FLYARYSTAN – СӘТТІ САПАР КЕПІЛІ

197
0

Әуе компаниялары қанатын кеңге жайып келеді. Аптаның бейсенбісінде FlyArystan лоукостерінің алғашқы Алматы-Шымкент рейсі сәтті орындалды. Алматы-Шымкент бағыты бойынша әуежайға сәтті қонған ұшақтың лық толы жолаушыларын бастап келген «Эйр Астана» компаниясының президенті Питер Фостерді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов күтіп алды.

Қазақстандық лоукостер  FlyArystan әуе компаниясының Алматы-Шымкент бағытындағы алғашқы рейсі жолаушыларға лық толып келген. Және жолаушыларға сатылған билеттердің көпшілігі ең төменгі тарифпен, яғни, 10000 теңгеге дейінгі бағамен сатылған. Енді Алматы-Шымкент бағыты бойынша заманауи 180 орындық Airbus A320 әуе кемесі күнделікті қатынайды.

«Эйр Астана» компаниясының президенті Питер Фостер бұл айтулы жаңалық жөнінде журналистерге айтқан мәлімдемесінде «Шымкент республикалық маңызы бар мегаполис. Мен FlyArystan лоукостерінің бүгінгі сәтті қонуынан кейін жергілікті халықтың бюджеттік әуе компаниясының қызметін таңдайды деп зор үміт етемін» деген.

Ал бұл туралы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзінің инста-парақшасында оң пікір қалдырғанын айта кетейік.

Жалпы FlyArystan компаниясының оңтүстік астана мен Шымкент  бағыты бойынша жолаушыларды тасымалдайтын билет құны 4999 теңгеден басталады. Аталған бағыт бойынша компанияның ұшақтары әуеде 1 сағат 20 минут қалықтайды. Ал мегаполис тұрғындары дәл осы компанияның ұшақтары арқылы Павлодарға жету үшін билетті 6999 теңгеден бастап сатып алады. Ұшақтағы жету уақыты 1 сағат 50 минутты құрайтынын айта кетейік.

Егер жолаушылардың өзімен бірге алып жүретін жүгі 5 келіден артық болса, немесе борт ішінде тамақтанатын жағдайда онда билет құны көрсетілген сомадан жоғарылайды.  Осыған байланысты FlyArystan компаниясының өкілдері барлық жолаушыларға  flyarystan.com сайтында жарияланған тариф ережелерімен мұқият танысуды құлағдар етуде.

«Уақыт».