Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «КӨП БАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР ҮШІН 40 МЫҢ ЖАЛДАМАЛЫ ПӘТЕР САЛЫНАДЫ»
Бүгін Елордада «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Оған мемлекет басшысы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Делегаттар мен съезд қонақтары қатысқан жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік ахуалын арттыру мақсатында алдағы уақытта төмендегідей жұмыстардың қолға алынатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде Елбасы республикалық бюджет шығындарының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталатынын, бұл ретте қазынаның әрбір тиыны халыққа жетуі керектігін қадап айтты.
Бұдан бөлек, Елбасы толық емес көп балалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіншілік жасау қажеттігін сөз етті.
Мемлекет басшысы осы съезде көп балалы отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге төленетінін алға тартты. Сондай-ақ, «Құтты мекен» жобасы 7,5 млн ауыл халқының жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін хабарлады.
Мүгедек балаларды асырап отырған ата-ана жәрдемақысы 30 пайызға өсетінін айтқан Президент алтын бесік ауылдарды дамытуға 90 млрд теңге бөлуді және ағымдағы жылдың 1-шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 процентке көбейтуді тапсырды. Сонымен қатар ол, көпбалалы отбасыларға 2-3 пайызбен баспана сатып алу мүмкіндігі жолға қойылатынын, көп балалы отбасылар үшін 40 мың жалдамалы пәтер салынатынын айтты.
«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы денсаулық сақтау саласын дамытуға қосымша 120 млрд, ірі қалаларда баспана салуға қосымша 90 млрд теңге бөлінетіндігін мәлімдеді.
uakit.kz