұрыс, көпке пайдасы тиетін жерде беделін пайдалан. Бірақ тасқа салудың қажеті жоқ. Мәселені беделмен шешетін заман өткелі қашан. Б.Қонысбек беделді екен деп журналистер ынтымақтаса салмайды. Тарихтан мәлім, көсемдер әлі халық, ұлт болып қалыптаспаған, ұйыспаған, орман-үңгірлерде жүргендерде ғана болады. Өркениетті елдерде көсемшілдік жүрмейді. Әркім өз саласының маманы болуы керек. Мен бұл жерде кейбір жігіттердің біреулердің абырой-беделінің тасасына тығылғысы келетін сыңай байқап отырмын. Мысалы, Мархабатты қашанғы пайдалануға болады?! Оның өз тірлігі жоқ па?! «Ырыс алды – ынтымақ» форумын жүргізетін – Мархабат. «Егемен Қазақстанның» тілшісі – Мархабат. Жазушы – Мархабат. Одан қалды, ірілі-ұсақты жиналыстардың барлығын өткізіп беретін – Мархабат. Бәрін соған жүктеп қойдық. Оған демалыс жоқ па ешуақытта?! Сонда Мархабат өзінің шығармашылығын не істейді?! Ол шаршамай ма?! Енді бүгінгі «Оңтүстік Қазақстаннан» неге жаңа Мархабаттар, Байдуллалар шықпайды? Байдулласы мен Мархабаты, Кәрім Үкібаевы жоқ «Оңтүстік Қазақстан» қандай газет? Қандай қарашаңырақ?

Мен 1970 жылдары «Оңтүстік Қазақстанда» еңбек еттім. Ол кезді бүгінгі заманмен салыстыра алмайсыз. Қазіргі «Оңтүстік Қазақстанның» материалдық-техникалық базасы бұрынғысынан он есе артық. Жұмыс істеуге барлық жағдай қарастырылған. Біз кішкене ақпарат алу үшін сонау Созаққа баратынбыз, Қызылқұмды аралап кететінбіз. Бүгінде кез келген ақпаратты 5 минутта алуға болады. Ал, осындай заманда отырып, мықтыларды шығара алмасаңыз, демек, сіз дұрыс бағытпен кетіп бара жатқан жоқсыз, сіз адасып жүрсіз деген сөз. Өзі адасып жүрген адам біреуге қалай ақыл айтады?!

Бұрын «Оңтүстік Қазақстан» аудандық, қалалық газеттерге шолу жасап, бағыт-бағдарын айқындап отыратын. Соған қарап біз өз кемшіліктерімізді түзететінбіз. Қазір, керісінше. Аға газетті кез келген адам сынайды. Таңғаламын, сынға «Оңтүстік Қазақстан» еш жауап қатпайды. Сөйтеді де, мына жақтан «ынтымақтасайық» дейді. Ынтымақтасатын болсаң, сіз неге журналистердің төрт көзін түгелдемейсіз? Неге өз ыңғайыңыздағыларды шақырасыз? Мақтанғаным емес, облыста менен асып бара жатқан журналистер көп емес. «Пәленбай газет шығады» дегенімізбен, тәжірибелі, білікті журналистер саусақпен санарлықтай ғой. Әйтпесе мен пікірімді бүгіп қалатындардың қатарынан емеспін.

– Оның үстіне Қазақстанның Құрметті журналисі ретінде де ұмытып кету мүмкін емес дейсіз ғой.

– Қазақстанның Құрметті журналисі атағын алғашқылардың бірі болып иелендім. Осы атақты мен «Айғақ» газетінің арқасында алдым. Егер басқа жерде жүргенімде, Журналистер одағының ОҚО филиалы бермес еді. Өзіңді білетін адамдар кейде сені ешқашан алға шығармайды. Оңтүстікте Құрметті журналистер санынан жаңылатындай соншалықты көп емес. Одақ филиалының жиналысына тым болмаса осы атағым үшін шақыруға болады. Ал, шақырмайтын себебі, олар жиналыстың сценариін алдын ала әзірлеп қойған. Кім сөйлейді, кім қандай рөлді сомдайды, кімді мақтаймыз, кімді аздап тұқыртып аламыз? Осының бәрі күні бұрын қатталып-шотталып қойылған. «Қасқырдан қорыққан орманға бармайды», егер қорқатын болсаң, қызметтерден аулақ жүру керек. Жалпы, әркімнің өз орнында отырғаны жөн. Орнында отырмаған адам бұқпантаймен күнін өткізеді. Оқырмандар менің осы пікірлерімді дұрыс түсінсе деп ойлаймын. Өйткені «Оңтүстік Қазақстанға» айтылған сынды мен өзімінің атыма айтылған сын деп қабылдаймын. Мен де «Оңтүстік Қазақстанның» қабырғасынан өсіп шыққанмын. Мен де өзімді «Оңтүстік Қазақстанның» түлегімін деп есептеймін.

– Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты жиырма жылдан астам тарихы бар «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттері түрлі себептерге байланысты жабылып, 2011 жылдың ақпан айында «Шымкент Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып қайта құрылғанда, басшылық тізгіннің сізге сеніп тапсырылғанын білеміз. Таңдаудың сізге түскені де бекерден-бекер болмаса керек. Қысқа мерзімнің ішінде бұл басылымдардың көші едәуір түзеліп-ақ қалып еді. Бірақ ұзақ тұрақтамадыңыз? Не себепті?

– Мен бұл газеттердің бас редакторы болып кездейсоқ бардым деп ойлаймын. Кейіннен біраз мәліметке қанығып жатырмын ғой. Шынын айтқанда, онда уақытша тағайындалғанымды ішім сезді. Біздің Шымкентте құлағы түрік жүретін жігіттер көп қой. Солардың біреуі бір күні келіп «Сіз уақытша отырсыз. Басқа бір адамға орын дайындап жатырсыз» деді. «Мейлі, солай-ақ бола қойсын. Менің тәжірибемді пайдаланса, несі бар?!» деп күлдім де, қойдым. Және сол жігіт тағы бірде айналып соғып «Зәке, сіз өзіңіздің Ұлы жүзіңізден қарамағыңызға бірде-бір адамды алмапсыз ғой. Сол әңгіме болып жатыр» деді. «Әй, соған мән бермеппін» деймін аң-таң боп. «Солай ғой, міне, мынау-мынау» деп саусақпен санап шықты. Сосын оған айттым «Журналистикада жүргендіктен, мен ешкімнің руына қарамаймын. Кімнің қолынан іс келеді, соларды ғана жинадым. Тіпті, Ұлы жүзді айтасыз, өзімнің туып-өскен ауданым Ордабасыдан да ешкімді жұмысқа