«ҚАҢҒЫБАС» ІС-ШАРАСЫНДА 15 ҚЫЛМЫСКЕР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

188
0

Елбасы өзінің халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Адамның қолайлы өмір сүруі үшін оның үйі қауіпсіз болуы керек» деген болатын. Осы бағытта Шымкентте «Қаңғыбас» іс-шарасы өтіп, 300-ден астам адам тиісті жерлерге жеткізілді.

Бұл туралы Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жедел профилактикалық «Қаңғыбас» шарасы негізінде тәртіп сақшылары белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдар, қайыршылар және басқа да құқық бұзушылар арасында қылмыстарды алдын алу жұмысын күшейтті. Полиция қызметкерлері тиісті мамандармен 322 жертөле үй-жайлары және 203 кәріз люктері, сондай-ақ, белгілі тұрғылықты жері жоқ адамдарға орналасуға ықтимал өзге де жерлерді тексерді. Сөйтіп үш күн бойына  өткен шарада белгілі тұрғылықты жері жоқ 141 қаңғыбас анықталды. Олар ішкі істер органдарына есепке қою үшін жеткізілді. Құзырлы органға жеткізілгендердің әрқайсысының саусақ іздері алынып, фото-бейне есебіне алынды. Сонымен қатар, олардың қандай да бір құқық бұзушылықтардың және қылмыстардың жасалуына қатыстылығы да тексерілді.

Мамырдың 21-23 аралығында өткізілген «Қаңғыбас» операциясы барысында қылмыс жасап бой тасалап жүрген 15 қылмыскер құрықталды. Хабар-ошарсыз жоғалған  12 азамат табылды және  аты-жөні анықталмаған 1 мәйіттің жеке басы анықталды.

Тәртіп сақшылары қаңғыбастар және қайыршылар қылмыстық мәліметтерде жиі көрінетінін, әрі олар тарапынан тек ұрлық ғана емес, аса ауыр қылмыстар да жасалатынын алға тартуда.