ТЕРМИНАЛ ОРНАТУ – ТҮЙІТКҮЛ ТУДЫРМАЙДЫ

218
0

Шымкенттегі білім ұяларында ұстаздарлдың құрал жабдығы үшін мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Бұл тығырықтан шығу үшін мектептерде терминал орнатылуда. Жомарт жандар қолдау көрсетуге ниеттенсе тап осы терминал арқылы білім мекемелеріне қол ұшын соза алады. Білім ұялары мектепті қаржыландыруға азаматтарды  осылай шақырып отыр. Мамандар қаржыны бұлайша ашық түрде терминал арқылы жинауды жемқорлықты жоюдың бірден бір жолына жатқызады.

Мұндай тың жоба қалада қыркүйек айына дейін жүзеге асады. Пилоттық жоба қаладағы №80 мектептен басталып отыр. Яғни, жоғарыда атап өткен терминал дәл осы білім ұясына орнатылмақ.

Аталған мектептің басшысы мұғалімдердің дәріс беруі кезінде қолданылатын құрал-жабдықтары үшін мемлекеттен қаржы қаралмайтынын, сондықтан да осындай амалға жүгінуге тура келіп тұрғанын мәлімдеуде. Сонымен қатар ол, терминалға қаржы салуға келгенде ата-аналардың түсіністік танытып, белсенділік көрсетіп жатқанына разылық білдірді. Осы ретте терминалға ақша салу мәжбүрлі түрде емес, риясыз пейілмен іске асатынын айта кеткен абзал. Мектеп басшысы терминалға түскен ақшаны тек мұғалімдердің мұқтаждығына ғана емес, көмекке аса зәру оқушыларға да жұмсамақ. Және де ол түскен қаржының есебі ресми түрде жүргізіліп, ашық көрсетілетінін айтты.

Мектеп директоры биылғы оқу жылында №80 мектепке бюджеттен 2 миллион теңге қаржы бөлінгенін, оның барлығы да жөндеу жұмыстары үшін игерілгенін айтты.

«Уақыт».