ЖҮЗ КҮН ӘКІМДІ ТАНЫТА АЛДЫ МА?

227
0

Өткен жылдың қара күзі – қазан айының басында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Жансейіт Түймебаевтың қызметке келгеніне 100 күн мерзім болды. Бұл аса көп те, аз да уақыт емес. Осы мезгілде не атқарды, өңірге толық сіңісіп кетті ме деген сауал көкейде тұратындығы шындық.

Шын мәнінде Жансейіт Қансейітұлы алғашқы күннен бастап көп мәселелерге ерекше ден қойып, біршама іс атқарды деуге болады. Әсіресе, ол кісі облыс басшысы ретінде идеология, өнер, әдебиет, журналистика салаларына баса назар аударғандығы өткен күндердің есте қалатын оқиғаларымен ерекшеленеді. Ақындар мен жазушылардың, өнер саласының өкілдерінің басын қосып, бұған дейін сөз жүзінде де, іс жүзінде де ескерусіз қалып келе жатқан біршама күрмеулі мәселелердің оң шешімін табуына ерекше ықылас танытқандығы, облыс әкімінің идеология мәселелерінің жетік білгірі екендігін бірден байқатты.

Кадрлық саясатқа өңір басшысы келген күннен бастап еркіндік берді. Жаңа тағайындаулар алғашқы айларда мүлдем болмады деуге болады. Осы өткен үш айдан астам мерзім ішінде әкімнің атына жұрт арасында түрлі пікірлер айтылды. Оның министрлікті басқарғандығын, Президент аппаратындағы қызметін, елшілік саласындағы атқарған жұмыстарын талдаған саясатшылар оның үлкен өңірді толық игеріп кететіндігіне күмәнді көзқарас танытқандығы да жасырын емес.

Әкім тарапынан Шымкент қаласын көгалдандыру, көркейту, ағаш отырғызу, қала маңындағы сай-салаларды демалыс аймақтарына айналдыру секілді тосын ұсыныстар көпшілікке ой салуда. Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесі қарсаңында «Туған жерді түлету-перзенттік парыз» атты іс-шара да көп басшының бастамасы болмаған тың тақырыптар ретінде облыс тарихына енді. Туризм мәселесі, көркемсурет галереясын салу, суретшілер симпозиумын өткізу секілді мәселелер де өңірдің жаңа басшысының тарапынан қолға алынды. Өзі елшілік қызмет атқарған Түркия елімен шығармашылық байланыс орнату да түймебаевтық жаңалық есебінде жұртшылық назарын елең еткізді.
Әкімдік қызметтегі жүз күн Түймебаевты толыққанды таныта алды деп айтуға әлі ертерек. Кадр саласындағы ауыс-түйістер жаңадан басталды. Осы уақытқа дейін басқарма басшылары, аудан, қала әкімдері қатарында күрт өзгерістер, тағайындаулар енді ғана қолға алынып, олардың осынау үш айдан астам мерзім ішіндегі жұмыстары жан-жақты сарапталып барып шешім қабылдау облыс басшысының тарапынан болып жатқан орынды бағалау деп есептеген жөн секілді. Кейбір сарапшылардың тарапынан алғашқы кездегі жасалынған сараптамалық бағалаулар қазір атқарылған істерге қарағанда өз шындығын теріске шығаруда. Уақыт алдағы күндердің тағы қандай тірлік болатындығына, оны қаншалықты өтеуін көрсететіндігіне сарапшы болмақ.

А.АТЖАРИЕВ.