Оңтүстікте кадрлық реформа басталды

388
0


 

Осыдан аттай бір жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысын басқаруға Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов келген болатын. Арада сырғыған уақыт ішінде облыстың әкімі кадрлардың ауысуына ерекше ден қоймады деуге болмайды, бірақ сапырылыстырып жіберген жоқ. Аздаған ғана кадрлық ауысымдар болды, оның өзі айтарлықтай ешкімді елең еткізіп, бөгде пікір тудыра қойған жоқ.

 

Кешегі сәрсенбінің сәтті күнінде Түлкібас ауданын алты жарым жылға жуық уақыт басқарған, әкімдіктің қара қазанында әбден қайнаған Қайрат Амангелдіұлы Абдуәлиев Сарыағаш ауданының әкімі қызметіне барды. Бұрын Шымкент пен Түлкібастың төңірегінен қызмет лауазымында алысқа ұзамаған Қ.Абдуәлиевке үш жүз мыңнан астам халқы бар облыста ең ірі халқы бар аймақтың тізгінін ұстату үшін облыс әкімі біршама ойланған сыңайлы. Оның осы күнге дейінгі атқарған жұмысы сын таразысына салынып, әбден екшеліп барып шешімнің қабылданғандығы жаңа әкімге деген сенімнің жоғары екендігін көрсеткен сыңайлы.

Бүгінгі Мақтарал ауданы – кешегі үш ауданның басын біріктірген, халқының саны мен аумағы жөнінен Оңтүстіктің аудандарының арасында көш бастаған, шоқтығы биік, Мырзашөлімен, мақтасымен, бау-бақшасымен аты шартарапқа жайылған үлкен аймақ. Бұл ауданды кезінде басқарған азаматтардың біразы дерлік абырой мен атақтың бірде төбесіне көтерілсе, енді бір кез ойпаттан көрініп жатты. Облыстың экс-әкімі, бүгінгі вице-премьер Асқар Мырзахметовтың кадр саясатындағы өткір сынға алынған қателіктерінің біразы осы аймақпен тікелей астасып жатты. Әрине, көптеген қателіктерге таңдау кезінде жол берілгені ащы шындық. Жамантай Бейсенбаев Мақтаралдың тумасы. Қызметті алпысқа келгенше алыстан іздеген жоқ. Өзінің туған жерінде майда-ірі деп бөлектемей, бұйырған қызметті атқарып келді. Көп жыл Жетісай қаласының әкімі қызметінде болды. Аудан басшылығы ол кісіге тапсырылғалы көп уақыт өткен жоқ.

Мүмкіндігін екшеп, ойындағы жоспарын жүзеге асыруға, құлашын кеңге сермеуге жоғары басшылық мүмкіндік беру керек еді. Өкінішке орай олай болмаған секілді. Күні кеше Ж.Бейсенбаевтың орнына Шымкент қаласындағы жаңадан ашылған Қаратау ауданы әкімінің лауазымын атқарып келген Ғалым Ыбрайұлы Исмаилов Мақтарал ауданының әкімі болып тағайындалды. 55 жастағы Ғ.Исмаилов қызметтік жолы негізінен Шымкент қаласында өткен. Қаратау ауданына басшылыққа барғанға дейін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде басшылық қызметте болған. Соңғы лауазымды жұмысқа тағайындалғалы бері жаңа ауданның жұрт елең ететін жаңалығы жөнінде жалпы жұрт хабарсыз. Оның өзіндік тыныс-тіршілігі, жаңашыл бастамалары, көптің ойынан шығатын игілікті тірліктері жөнінде атқарылған мандырылымды істі біз қанша іздестіргенмен таба алмадық. Әкімдік жұмыстағы тәжірибесі мүлдем мардымсыз, қаланың ішіндегі бір шығын ауданның әкімін облыстағы ең ірі, сан алуан шешілмеген мәселелері бар ауданға басшы етіп тағайындауда облыс әкімінің қандай негізге сүйенгендігі және одан нендей үлкен қайтарым күтетіндігі мүлдем жұмбақ күйде қалып тұр. Сол Мақтаралды ұршықтай үйіретін, тәжірибесі мол, қолынан көп іс келетін талай азаматтар осындай тағайындау кезінде тасада қалып жататындығы қандай өкінішті. Кадрлық саясатта өзінің алдындағы басшылардың тарапынан болған қателіктерді облыстың жаңа әкімі қайталамасы екен деп тілегін едік. Біздің пайымдау мен көптің ойындағы тұжырым бұл алғашқы сәтсіз тағайындау деген пікір білдіруде.

Облыста Б.Атамқұловтың кадрлық реформасы басталды. Бізге жеткен сенімді дерек көздерінің пайымдауынша Сарыағаш пен Мақтарал ауданының экс-әкімдері жаңа қызмет ұсынылмақ. Бұған қоса Төлебидің әкімі Ә.Тұрғымбеков Түлкібасқа, Сарыағаштың әкімі Б.Парманов Төлебиге ауысу мүмкін екендігі болжамдалынса, Арыс, Түркістан және Кентау қалаларында әкімдердің орын ауыстыру тағайындауларының болуы күтілуде.

Бұл әзірге болжам. Алдағы күндері жаңа реформаның алғашқы қорытындылары шаға бастамақ. Әзірше Б.Атамқұлов шахматтағы тастардың орнын ауыстырумен енді ғана айналыса бастаған секілді. Тек келеңсіз қорытындыларға жол бермей, әр тағайындауға асқан ойлылықпен, терең толғаммен және барынша байыптылықпен қараса, онда қателіктер аз болады.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.