МАҚТААРАЛДА ТИІМДІ БАҒАДА ТРАКТОР ТІРКЕМЕЛЕРІ ЖАСАЛАДЫ

215
0

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында жылына 70 трактордың тіркемесін жасап шығаратын өндіріс орны іске қосылды, деп хабарлайды uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауқымды жобаны «Центр сервис СХМ» өндірістік кешені мемлекеттен қайтарымсыз 225 млн. теңге грантқа қол жеткізудің арқасында қолға алып отыр.  Аталған кешен аймаққа қажетті тіркемелерді шаруаларға тиімді бағада шығаруды көздеп отыр.

Кешен басшысы Нұрлан Нұрбековтің елімізде қолданыста жүрген тракторлардың 65 пайызы, комбайндардың 46 пайызының пайдалану мерзімі 17 жылдан асқандығын, осы бағыттағы олқылықтарды реттеу үшін шағын зауыттың алар орны зор екенін алға тартты.

Ал Мақтарал ауданының әкімі Бақыт Асанов  «қазірдің өзінде тракторлардың 15 пайызы істен шықса, 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайн мен басқа да қосалқы техникалардың жағдайы да осындай. Ал, ескі техникаларды пайдалану шығынды көбейтеді және егінді толық жинап алуға мүмкіндік бермейтіні сөзсіз. Осындай проблемаларға нүкте қою үшін мемлекет тарапынан техникаларды жасаушы отандық кәсіпорындарды қолдау шаралары белгіленді. Солардың қатарында отандық техника жасаушыларға өз өнімдерін ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге арзандатып сату үшін субсидиялар беру, қосымша құн салығынан жеңілдіктер жасау, гранттар беру сияқты жұмыстар атқарылуда. Міне, мемлекет тарапынан берілген осындай көмектің арқасында ауданымызда трактордың тіркемелерін шығаратын шағын зауытты іске қосып отырмыз», -деді.

Сыйымдылығы 8 тоннадан асатын трактор тіркемелері құрастырылып, шығарылатын шағын зауытта 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазірдің өзінде кәсіпорын 10 трактор тіркемесіне тапсырыс алған. Зауыт басшысы алдағы уақытта тапсырыс көлемін арттырып, тағы 10 адамды жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ол, бұл өндіріс орны  өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеуден өткізіп, ескілерін қайта қалпына келтіруге мүмкіндігі бар екенін де жеткізді.

 uakit.kz