ТҮРКІСТАНДЫҚ ШАРУА АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АРҚЫЛЫ КӘСІП АШЫП, ҚЫРУАР ПАЙДА ТАУЫП ОТЫР

218
0

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, Дербісек ауыл округінің тұрғыны Бақкелді Рахинбаев мемлекет тағайындаған атаулы әлеуметтік көмектің арқасында үйінен кәсіп ашып, қыруар пайдаға кенеліп отыр. Қалай дейсіз бе? Ендеше, назар салыңыз!

Бақкелді  былтыр атаулы әлеуметтік көмек арқылы 500 мың теңге алып, үйінің қонақ бөлмесіне 600 қапшық қозықұйрық ұрығын орналастырған. Алғашқы кезде аптасына 500-600 келі қозықұйрық жинап, әр келісін 1200 теңгеден өткізіпті. Сөйтіп, небары 3 ай уақыт ішінде барлық несие қарыздарын жауып тастаған. Ал қазір аптасына 300 келіден өнім алып, келісін 500-600 теңге аралығында саудалауда.

«Мен бұл кәсіппен 3 жылдан бері айналысып келемін. Алғашында өзгелерге көмекші ретінде жұмыс істеп жүрдім. Өзім ашуға қаржының жоқтығы қолбайлау болды. Кейіннен Үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек берілетінін естіп, өз кәсібімді ашуға мүмкіндік туғанына ерекше қуандым. Сөйтіп Өзбекстаннан қозықұйрық ұрығын сатып алып, өз үйімнен шағын орын аштым. Қазіргі табысым көңілге қонымды», – дейді Бақкелді Рахинбаев.

Бақкелдінің ендігі мақсаты – қозықұйрық қапшықтарының санын 3 мыңға дейін жеткізу. Ол үшін оған ылғалды жер телімі мен 3 млн. теңгедей қаржы қажет. Екі бірдей несиесін осы кәсіппен-ақ жауып тастаған ол алдағы уақытта да банктерден қарыз алуды жоспарлауда.

Бағбанның айтуынша, қозықұйрық өніміне Сарыағаш ауданында сұраныс өте көп. Тіпті Шымкент қаласынан да арнайы келісім-шарт ұсынғандар да болыпты. Осыны ескерген Бақкелді алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлік палатасына санасында сайрап жатқан бизнес идеясын ұсынып, ол жақтан да 500 мың теңгедей демеуқаржы алуға ниеттеніп отыр екен.

uakit.kz