Барды бағалай білсек, кәне?!
Оңтүстік Қазақстан облысында кадр саясаты әлі аумалы-төкпелі кезеңді басынан кешіруде. Облыс әкімінің өзіндік ұстанған позициясы бар шығар… Дегенмен, дәл осы саясаттың ар жақ, бер жағына көз салсаңыз, обал мен сауап жөнінде еріксіз енжар ойға берілесіз. Кадр – адамдардың өмірінен тұрады. Басшылық қызметке жаңадан келгендер қуанып жатса, пәпкісін арқалап, қызметін тапсырғандардың көңілінің қырық жамау болатындығы тағы белгілі.
Біз осы сан қырлы саясат жөнінде әңгімені айтар ма едік, айтпас па едік, егер өзіміз білетін бір азаматтың қызметімен қоштасқанын білген сәтте, көңілімізге қаяу түсті. Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары деген лауазымда он жыл отырған Қайрат Төлебаев өткен жылы қыркүйек айында жаңадан құрылған ОҚО жастар саясаты мәселелері басқармасына бастық болып тағайындалды. 46 жастағы азаматтың бұған дейінгі аудан өңірінде атқарған жұмысындағы жақсы қыры сарапқа салынғаннан кейін облыс әкімі Қайрат Төлебаевтың қолына жаңа басқарманың басшылық тізгінін ұстатты. Арада 10 ай өткенде әлі толық қалыптасып та үлгермеген басқарманың басшысы өз өтінішімен қызметтен кетті. Неге?
Негізінде басшы жаңа жұмыс орнына келгеннен кейін оның бүгінін ғана емес, болашағын көбірек ойлайды, соған лайық жоспарға сай жұмыс жүргізеді. Бар мәселені айлар емес, жылдар шешуі мүмкін. Сондықтан төрт құбыласы тең мекеме құру үшін жыл бойғы жұмыстың өзі жеткіліксіз болуы мүмкін. Бұл әсіресе жаңадан құрылған мекемеге тікелей қатысты. Қайрат Төлебаев жастар саясаты мәселелері басқармасының тұсауын кесіп, оның қалыптасуы жолында біршама тер төгіп, жоқтан бар жасау үшін өзінің тәжірибесі мен білімін, біліктілігін жұмсағандығына ешкім шәк келтіре қоймас. Бұрын болмаған жастар мәселелерімен тікелей айналысатын жаңа басқарманың басшысы атына біраз басылымдар, әсіресе «Рейтинг» газеті елеулі сын айтып, ар-намысқа тиетіндей теңеулерге жол берді. Басшыны «қаңбаққа» теңеген басылым істің байыбына терең бармай, мақаланың өн бойында айтуға арзымайтын мәселелерді аспанға шығара айқайлатып, дабырайтып, жоқтан бар жасауға күш салып жатты. Мүмкін Қ.Төлебаевтың қызметтен кетуіне, өз өтінішін жазуына бұл мақалалар тікелей себепкер болып, ықпал жасай қоймаған шығар, бірақ әр істің аясында оның дұрыс жағы болатынын бұл басылым еске алмады.
Қайрат Төлебаевтың орнына жуырда басқармаға бастық болып 41 жастағы Абзал Әліқұлов тағайындалды. Оның ісіне сәттілік тілеу парызымыз болып қала бермек. Десе де, өткен он ай ішінде Қ.Төлебаевтың қол қусырып, қарап отырмағаны кімге де болса белгілі. Осы уақытқа дейін оның атына жаман сөз ілеспей, бір ауданның білім, мәдениет, денсаулық, идеология жұмыстарына басшылық жасап, абыройлы атқа ие болған азамат алақандай мекемені бар-жоғы он ай ғана басқарды. Неден жазды, кімге жазды, өз мүмкіндігін толық жұмсай алды ма, оның бағасын беріп жатқан ешкім жоқ. Облыс әкімінің өзіндік ұстанған жолы бар шығар, әйтсе де кадрларды шұлықша ауыстыру аса бір жанға жағымды әдіс емес. Оларға мүмкіндік пен уақыт беріп, тапсырылған міндеттердің қандай дәрежеде орындалғанына терең талдау жасап барып қана баға берсе, онда кадрлық саясатта асығыстық пен салғырттыққа жол берілмеген болар еді. Дәл Қайрат Төлебаев жөнінде оның қызметтен кету барысында біздің санамызда осындай бір пікір қалыптасты. Егер болбыр, қолынан іс келмейтін, сауаты жеткіліксіз, салауаты аз адам болса ол іргелі, үлкен бір ауданда 10 жыл бойына әкімнің орынбасары болып неге отырды? Бұл енді ойланатын мәселе. Осындай тәжірибелі маман далада қала қоймас, ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов істі өз санасының сарабына салып, қайыра бір ойланатын болар. Талай лауазымды істердің басында жүрген Қ.Төлебаевтың басқа басшылар секілді меншігінде көлігі де жоқ екенін еске алсақ, оның адалдығы мен мансапқұмар емес екені көрініп тұрған жоқ па? Біз бұл азаматтың естен шығып, көзден таса, көңілден ада қалмайтынына, халқына баяғысынша адал қызмет ететініне, оған сенім білдірлетініне сенгіміз келеді. Облыс әкімінің тарапынан оң шешім болып, тәжірибелі басшы жұмыссыздардың санын көбейткендердің қатарында қалып қоймайды деген ойдамыз.
«Уақыт»