Халық қалаулысына сайлаушылары дән риза

340
0


Су – тіршілік көзі. Адам денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты. Өңірімізде жыл өткен сайын су мәселесі оң шешімін тауып келеді. Сондай қуанышты хабардың бірі — Мақтарал ауданы Қызылқұм ауылдық округінен келіп жетті . Жаңа жыл қарсаңында ауыл тұрғындарына облыстық мәслихаттың депутаты Нұралы Әбішевтің ықпалымен елдімекенге 24 сағат тұрақты ағатын таза ауыз су келді. Аталған ауылда су мәселесі қиындығын туғызып келгені рас. Бұрынғы құбырлары ескі және тәулігіне 2-3 сағат қана су берілетін. Оның өзі санитарлық талаптарға сай болмай, сапасы төмен еді. Енді ол күндер артта қалды. Құрылысты Нұралы Әлмаханұлы басшылық ететін «Комби-Строй» ЖШС жасаған және тұрғындардың үйлеріне суды өздері кіргізіп берген.

– Қай кезде де халықты сапалы ауыз сумен қамту маңызды мәселе. Ауыз судың зардабын көріп келген тұрғындар өте қуанышты. Кезінде таза суды тасып та ішкен. Міне, енді әр үйде су ағып тұр. Құрылыстың жалпы сметалық құны 65 млн. теңге, оның 22 млн. теңгесі бюджет тарапынан болса, 43 млн. теңгесін облыстық мәслихаттың депутаты, елжанды азамат, меценат Нұралы Әлмаханұлы өз атынан берді, – дейді аудан әкімі Ғалым Исмайлов.

Аудан бойынша 13 соғыс ардагері болса, соның үшеуі осы ауылда тұратынын жеткізген әрдагерлер кеңесінің төрағасы Мырзамданов Тастемір
– Ауыз су мәселесі жалғыз біздің ауданда ғана емес, еліміздің әр өңіріндегі басты проблемалардың бірі десек те болады. Бірақ, соңғы жылдары бұл проблема да біртіндеп өз шешімін тауып келеді. Өзіміз бір ауыздан қолдап сайлаған депутаттың арқасында міне, біздің ауылымыз да сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр. Осыған дейін ауыл тұрғындарына су белгілі бір уақытпен қана, күніне екі сағат ғана беріліп келсе, енді күндіз-түні ағатын тұрақты сумен қамтамасыз етіліп отыр. Мердігер «Комби-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмыстарын сапалы атқарды. Жаңа жылды ауыл тұрғындары жаңа сумен қарсы алды. Нұралы Әлмаханұлы бұған дейін талай игі істерді атқарған және бұл соңғы іс емес екеніне сенеміз, – деді.

Аудан тұрғыны Фатима апамыз осы ауылда 13 жылдан бері тұрып келе жатыр. Немере, шөбере сүйіп отырған ардақты ана. Ауыз судың берілгеніне қуанышты апамыз өз ризашылығымен де бөлісті.
– Желтоқсан айының басынан су беріліп, жағдайымыз жақсарды. Бұрын суымыз лас, тек қайнатып ішетінбіз. Енді рахат. Су үйге кіріп тұр. Үйге дейін тегін кіргізіп берді. Керек кезінде кранды ашып ала қоямыз. Судың сапасы да жақсы. Елімізде сапалы ауыз суға жарымай отырған елдімекендер қаншама. Өзіміздің басымыздан өтті ғой. Ауылымызда 750-ге жуық отбасы бар, халық сапалы ауыз судың игілігін көре бастады, – дейді ақжаулықты ана.

Су — күрделі мәселелердің бірі. Қызылқұм ауылын сумен толық қамтамасыз ету осыдан 4 ай бұрын басталып, құрылыс сапалы аяқталып, тұрғындар дән риза. Өз сөзінде «НұрОтан» партиясының облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Нұралы Әбішев былай деді:
— Мұндай игі істерді атқару әрбір депутаттың парызы деп ойлаймын. Біз ауыл ақсақалдарымен сөйлескенде, маған су проблемасын шешіп берсеңіз деп еді. Міне, бұл мәселе шешілді, енді көгілдір отын мәселесіне кірісеміз. Бұл іс бір жылда бітетін жұмыс емес. Өткенде ғана облыстық мәслихатта сессия болды. Онда осы Қызылқұм, Абай, Ералиев ауылдарына 400 млн. теңге бөлінді. Бұл істі тек мен ғана емес, менің депутат әріптестерім де қолдайды деп ойлаймын. Бұрында Өзбекстанмен шекара ашық болып, тұрғындар сексеуіл жағатын еді. Қазір ол жоқ. Ең жақын көмір әкелетін қала — ол Сарыағаш. Алайда ол жақтан көмір жеткенше оның бағасы тым қымбат түсетіні анық. Сол үшін газ әкелу қажет, бұл экономикалық жағынан да, халықтың тұрмысын жақсарту жағынан да өте тиімді және «ГазТрансАймаққа» да өте қолайлы. Міне, осы үлкен мәселені шешсек халық өз мақтасын, өз дақылдарын егіп, облыстың экономикасына үлестерін айтарлықтай қосатынын анық. Алдағы уақытта бұның бәрін оң нәтижелі шешуге тырысамыз. Ауыл халқы таза су ішіп, ауырмай жүре берсін, — деді облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әбішев.
Осылайша ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойымен тұспа-тұс келген ауқымды жұмыстардың бірі ел игіліге ұсынылып отыр.

Қыдыр ҚАЛИЕВ.