ФОТОКӨРМЕ ТҰРҒЫНДАРДЫ ТАБИҒАТТЫҢ ЖАУЫ БОЛМАУҒА ШАҚЫРДЫ

184
0

Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне орай  Түркістан қаласында «Адам және табиғат» экологиялық эстафеталық фотокөрмесі өтті. Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды Шараны  Түркістан облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі ұйымдастырды.

Фотокөрменің мақсаты – жасөспірімдер мен ересектердің экологиялық сауаттылығын арттырып,  олардың табиғат-анаға деген сүйіспеншілікпен арттыру.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген эстафеталық фотокөрмеде «Адам және табиғат» атты тақырыпта қоғамға ой салатын суреттер көрермен назарына ұсынылды. Бұл суреттерде адам қолымен табиғатқа жасалған қастандық, жер бетіндегі күл-қоқыстар мен өндірістік қалдықтардың жан-жануарларға тигізген зардабы арқылы көрініс тапқан. Сонымен бірге өзен-көлдердің, ауаның ластануы, өсімдік әлемінің зардап шегуі де суреттерге арқау болған.

Фотокөрмені өткізуге өңірдегі бірнеше басқарманың мамандары атсалысып, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бастамаға қолдау көрсетті.  «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркінің, білім басқармасының жауапты мамандары қала тұрғындары мен мектеп оқушыларына және колледж студенттеріне табиғатты қорғау, айналаны таза ұстау жөнінде ой қозғады. Фотокөрмені Түркістан қаласының тұрғындарымен бірге Қ.А.Ясауи кесенесіне келген қонақтар да тамашалады.

Облыс орталығы – Түркістаннан бастау алған бұл фотокөрме алдағы уақытта барлық аудан, қала көлемінде бекітілген кестеге сәйкес жалғасады.

 

uakit.kz