КӨКТАЙҒАҚҚА ҚҰЛАМАС ҮШІН…
Қылышын сүйреп қыс келді. Енді көктайғақтың болуы жиілей түседі. Абайламасаңыз көктайғаққа құлағанда түрлі жарақат алуыңыз ғажап емес.
Осылай деген Түркістан қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары, азаматтық қорғау аға лейтенанты А. Байтас көктайғақтан зардап шекпес үшін келесі ережелерді орындау аса маңызды екенін алға тартады.
Ең маңызды ереже аяқ киіміңізге көңіл аудару. Жолда жүргенде қауіпті жерлермен жүрмеңіз. Егер мұзды жерді айналып өту мүмкін болмаса, мұз үстімен шаңғышы сияқты қысқа адымдармен жүріңіз. Жолдың келесі бетіне өтетін жерлерде абай болыңыз, асықпаңыз, жүгірмеңіз. Аяғыңызды тізеден бос ұстап, табаңыңызды нық төсеп жүріңіз. Қолды қалтаға салып жүру құлау қаупін ұлғайтатынын ұмытпаңыз. Егер тайып кетсеңіз ауыр жарақат алмас үшін, жүрелеп отыра қалуға тырысыңыз. Құлаған кезде қатты соққы алмас үшін бүктетіліп, аунап түсуге тырысыңыз. Құлаған кезде қолыңыздағы заттың емес, өзіңіздің аман қалуыңызды ойлаңыз. Құлаған соң орныңыздан бірден көтерілмей, жарақат алмағаныңызға көз жеткізіп, жаныңыздағылардан көмек сұраңыз.
Сонымен қатар ол көктайғаққа арқамен құлау, шалқасынан құлау қауіпті екенін, мұндай жағдайда мидың шайқалуы мүмкін екенін ескертеді. Және жарақат алған кезде міндетті түрде жедел жәрдем қызметіне хабарласу қажеттігін қаперден шығармауды еске салады.