НЕПАЛДЫҚ БАЙ-БАҒЛАН ОТБАСЫЛЫҚ КЕШЕН ҚҰРЫЛЫСЫНА ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЙМАҚ

188
0

Осыдан бір апта бұрын Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин мен «Shymkent “ӘКК» АҚ Басқарма Төрағасы Рашид Аюпов инвесторлармен кездесіп, оларды қаланың әлеуметтік экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық жоспарларына инвестиция тартуға шақыру мақсатында Елордаға қарай бет алған болатын. Осы мақсатта олар Непалдың бірінші миллиардері Бинод Чаудхаримен кездесу  өткізіп, онымен Шымкенттің инвестициялық жобаларын таныстырып, талқы-таразысына салған. Ә-дегеннен-ақ непалдық миллиардер Қазақстанның үшінші мегаполисінде қолға алынатын жобаларға зор қызығушылығын танытып, көп ойланбастан серіктес болуға ниетті екенін жеткізген.

Мұндай ақжолтай жаңалықты алғашқылардың бірі болып қала әкімінің орынбасары Данат Жумин өзінің инстаграм  парақшасында мәлім етеді.

Енді непалдық ірі бизнесмен Шымкенттегі «Happyland» отбасылық ойын-сауық кешенінің құрылысына инвестиция құймақ. Соған сәйкес, Нұр-Сұлтанда өткен ХІІ Астана экономикалық форумында Бинод Чаудхари басшылық ететін непалдық  компания, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин, «Shymkent “ӘКК» АҚ Басқарма Төрағасы Рашид Аюпов пен «Kazakh invest» АҚ арасында ынтымақтастық туралы төрт жақты меморандумға қол қойылды. Инвестиция көлемі — 60 млн доллар. Осыншама көлемде инвестиция тартылған  «Happyland»  жобасы – аквапарк, SPA & Resort қонақ үйі, аттракциондар паркі, жабық ойын-сауық орталығы, табиғат паркі және гольф-клуб секілді алты сегменттен тұратын ең ірі заманауи, отбасылық ойын-сауық кластері  болып саналмақ.

Өз кезегінде Непал миллиардері Бинод Чаудхари қонақ үйлер, азық-түлік, электроника дүкені сынды 80-нен астам компаниялардан тұратын үлкен конгломератқа ие екенін айта кетейік..