«ЖУСАН» ОПЕРАЦИЯСЫ СИРИЯДАҒЫ СОҒЫС ОРТАСЫНАН 400-ДЕН АСТАМ БАЛАНЫ ЕЛГЕ ОРАЛТТЫ

202
0

Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2019 жылдың басынан бастап ұйымдастырылған «Жусан» операциясының төрт кезеңін қорытындылады. Сириядан Қазақстан азаматтарын қайтаруды көздеген операцияның нәтижесінде 600-ге жуық ел тұрғындары Қазақстанға қайтарылған. Оның 400-ден астамы бала. Комитет буыны бекіп, бұғанасы қатаймай жатып, жолынан жаңылған ата-ананың қателігінен тағдыр тауқыметін тартқан сол балалардың 32-сі жетім екенін анықтаған.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Youtube парақшасында көрсетілген дерекке сәйкес, «Жусан» операциясының бірінші кезеңінде 47, екінші кезеңінде 231, үшінші кезеңінде 246, төртінші кезеңінде 71 адам елге жеткізілгені жазылған.  Осылайша, жалпы Сириядан қайтарылғандар саны – 595 азаматты құраған. Оның 33-і ер, 156-сы әйел, 406-сы бала болып табылады.

Комитет  елге қайтарылғандар барлық әйел мен бала оңалту және бейімдеу курсынан өткенін мәлімдейді. Ал  террористік ұйымдардың әрекетіне қатысқаны үшін 31 ер адам мен 12 әйел сотталған. Тағы 14 адам тергелу үстінде.

«Жусан» операциясы туралы  бұл деректі мына сілтемеге өту арқылы таныса аласыз. https://www.youtube.com/watch?v=XgrST0BSpQQ

uakit.kz