ТӨМЕНГІ КӨЛ ТУРАЛЫ БІР АҢЫЗ
«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».
(Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:
рухани жаңғыру» атты мақаласынан)
Көлдің төменгі жағында түсі ашық жасыл және өте салқын болып келеді. Көлдің түсі нақ екі түрге бөлінуі, яғни ашық көкшіл және ашық жасыл болуы өте қызықты. Кез келген ауа-райында көлдің түсі өзгеріссіз екі түрлі. Осы туралы аңыз да бар. Ерте заманда биік тау бөктерінде адамдар тұрыпты. Осы тайпаның басшысының қызы кішкентай кезінен басқа елдің ханына атастырылады екен. Уақыт өте келе қыз бойжетіп, әдемі, батыл болып өседі. Күндердің күнінде бойжеткен сол тайпадағы қойшы жігітке ғашық болып қалады. Екі жас ата-аналарының ырзашылығын сұрамақшы болады. Бірақ қыздың әкесі қатты ашуланады. Қызынан міндетін орындап, ханның жары болуын сұрайды. – Бұл мүмкін емес деген қыз өз шешімін қабылдайды. Түннің бір уақытында жігіт пен бойжеткен өз ауылдарынан қашып кетеді. Қыздың әжесі өз батасын беріп, ашық жасыл жүзік және жылан жүздес білезік сыйға тартады. Сыйлықты тек қиын жағдайда қолдансын деп бұйырады. Ұзаққа қашып үлгермеген балалардың артынан әкесі қуып жетуге сәл қалғанда, қыз ашық-жасыл жүзігін шешіп лақтырған кезде көл пайда болады. Бойжеткен мен жігіт тағы да алыстап қашады, бірақ әкесі тағы да жетіп алады, сонда қашып құтыла алмайтынын білген екі жас шексіз дүниеде бірге боламыз деп сөз байласып, қыз жылан тәрізді білезігін алдына лақтырады. Мұнда 8 тәріздес, яғни шексіз символы, көл пайда болады. Міне осыдан екі түсті көл пайда болған.
А.Шотаев.