ТҮРКІСТАН: БАЛАЛАР СУИЦИДІН АЗАЙТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

164
0

Былтыр Түркістан облысында балалар арасындағы суицид көрсеткіші тиісті кезеңмен салыстырғанда 32%-ға азайған. Түркістан қаласындағы  Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-інде басталған 76 сағаттық тәжірибеге бағытталған пилоттық жоба аясында басталған курс барысында тиісті мамандар осындай мәлімдеме жасады.

Бұл туралы uakit.kz Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жасөспірімдер арасындағы өзіне қол жұмсау әрекеттерінің алдын алу, психологтарға жылдар бойы авторлар тарапынан түрлі апробациядан өткізілген тәжірибелік әдістемелермен таныстыру мақсатында басталған жаңа жоба өңірдегі мектеп директорлары мен олардың тәрбие жөніндегі орынбасарлары және психологтардың басын қосты. Оған Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің басшылығы, оқу білім ордасының ғалымдары мен Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысығы, прокуратура өкілдері қатысты. Курс барысында ұстаздар екі апта бойы әлемдік тәжірибеге бағытталған психологиялық амалдармен танысады. Жиналған мамандар мен сарапшылар осы бағыттағы ғылыми тәжірибелерімен, шешу жолдарымен бөлісті.

Түркістан облысы басшылығының тікелей бақылауындағы мәселе бойынша бірнеше бағытта нақты жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – «Бестерек» жобасы.  Оның аясында мыңнан астам педагог-психолог кезең-кезеңімен дайындықтан өтуде. Дайындықтан кейін мамандар тәуекел тобына жататын балалар мен олардың ата-аналарымен тығыз жұмыс істеп, қолдау көрсетуде. Айта кетейік, 2018 жылы облыста 106 суицид тіркелсе, оның 41-і қайғылы жағдайда аяқталған. Былтыр бұл көрсеткіш айтарлықтай төмендеді.

uakit.kz

Сурет: ашық дереккөз