ЕЛІМІЗДЕ КАЛЬЯНҒА АЙЫППҰЛ СОМАСЫ ӨСЕДІ
Елімізде кальяны бар мейрамханаларға жаза күшейтіледі. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнар Сәрсенбаева айтты.
«Қазір кальянды мейрамханалар мен түрлі барларда ұсынып жатқанын білеміз. Бұл ретте, Мәжіліс депутаттарымен бірлесе тиісті нормаларды пысықтап жатырмыз. Әкімшілік кодекс аясында айппұл сомасын көтеру ескеріліп отыр. Сонымен қатар, жаңа нормалар енгізілмек. Яғни, қолданыстағы заңнама кальян шегетіндерге қатысты шара қолдануды ғана реттейді. Алайда рестораторларға немесе осы темекі заттарын өз нысандарында өткізетін кәсіпкерлерге қатысты нормалар қарастырылмаған. Сондықтан осы мәселелерді пысықтап жатырмыз», — деді Г. Сәрсенбаева Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл тұрғыда жаңа нормалар аясында айыппұл сомасы артып, кәсіпкерлердің жауапкершілігі күшейтіледі.