ОБЛЫС ОДАН ӘРІ КӨРКЕЙЕДІ

184
0

Облыстың атауы Түркістан болып өзгеруі де біз үшін тосын жаңалық болды. Елбасының көреген шешіміне жұрт жүректері жарыла қуанып жатыр. Сондай-ақ, облыс орталығын Түркістан қаласы ету де жан-жақты сараланған, есептеліп-ескерілген ізгі қадам. Түркістан – қазақтың хандары, батырлары мен билерінің мәңгілік мекеніне айналған қасиетті жер. Мұнда туристер ағылып келіп жатады. Алдағы уақытта туризм саласы одан бетер дамып, қаланың әлеуеті арта түсетініне сенімім мол. Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында облыс орталығының Түркістанға көшірілуіне ерекше маңыз беруі сондықтан.
Астана мен Алматы сияқты ірі қалалар санатына біздің Шымкент те енді. Үшінші мегаполис тұрғындарын алдағы уақытта үлкен өзгерістер күтіп тұр. Қаламыз одан әрі көркейіп, дами түспек. Ал, бұл өз кезегінде қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайы жақсарып, инфрақұрылымдармен халықты қамтамасыз ету деңгейі көтеріледі деген сөз. Елбасы Шымкент тұтас Орталық Азия аймағына инвестициялар, технологиялар және интеллектуалдық ресурстарды тартатын жаңа орталық болатынын қадап айтты. Мегаполис салтанатына сай зәулім тұрғын үйлер, балабақша мен мектеп, аурухана көптеп салынатыны анық. Осының нәтижесінде Шымкент бұрынғысынан да көркейіп, қайта түлеп, жаңғыратыны сөзсіз. Қала тұрғындары үшін бұл үлкен жетістік.
Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,
халық ақыны, Отырар ауданының Құрметті азаматы

105