ТУҒАН ЖЕРДІ ТҮЛЕТКЕНДЕРГЕ ТӨСБЕЛГІ ТАҒЫЛДЫ
Торқалы той – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында облысымызда сан түрлі салтанатты жиындар өтуде. Бұл мерекелік жиындарға қатысу арқылы керемет әсерге бөленіп, көңіліміз марқайып жатқан жайы бар. Өйткені мұндай басқосуларда ата-бабамыз сан ғасыр бойы арман еткен тәуелсіздіктің құны қастерленіп, оның ұлтты ұлы мұратқа ұйыстырар күшке ие екені терең дәріптеліп жатады.
Солардың бірі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде аймақ басшысы Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» атты іс-шара болып табылады. Елді елжандылыққа бастаған бұл мерекелік басқосуға Қазақстанның дамуы жолында өзіндік қолтаңбасы бар зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары, депутаттар мен кәсіпкерлер қатысты. Онда облыс әкімі Оңтүстікті түлету ізгі арманы екенін, сол жолда межелі жоспарлары мен тың бастамалары толып жатқанын, оны жүзеге асыруда меценаттармен бірге мақсатты жұмыс жүргізуге белін бекем буып отырғанын айтып өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстанның әр қиырында табанын жерге, арқасын елге тірегін айбынды азаматтарымыздың ересен еңбегімен көп жерлерде еленіп, абыройға кенеліп жүргеніне кеуде керетінін де жеткізді. Бұл туралы кіріспе сөзінде Ж. Түймебаев:
– Құрметті көпшілік «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» деп аталатын бүгінгі жиынымызға қош келдіңіздер. Татулық пен тұрақтылықты ту еткен Қазақ елінің ендігі мақсаты – әлемде дамыған отыз елдің арасынан өз орнын табу. Елбасының бұл баянды бастамасына жұдырықтай жұмылып, бес саусақтай бірігіп, бір үйдің баласындай бірлесіп қолдау білдіруіміз қажет. Сондықтан да, біз, бүгін, қасиетті Тәуелсіздік күнін тойлау жиынында елімізге елеулі перзенттердің басын қосып, алдағы уақытта орындайтын ортақ ісімізді олармен ойласып алуды мақсат тұтып отырған жайымыз бар. Облысымызда Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» тұжырымдамасы бойынша мемлекетті өркендету жолында сүбелі үлесін қосқан кәсіпкерлеріміз бар. Олардың туған жерді түлетудегі кіршіксіз пейілдері санамыздан шықпайтынын, көңілден кетпейтінін баса айтқым келеді. Мемлекет назарынан да тыс қалмайды. Бүгінгі басқосуымыздың Президент әкімшілігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылып отырғаны соған дәлел, — деді.
Содан соң ол облысты көркейтуде азаматтық танытқан бірқатар кәсіпкерлерді ортаға шығарып оларға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен Алғыс хатын салтанатты түрде тапсырды. Туған жерді түлетудегі есіл еңбектері тағы бір рет еленген кәсіпкерлермен естелік суретке түсті.
Салтанатты шарада Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбай, жазушы, драматург Дулат Исабеков, мемлекет және қоғам қайраткері Сергей Терещенко, «Атакент» корпорациясының төрағасы Халық Абдуллаев, «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Болат Жылқышиев, сенат депутаты Қуаныш Айтаханов, мәжіліс депутаты Байділдә Жылқышиев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазиевалар мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамытуда көптеген мүмкіндіктерді қарастырғанын, кәсіпкерлерге өз ісін өрге сүйреуі үшін қаншама қолдау мен көмектерді аямай жатқанын нақты мысалдармен келтіріп өтті. Сондықтан да туған өлкеге қолдан келгенше қамқорлық жасау кәсіпкерлер үшін – азаматтық міндет екенін баса айтты. Өз кезегінде Серікжан Сейітжанов, Дінмұхаммед Ыдырысов, Бахриддин Әбіләзімов, Қайрат Молдасейітов сынды облысқа белгілі кәсіпкерлер таяу күндері өз қаражаты есебінен түрлі әлеуметтік нысандардың салынатынын мәлім етті. Және мұның барлығы да ізгі ниетпен туған ой екенін жеткізді.
Бұл ретте облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халқы жайдары, климаты жайлы, топырағы құнарлы, табиғаты тамаша Оңтүстік Қазақстанның өзге жерлермен салыстырғанда даму мүмкіндігі өте мол екенін айта келе, мұнда туризм, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жүзеге асырылатын жобалардың жетерлік екенін айтты. Олар киелі Түркістан қалашығын жаңғырту бойынша Қ.А.Ясауи кесенесінің аумағын абаттандыру, «Сарыағаш» сауықтыру курорты территориясын кеңейтіп, оны халықаралық деңгейге көтеру, шағалалы Шардарада жағажай туризмін дамыту мақсатында Шардара су қоймасы аумағында демалыс аймақтарын орналастыру үшін инвесторлар тарту, облыс аумағында тау-шаңғы туризмін дамытуға бағытталған халықаралық стандарттарға сай «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенін іске асыру, өндірістік жылыжайларды көбейту, Шымкент қаласын дамыту және т.б. Облыс басшысы елге жанашыр азаматтарға аталған жобаларды жүзеге асыруда келісіп, кеңесіп бірге жұмыс істеуге шақырды. Кездесу соңы «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» басқосуына қатысушыларының үндеу қабылдауына ұласты.
Н.НЫШАНБАЙ.